Ермұхамед Мәулен: Журналистиканың өзге салаларына қарағанда спорттың бәсі жоғары

Мұндай мамандық еліміздегі басқа оқу орындарында ашылған жоқ.

Олжас Қасым

  • 14.11.2023

Елімізде салалық журналистикаға басымдық беріліп келеді.  Әсіресе, спорт бағытында журналистердің бір шоғыры қалыптасып үлгерді. Аталмыш саланың қазіргі ахуалы қандай, жас буынды тәрбиелеу ісі қаншалықты жолға қойылды. Осы және өзге де мәселелерді танымал спорт комментаторы, Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәуленмен талқыға салған едік.   


- Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев, Қыдырбек Рысбек, Дүрәлі Дүйсебайлардың жолын жалғап, спорт журналистерінің сапына қосылғаныңызға аз уақыт болған жоқ. Нарық қыспағы қатты байқалып тұрғанда, қателеспесем «Қазақ спорты» газеті, «Ала доп» сайтының үзілмей жарыққа шығуына атсалыстыңыз. Одан бері де 15 жылға жуық уақыт өтті. Өзіңіз осы салаға бет бұрғалы бері қандай оң үрдістер байқалады? Спорт журналистерінің саны артып келеді, ал сапа ше?

- Қазіргі таңда спорт журналистикасы өз алдына дербес сала ретінде қалыптасып келеді.  Елімізде   спорт бағытындағы  5 телеарна бар. «Qazsport»,  «Setanta Qazaqstan»,  «Setanta+», «Qsport», «Kzsport +» деген телеарналар жұмыс істеп тұр. Бұрынғы «Қазақ спорты» газеті әлі де шығып жатыр. Таралымы жақсы. Одан бөлек, «Bassport», «Prosports.kz» сайттары жаңалық таратып отыр.  Қазақстан бойынша 10-ға жуық спорт сайты, 100-ге  тарат спорт пабликтері бар. Оның ішінде инстаграм, телеграм, тикток-та парақшалар ашылған. Сондықтан, еліміздегі өзге салалық журналистикаға қарағанда спорт саласы  қарқынды дамып келеді. Оған себепкер болып жүрген адамдардың қатары көп. Спорт журналистикасында бағасын бас бармақпен беретін тұлғалар жеткілікті. Несіп Жүнісбайұлы, Қыдырбек Рысбектерді атап айта аламыз. Жастар арасынан желкілдеп спорт журналистері шығып жатыр. Өзім телеарна, газетте жиған тәжірибемді Қазақстан футбол федерациясында қолданып, сонымен қатар ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. 

- Біраз уақыт Qazsport, «Хабар» арналарында  редактор, комментатор қызметін атқарғаныңыз белгілі.  Бір байқағанымыз, телеарналарда комментатор жетіспей жатады. Футбол комментаторы бірде теннис, бірде бокс сайыстарын жүргізіп отырады. Бұл талай рет мәселе болып көтерілген тақырып қой. Дегенмен, комментаторлардың азшылығы қашан жойылады? Комментатор дайындау ісінің түйткілдері қандай?

- Спорт бағытындағы телеарналар ат төбеліндей аз болғандықтан, комментаторлардың да көп болмайтыны белгілі. Айталық, 1 телеарнада 7-8 комментатор бар. Жалпы, ел бойынша 5 арнада қырық шақты комментатор қызмет етіп жатыр.  Білікті мамандар көбейген сайын спорт журналистикасының, контенттің сапасы артады деп ойлаймын. Қазіргі кезде комментаторлыққа қызығатын азаматтар жылдан жылға көбейе түсуде. Бірақ, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Журналистердің ішіндегі талант иелері ғана, жоғары сапалы адамдар ғана игеретін жұмыс, қабілет деп айтар едім. Мәселен, таңғы ақпараттық-сазды бағдарламаның тізгіншісін не тілшісін  спорт арнасына комментатор қылып қоя алмайсыз.  Кешкі сараптамалық  хабар жүргізетін журналист таңғы бағдарламаны ұршықша иіруі мүмкін. Деректі фильм түсіруі ықтимал, дайджесті де, жаңалықтарды да ойдағыдай алып кете береді деп топшылаймын.  Ал бірақ комментатор болу қолынан келмейді. Ол үшін спорт саласына өте құштар, сараптай алатын, сыни көзқарасы бар адам болу керек. Ондай дарындар некен-саяқ. Сол себептен да олар аз. Кейбір әріптестеріміз интеллектуал, кәсіби спорт журналисіне мұрнын шүйіріп, менсінбей жатады. Сол «Күреңбай сыншыны» спорт жарысын тікелей эфирде жүргізуге қойыңызшы,  атқара алмайды. Сол себепті, бұл мыңның бірі ғана меңгеретін ерекше бағыт дейміз. 

-  Еуразия ұлттық университетінде алғаш рет спорт журналистері даярлана бастады. Сіздер студент болғанда мұндай мүмкіндіктер жоқ еді. Тақырға орман түзгендей халде өз жолдарыңызды іздедіңіздер. Сыйқырлы әлемге ден қойып, қызығушылық танытатын студенттер көп пе? Жалпы, бұл бағыттағы болашақ комментатор, редакторларды қалай әзірлеп жатырсыздар?

- Еуразия Ұлттық университеті Саясаттану және журналистика факультетінің ішінде Спорт журналистикасы мамандығы оқытылады. Кейінгі үш жылдан бері  спортқа маманданған студенттерді әзірлеп келеді. Оқу ордасында Спорт журналистикасына арналған білім бағдарламасы қабылданған. Бұл іргелі істі Дүрәлі Дүйсебай аға бастамашы ретінде қолға алып, бағдарламаның негізін қалаған болатын. Әлемді шарпыған пандемия уақытында ұстазымыз кенеттен дүние салған соң, бастаған жұмыс аяқсыз қалмасын деп біз де сабақ беруге кірістік. Біраз уақыттан бері оқытушы болып, дәріс беріп жүрмін. Студенттерді жан-жақты дамытып,  спорт журналистикасының қыр-сырына үйрететін тиімді жоба, бұл. Мұндай мамандық әзірше еліміздегі басқа оқу орындарында ашыла қойған жоқ.  Сондықтан, университет басшылығының игі бастамаға қолдау білдіргеніне қуаныштымыз.  Университетте спорт саласының фанаттары Мұхит Омаров, өзге де әріптестерім Әбдіқадыр Сабыр, Ардақ  Шәдет  ұстаздық етіп жүр.

- Спорт комментаторларының тіліне қатысты сын-пікір жиі айтылады. Өткенде Уәлихан Қосанбай Қайнар Олжайдың сынын естіп, тоқымын бауырына алып, бұлқан-талқан болып жатқан-ды. Мұхтар Әуезов «Ярыштан» түлеп шықса, Сәбит Мұқанов «Қайрат» командасында қазақтың тапшылығы, ауыл спортының күйінішті ахуалын жеріне жеткізіп жазған еді. Біздің ойымызша, спорт журналистерінің дені  филология, журналистика факультеттерін бітіріп келсе де  неге сын садағы соларға қалай бағытталады? Сын бекер айтылмайды ғой...

- Қайнар Олжай ағамыз бар, одан басқа да әлеуметтік желіде комментаторлардың кемшін тұстарын сынайтын жандар аз емес. Орынды сынды қабылдаймыз, білмеген дүниемізді көрсетіп отырса, оған ашуланудың жөні жоқ. Өз басым менің адресіме арналған сын болса міндетті түрде оқимын, сарапқа саламын. Одан ешкімнің бағы кеміп, абыройы түсіп қалмайды. Кейбіреулер қабылдай алмайтын шығар, мен кез-келген пікір-ұсынысқа ашықпын. Содан керек болса сабақ аламын, дамимын, көзқарасым өзгереді.  Несіп Жүнісбаев, Әлімжан Сабыржанұлы, Нұртөре Жүсіп, Арман Сқабылұлы, Қанат Тілеухан сияқты  сөздің қадір-қасиетін білетін, мықты мамандар ой-пікірін айтып, жекеме ұсыныстарын жазып тұрады. Одан өспесек, өшпейтініміз мәлім. Ешкім де идеал емес. Бұл ретте комментаторларды да түсінуге болады. Себебі, бізде анализ жоқ. Зерттеу жүргізіп, сараптама жазатын, бұтарлап талдап беретін кәсіби мамандар өте аз.  Еуропа, АҚШ-та өтіп жатқан сайыстарды жүргізгенде орысша, ағылшын ақпараттарға, материалдарға жүгінеміз. Оны өзімізде болып жатқан үрдістермен байланыстырып беру жағы кемшін түсіп жатыр. Осы тұрғыда ауыз толтырып айтарлық жұмыстар іске асады деп ойлаймын. Бір ғана комментаторлардың емес, жалпы журналистердің сөз қолданысы бұзылып бара жатқаны бізді алаңдатады. Тіпті өзіміздің мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді спорттағы жағдайлармен байланыстырып берсек, оның өзін түсінбейтін көрермен көп. Біз көрерменнің деңгейі осы екен деп төмен түсуге қақылы емеспіз. Қайта өзіміз олардың таным-талғамын көтеруге жұмыс істеуіміз керек. 

- Спорт та елдің саясаты. Өзіңіз ҚФФ-ға барғалы бас бапкермен тізе қоса отырып  футболшыларымыздың рухын көтеруге, жігерін жануға үлес қосып келесіз. Біздің ойымызша, спорттың қай саласы болсын, кәсіби шеберлікпен қатар олардың рухын алдаспандай шыңдау жағы жетіспейтін секілді көрінеді. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз? Жеңістің байрағын желбірету үшін де оны көтеретін жүректе жігер, білекте тулаған қан болуы керек емес пе?

- Дұрыс айтасыз. Біз бұл тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз. Өзім қызмет ететін Қазақстан футбол федерациясында ақпаратты түгел дерлік қазақ тілінде жазамыз. Сұхбатты қазақша береміз. Футболшылар ана тілінде сөйлесін деп кейде ауызына құнарлы сөз салып беруге тырысамыз. Стадионда қазақ әні қалықтап тұр. Жанкүйерлеріміз «Атамекенді» шырқап жүр. Бұл өзгерістер көзіқарақты көрерменге байқалып жатыр деп ойлаймын. Мұндай оң үрдіс 5-6 жыл бұрын тіпті де байқалмайтын. Қазақша сөйлеген спортшыға қазақтілді көрермен ықылас танытады, қолдау көрсетеді. Соған беттерін бұруға әрекет етіп жатқан жайымыз бар. Дегенмен жалпы спорт саласының жауынгерлерінің 100 пайыз рухы оянып, жігерін жаныдық деп айтуға әлі ерте. Бірақ, дұрыс бағытта келе жатырмыз деген пікірдемін. Ұлттық құрамамызда қазақ спортшылары көбейіп келеді. 10 жылдан соң толық қазақ тілінде сөйлейтін команда қалыптасады. Киім шешетін бөлмеге Құрманғазының «Адайын» қосып қойып, Алаш ардақтыларының қанатты сөздерін іліп, бас бапкеріміз қазақша сөйлеп, футболшыларға бата беріп, олар сол қуатты сөздерден рухтанып, команда капитаны жалынды сөздер арнап, алаңға алапат сезіммен шығатын күнге де жетеміз!  

Байланысты жаналықтар

Дзюдодан Қазақстан чемпионаты сенсациямен басталды

15.11.2024

Енді легионерлерге бюджеттен ақша берілмейді

13.11.2024

Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі қарсыласы белгілі болды

13.11.2024

Әділет Барменқұлов ҚФФ президенті қызметінен кетті

08.11.2024

Тарихи сәт! Нұрқожа Қайпанов күрестен әлем чемпионы атанды

31.10.2024

Екі қазақстандық боксшы әлем чемпионатының финалына шықты

31.10.2024
MalimBlocks
Дзюдодан Қазақстан чемпионаты сенсациямен басталды

Енді легионерлерге бюджеттен ақша берілмейді

Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі қарсыласы белгілі болды

Шавкат орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен жұдырықтасуы керек болатын

Әділет Барменқұлов ҚФФ президенті қызметінен кетті

Тарихи сәт! Нұрқожа Қайпанов күрестен әлем чемпионы атанды

Екі қазақстандық боксшы әлем чемпионатының финалына шықты