Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озды
Жазушы Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озыпты. Қаралы хабарды журналист Қарагөз Смәділ фейсбук парақшасында жазды.
«Сафуан Шаймерденовтың жары Бағдат апамыздың уақыты келген екен. Иманы жолдас болсын. «Қазақ әдебиетінде» жүргенде апаларыммен көп әңгімелесетін едім. Бағдат апаның әңгімесін ықшамдап осында ұсынайын...» деген журналист Бағдат Шаймерденованың естеліктерімен бөлісті.
***
Әкемнің өте жақын бір жолдасының Нақыжан деген бойжетіп қалған, мінезі ер-азаматқа бергісіз, ақылды бір қызы біздің үйге қонаққа кеп жатқан тұсы болса керек. Әкем қасына кіл жақсыларды ертіп, шаруа жайымен ауылдан ұзаққа кеткен тұсында мен шыр етіп дүниеге келем ғой. Шешем толғата бастағаннан-ақ біздің үйге жиналған ауылдың бар қатын-қалашы нәрестенің қыз екенін көрген бойда: «Ойбай, мына пақыр тағы да қыз туыпты», – деп кіндігімді де кеспей, үй-үйлеріне тарап кетіпті. Жеті қыз тапты, ең болмаса біреуі ұл болсашы деген қырлары ғой. Дүниеге жетінші қыз болып келген менің кіндігімді ақырында үйде қонақтап жатқан қыз Нақыжан кескен екен. Біз әкемді көкем деуші едік, көкем үйге келгеннен кейін, дүниеге қыз келгенін білген соң, қалың әйелдің бірде-біреуі кіндігімді де кеспей кетіп қалғанын анам айтып береді. Көкем, әрине, әйелдермен бет жыртысып жатпайды. Сол кездегі Ақмоланың әйгілі базарына жылқы айдап апарып, бір жылқының құнын беріп, алтын жалатылған күміс шолпы сатып алып: «Қызымның кіндігін кескен жолың», – деп, Нақыжан апама әлгі шолпыны сыйлаған екен. «Көлұзақ жетінші қызының сүйіншісіне бір жылқының құнын беріп күміс шолпы алып кепті» деген жаңалық ауылға лезде тарайды. Сонда кіндігімді кеспей кетіп қалған ауыл әйелдері «сол кіндікті менің кеспегенім-ай» деп өкініпті дейтін. Көкем мені «Жеті қыздың патшасы» деп атады.
***
Біз жетінші класты бітірген жылы «соғыс басталды» деп таратты.
Біздің бала күнімізде Қарағанды – ілім мен білімнің орталығы. Ақмола – шағын кент. Кішкентай кезімізде әлдекім «Қарағандыға барып кепті» десе, Мәскеу асып келгендей құрмет көрсететін. Біріншіден, ол кездегі өлшеммен жер шалғай. Қарағандыға біздің Нұрадан жол тартсаңыз, екі күн қонып, үшінші күні әрең ілігесің. Екінші, соғыс басталған соң, Қарағандыға Ленинград, Мәскеудің зиялы қауымы шоғырланды. Соларға арнап Қарағандының қақ ортасынан жаңа қала тұрғызды. Үйлері – Мәскеуден арнайы әкелген қызыл кірпіштен соғылған. «Қарағанды көрген ғой» деп, өзгенің құрметтейтіні сондықтан...
***
Ақмолада екі мектеп: Жамбыл атындағы қыздар және Сталин атындағы ұлдар мектебі. Мен Сталин атындағы мектепке, кілең ұлға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берем. Бір жыл мектепте сабақ берген соң мені, тырнақтай қызды облыстық оқу бөліміне нұсқаушы қылып жіберді. Ол кезде «жоқ, мен бармаймын» деп айта алмайсың. Ақмоланың өзі теміржол ғана өтетін кіші қала болғанымен, айналасында ауыл көп. Бастығым біресе ана ауылға, біресе мына ауылға тексеріске жұмсайды. Мен: «Айнабеков ағай барса, сол кісімен бір жүрсем», – деймін қиылып. Жалғыз-жарым жүруге қорқасың. Ол кезде 17-18-дегі кезім. Шынашақтай қызды ауыл менсіне ме? Ал Айнабеков ағайды бәрі таниды, сыйлайды. Ол кісі С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам апайдың ағасы. Оқыған, көпті көрген жан. Ескінің жырын абайлап айтса да, елітіп әкетеді. Сол кісімен ауыл аралап, елдің жайымен, мұғалімнің жағдайымен танысып, түрлі нұсқау беріп жүрдік.
Бір жылдан кейін мені Алматыға оқуға жіберді. Әрине, әкеме жағдайды айттым. Әкем: «Балам, Алматыға барып оқу оқы. Оқысаң – төрге озасың. Оқымасаң – босағада қаласың», – деді. Осылайша Алматыға жол тарттым.
***
Бірінші Алматыдан түстік. Алматының күні күйіп тұр, төбеңді тесіп жібере жаздайды. Бекетте есек арбамен ары-бері қатынайтындар жүк тасып, ақша табады екен. Біздің ауылда түйе, жылқы бар. Есекті бірінші көруім. Қолымыздағы жүгімізді есек арбаға салып, бірнеше қыз қазіргі бірінші Алматы бекетінен қалаға қарай жаяу аяңдап келеміз. Жолай орыс арбакешке: «Күннің ыстығында жаяу жүріп шаршадық, әрі шөлдедік. Арбаға кішкене отырайықшы», – деп қиыламыз. Алайда, арбакеш: «Есегім шаршап қалады», – деп отырғызбайды. Осылайша, жаяу-жалпы, бұрынғы Калинин мен Фурманов көшелерінің қиылысына келдік. Қазіргі Опера театры ол уақытта да бар, сол театрға қарсы Орталық Комитеттің үйінде немере ағам тұрады екен. Алматыға оқуға кететінім жөнінде шешім қабылданған соң, әкем іздетіп жүріп, ағамның мекен-жайын таптырған. «Осы үйге бар да, Көлұзақтың қызы екеніңді айт», – деген. Арбакеш орысқа: «Мені осында күте тұрыңыз», – дедім де, үшінші қабатқа шығып кеттім.
***
Бұл үйдің екінші қабатында Мұхтар Әуезов тұрады. Мен баламын ғой. Мұхаң, әрине, мені білмейді, бірақ ағамды жақсы таниды. Валя жеңгей үйге дүкеннен ананы-мынаны тасып жүргенін көреміз. «Тетя Валя, сізге көмектесейін», – деймін қасына жүгіріп барып. «Жарайды, көмектесе ғой», – дейді. Қолындағы жүгін екінші қабатқа дейін көтерісіп барам. Рахметін айтып, қолыма екі-үш кәмпит ұстатады. Қарсы бетте Шара Жиенқұлова тұрады екен. Оқуға келіп жатқан алғашқы уақыт қой, жексенбі еді. Асүйдегі жеңгем мені дауыстап шақырды. Барсам: «Ана кісі Шара деген атақты биші, жүрісіне, киіміне қарашы», – деді. Шашын жиырма шақты қылып, ұп-ұсақ етіп өріп алыпты. Үстінде өзбектің шәйісінен тігілген көйлек. Үлбіреген жұп-жұқа перделерді кір жайғышқа іліп жүр. Қозғалысының өзі – би…