Роза Сейілхан. Әйелмін азабына көнген күліп...

Өлеңдер

Malim Админ

  • 11.08.2021

Нұр тілеп көлеңкедей күн аңсаған,

Көктемдей көңілім бар гүл аңсаған.

Мен сені ұмыта алмай қойдым десем,

Біртүрлі естілетін шығар саған.

 

Жаз ба еді, есімде жоқ, көктем бе еді,

Астасып бір-бірімен көк пен жері.

Күз өтіп, қыс та кетті бір алапат,

Көп болды бір сезімді өткергелі.

 

Әйелмін азабына көнген күліп,

Қол берем соңыма ылғи ергенде үміт.

Жолыңа қарайлаған сәттерімді,

Көп сырды өзің жайлы келгем бүгіп.

 

Жаныма талғажау ғып өлеңімді,

Дал болғам, білмей сенбес, сенерімді.

Сен кеткен жаққа қарай мен де ұзадым,

Көктеммен бірге жайып желегімді.

 

Өләра, «құсқанаты» жапты жерді,

Жаныма әппақ қардан таптым емді.

өбектеп менің әппақ арманымдай,

Ай нұры сүйіп жатты ақ кілемді.

 

***

Келіп көктем тағы да гүлге орады,

Гүлге орады, содан соң жыр борады.

Алда қандай кім білсін, күн болады?!

Көрінбейтін түр-түсі мұң да оңады,

Кімдер ұшып кетеді, кім қонады?!

Осы неге, жалған сөз шын болады?!

Келіп көктем тағы да гүлге орады,

Қағып тұрды қанатын гүл қонағы.

Алайда оны ешкім де байқамады,

Өмір, сезім жайында жыр борады.

Гүл тәріздес көбелек неткен сұлу,

Ақиқатын сол ғана айта алады.

Көбелек боп тұрмайды ол да мәңгі,

Жаны сөйтіп оныңда жай табады.

Жапыраққа жабысқан жұлдыз құртты

Кім көбелек болды деп айта алады?..

 

***

Мына жаздың басылмай аптығы тым,

Балқып барып тамады тәтті үмітім.

Құзырына бағынған аспан әні,

Түтіп тағы тастапты ақ түбітін.

 

Ақ ұлпа ма, әйтеуір, мақтадай нақ,

Атты бүгін ерекше ақ таң әйбәт.

Балаларға қызығам таза көңіл,

Ештеңеден хабарсыз жатқан ойнап.

 

Ыстығына шыдамай көлеңкелеп,

Асығады жұмысқа ел ентелеп.

Қарауылдық жұмысын атқара алмай,

Үйшігінде жатады керең төбет.

 

Кетем кейде сол итті жаман аяп,

Қояйыншы көрмей-ақ, қарамай-ақ.

Күшік еді көшенің бар баласын,

Ілестірген соңынан жалаңаяқ.

 

Көңіл қазір не түрлі жайтқа мәлім,

Мұңдылау боп шығады айтқан әнім.

Көпті көрген жандардың енді ұғамын,

«Ит өмір» деп бекерге айтпағанын

 

***

Жабықпаймын біреудің жолын күтіп,

Сөздерімнің кей жерде соңын жұтып.

Мылқау болдым бұл күні сөйлемейтін,

Түсінбеуге айналдым өмірді түк.

 

Құлқым да жоқ,

Қаласам, түсінер ем,

Сыртым бүтін болғанмен, ішім өлең.

Ешкім мені бұл жақта ұға алмайды,

Мен бір асау байлауда кісінеген.

 

Солай енді,

Жаныма жоламаңдар,

Менің нәзік жанымды тонағандар.

Қайда қалды, қайда енді сол адамдар,

Бір жып-жылы мейрімге орағандар.

 

Өзі жақын тартпаса иілмеген,

Өзгермеген өлермін күйімде мен.

Маған бақыт тілейтін бар адамды,

Көйлегімдей ұнатам киілмеген.

 

***

Өмір сүріп жүрміз ғой,

Жалғаншылап,

Қайран, төзім бәріне алған шыдап.

Үйге жетем кешқұрым

Жұмыстан соң,

Тыныштықты шын тілеп,

Талмаусырап.

 

Өмір, өмір,

Секілді сайқымазақ,

Бір шындықты шырқырап айту азап.

Мың ақиқат ішімде булығады,

Өтірікпен үйге де қайту азап.

 

Көріп тұрып,

Бәрінде біліп тұрып,

Отырасың амалсыз, күліп тынып,

Пендеміз ғой күтетін бір жақсылық,

Мың арманды жүретін үміт қылып.

 

Неге келдім, демеймін,

Келіп алып,

Сенбеу қандай десеңші, сеніп алып,

Жек көре алмай тұратын мінезім-ай,

Қылығынан жаманның жеріп алып.

 

Ғұмыр кешіп жүргенде

Жалғаншылап,

Көкейде тұр,

Жауапсыз қалған сұрақ,

Қалтыраған жанымды жылытса ғой,

Сәулесінен мың үміт тамған шырақ.

 

***

Шашым өзімдікі ме,

Қасым өзімдікі ме,

Басым өзімдікі ме,

Қорқайын дедім.

 

Дерттің амалы басым,

Жанның алаңы басым.

Аспан секілді мұңым,

Күн боп жауады жасым.

Гүл боп жауады жасым.

 

Менің жанарым емес,

Менің кескінім емес.

Тұрған айнадан қарап,

Менің ешкімім емес.

Менің ешкімім емес...

 

Алматы

Қанша жылдар өзіңнен алыстады,

Қанша жұлдыз құлады ғарыштағы,

Жанымызды қанша мұң жаныштады

Қанша тағдыр табысты, табыспады.

Тоқтаған жоқ сондада ұлы күннің,

Тежеуге шын болмайтын ағыстары.

Ауыспалы өмір ғой, ауыспалы,

Анау көше, анау үй таныс бәрі.

Қатарынан кейіндеп қалмасын деп,

Анам сонда өзіңе табыстады.

Нендей күйді бұл қала өткермеді,

Сондада өгей біреуге боп көрмеді.

Қаншама аңыз тарады ол туралы,

Қанша ақынның жүрегін от кернеді.

Сағат санап, күн санап қанат жайып,

Зәулім, әсем сарайлар көкке өрледі.

Қарсы тұрып нөсерге, жасынға да,

Төзген талай жүрегі тас ұлға да.

Пысықтарды көтеріп төбесіне,

Пана болған бұл шаһар масылға да.

Көркі баурап, тамсантқан Алматым-ай,

Арман болған жоқ па еді Қасымға да.

Бір баспана оған да бұйырмаған,

Ол баспана маған да бұйырмаған.

Алматыдан үй алсам, достар келсе,

Дастарханға тост айтып жиылмаған.

Қуаныштың көз жасын ішіп тұрып,

Айдынына сезімнің түсіп тұнық.

Алматыдан үй алдың десе біреу,

Құшақтар ем сол жанды ұшып тұрып.