Балалар әдебиетінің сардары – Сұлтан Қалиұлы
Оқушы кезімде біздің мектепке Ұлан, Балдырған сынды балалар басылымынан тілшілер жиі келіп тұрды. Балалармен жиын өткізіп, қызықты әңгімелерін айтып, басылым бетіне шыққан талантты балалармен таныстырып бізді де сондай үлгілі болуға құштар қылып кететін. Республикалық газет-журнал тұрмақ, Талғар газетіне суретіміз шықса, соның өзі мақтаныш еді.
Апта сайын бір рет үлкен қоңыраудың кезінде бүкіл оқушылардың жиыны өтіп, сол жерде мұғалімдер сол аптадағы мектептің жаңалығынан хабардар етеді. Спорттан, өнерден, білімнен жарысқа барып орын алып келгендер болса марапаттап, құттықтап, газет-журналға шыққан болса оқып беріп, мұғалімдеріне алғыс айтып тарқасатын.
Алғаш өлең жазып жүрген кезім. Аудандық газетке алып барам, Мұса Жәнәділов деген ағамыз бір-екі қатесін өзі түзеп шығарып жібереді. Мен мәзбін. Өзіме өлеңді сұмдық жазатын сияқты көрінем. Бірақ, мектептің ұранын, сондай-сондайларын менен бір класс жоғары оқитын Мереке Мұқан (қазір режиссер, жақында «Акимат қайда қарап отыр» деген фильм түсірді ғой деймін) деген бала жазады. Аудандық газетке шыққанның абыройы онша емес сияқты. Мектептің тең жартысы Ұлан газетін оқиды. Ұланға шыққан оқушылар танаулары көк тіреп, бізді менсінбейтін сияқты. Тіпті, мектеп кітапханасына барсаң, Балдырғанға шыққан бастауыш сыныптың оқушыларын тізіп қойған сөреге көзің түседі. Құртақандай болып алып олар да пысық. Сыныпқа кіріп барсаң тағы абырой жоқ, бір кластасың Республикалық Олимпиададан орын алып келіп жатады.
Содан, Ұлан газетін іздеп бардым. Шын айтсам, Алматыда адасып кетесің деп апам ертіп барды. Редакциясы Көкбазардың төбесіндегі биік ғимаратта екен. Сол жақтағы есікте отырған Дүйсен Мағлұмов ағамызға жөн айтып едік, бас редакторға алып кірді. Төрде, үлкен столдың басында –көзілдірік таққан, ақ шашты, жылы жүзді кісі отыр. Өзін Сұлтан Қалиұлы деп таныстырды.
Менәң өлең дәптерімді ерінбей отырып оқып шықты. Талабың жақсы екен, болайын деп тұр екенсің, -дегендей сөздерін айтып, көңілімді бір көтеріп тастады да, бір өлеңімді талдап түсіндірді.
- Өлеңді алымен он бір буыннан бастапсың, орта шенінде тоғыз, он буын қылып жібергенсің. Міне қарашы, мынау Мұқағалидың «Өлең деген тумайды жайшылықта» деген өлеңі. Он бір буынмен бастаған, он бір буынмен аяқтаған. Енді қара, мынау тоғыз буынды өлеңі, тоғыз буынмен бастаған, солай аяқтаған. Ал, енді сенің бір өлеңіңнің буынын санайық. –деп менің өлеңімнің буынын санады. Бірінші жолың сегіз буын, екіншің он үш буын, үшіншің он. Сұлтан аға ерінбей-жалықпай отырып екі сағат буынды түсіндірді. –Келесі жолы осыларды түзеп алып кел,- деп қоштастық.
Бір аптадан соң жаңағыларды түзеп қайта бардым. Осы жолы Ұланға басатын шығар деген үміт бар. Дүйсен ағаның кәбинеті ашық тұрады, ол кісіге амандасып Сұлтан ағаға кірдім. Түзегендерімді көріп. –Ой, жарайсың, бірден қағып алыпсың,-деп мақтап қойды. Қолына қаламын алып: Енді қара, өлеңің он бір буын. Бұл үш бунаққа бөлінеді. Бірінші бунақ сенде төрт буын, екінші бунақ үш буын, үшінші бунақ төрт буын, яғни үшінші бунақ - ұйқасың. Екінші жолыңды үш буынмен бастапсың, өлеңді қалай бастадың бунақтарың да солай рет-ретімен болғаны дұрыс. Енді екінші өлеңді көрейік. Осылай Сұлтан аға тағы екі сағат уақытын маған арнап бунақты түсіндірді. Біраз ақындардың өлеңінен мысалдар келтірді. Келесі аптада осыларды түзетіп қайта келетін болдым.
Жаңағылардың бәрін түзеп қайта бардым. Әдеттегідей сол жақтағы кәбинетке амандастым. Бұл жолы да апам қасымда. Мен шыққанша ол кісі күтіп отырады. Бұл жолы ұйқасымнан кінәрат кетіпті. Ағам: - Ұйқас деген кірпіштей болу керек, сен «тұрған шынар» деген сөзді «көктем шығар» деп ұйқастырыпсың, «тұрған» мен «көктем» дегенің ұйқаспай қалыпты. Төрт буынды ұйқас алдың ба, түгелдей ұйқастырсаң өлеңің де әдемі болады. Мысалы : «Тұрған шынар» дегенді «нұрдан шығар» деп ұйқасытырып жіберсек әдемі болады ғой иә?
–Иә, – деймін мен. Ол кісі он шақты апарған өлеңдерімді түзеп, қатесін көрсетіп қайта жіберді. Келесі апта тағы келетін болып кеттім.
Келесі апта тағы келдім. Өлеңдерімнен тағы қате шығып, басқа өлең жазып келуге, яғни, оданда әдемі өлең жазып келуге қайта кеттім. Осылай бір жылдай жүрдім. Барам сабақ алам, екі-үш сағат Сұлтан ағаның әңгімесін, сын-ескерпелерін тыңдаймын. Дәптер-дәптер өлең жазып тастағам. Біреуі жарамайды. Бара-бара, өзіме сенімді бола бастадым. Мынадан еш қате таппайды деймін. Бірақ, қате табылады. Ол кісі дәлелдеп түсіндіргенде, келесі жолы сізді бір таң қалдырмасам деп кетем. Бірақ, барған сайын қатем азая берді, сол қуантты. Мен барудан жалықпадым, ол кісі түсіндіруден жалықпады. Бір рет – алдында түсіндіріп едім ғой, - деп айтпады. Күліп отырып, алдында түсіндіргенін басқа қырынан қайта түсіндіреді. Қазақ ақындарынан, әлем ақындарынан мысалдар келтіріп, өмірлерін баяндап, кәдімгі сабақ өткендей болады. Қазір ойлаймын, неткен жұмсақ, сабырлы адам болған деп. Баламен өзінің досындай әңгіме айтып, баурап алатын. Ол кісі бір рет қабағын шытып, бір рет нашар көңіл-күймен қарсы алса, бір рет селсоқ түсіндірсе, мен қайтып барам ба ол жерге. Барған сайын адалдық, жақсы мінез-құлық, мейірім, шыншылдық жайлы небір мысалдар айтады. Өзінің балалық шағы туралы айтқанда әсерленіп кететін.
«Мен өскенше ата-анама тіл тигізбеуді ойлайтынмын, ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын, ешкімге қатты сөйлеп көңілін қалдырмадым. Өскеннен соң еліме сөз келтірмеуді ойладым. Әдепті болдым, көп кітап оқыдым. Қазақтың баласы білімсіз, ештеңке білмейді, кітап оқымайды деп айтпасын дедім» деп жиі қайталайтын.
Бір күні тағы екі-үш өлеңімді алып келдім. Сұлтан аға өлеңдерімді оқып, үй-ішімді сұрады. Сұрағанын айтып бердім. Ертең атаңды ертіп кел, - деді сосын. Ертесі атам екеуміз ол кісінің кәбинетінде отырмыз. Бір сәтте қағаздарын реттеп алды да, жүріңіздер деп ұзын дәліздің келесі басына бастап кетті. Бір кәбинетке кірдік, төрде Тұманбай Молдағалиев отыр. Амандасып болғасын Cұлтан аға таныстырып – Алдында сізге айтқан бала осы, болашақта ақын болам деп жүр, сіз батаңызды берсеңіз, жаман ақын болмас, -деп тоқтады. – Бір өлеңіңді оқышы, -деді Тұмааға. «Жер» деген өлең оқып бердім. – Өлеңің фәлсафа екен, қазір балалық, табиғат, мектеп туралы өлеңдер жаз, фәлсафаны есейгенде жазасың, - деп ақылын айтып батасын берді.
Сол жолы алғаш рет Ұлан газеті өлеңдерімді басты. Қуанышым қойныма сыймайды. Апам туысқандарды шақырып кіші-гірім той жасап жіберді. Ол кісілер менен ары қуанышты. Бір айдан соң үйге Атыраудан хат келді. Қосан Үбіғалиев деген сазгер ағамыз менің Ұланға шыққан өлеңіме ән жазыпты, соны нотасымен салып жіберіпті. Ол кісімен одан кейін де атам хат жазысып тұрды.
Қазір бір өлең жазсам соның тұла-бойында Сұлтан ағаның ақыл-кеңесі өріп жүреді. Ол кісі керемет ұстаз болды. Өлеңге құрметпен қарауды үйретті. Қазір сондай мейірімді, баланың ішкі әлемін түсінетін, баурап алатын жанды сағынышпен еске аласың. Үйретуден жалықпайтын Ұстаз еді!
Айбек Ережеп