Жас қыздың жан айқайы және нашақорлықтың машақаты
Жас қыздың жан айқайы және нашақорлықтың машақаты
Instagram парақшасында қыз-келіншектер көпшілік жағдайда «мына мені көрдіңдер ме» дегендей жарқыратып суреттерін жариялап жатады. Онысына бүгінгі жастар қызық, не өмірді, не әлемді түсіндейді деп іштей ойлайсың. Дегенмен, өздерін өз тілдерімен айтқанда пластикалық қуыршақтай көрсететін сол жандардың арасында үлде мен бүлденің ортасында, баршылықта не кием, не жеймін дегенді білмей өссе де, ата-ана мейірін көрмей өскен, содан кеп түрлі қиындықтарды бастан кешкен жастар да кездеседі. Жиырма төрттегі жасына қарамай, 6 жыл ішімдікке салынған, 4 жыл депрессиядан шықпаған, 1 жыл нашақорлыққа түскен Сая сондай жанның бірі. Бүгінгі кейіпкеріміз Malim.kz тілшісіне есірткі тәуелділігі мен одан бас тарту, отбасында мейірім көрмей өсудің қиындығы жайында айтып берді.
Азаптың басталуы
Есірткіге елігудің себебі бірдей – психологиялық мәселелер. Өзім есірткі арқылы осы әлемнен, қоршаған ортамнан, жан-жақты проблемаларымнан қашқым келді. Шарасыздыққа түстім, өзімді түкке жарамайтын, пайдасыз сезіндім. Осылайша өзім сияқтылардың ортасына тап болдым, есірткіге салындым. Он бір жыл ішінде он рет мектеп ауыстырып, буллингті (замандастарының қысымы) бастан кешірдім. Досым болмады, ешкіммен араласып үлгерместен, мектеп ауыстырып кететінмін. Үйде тұрмыстық дау-жанжал бітпейтін. Үйдің үлкені болған соң, әкеммен ұрысып қалса, анам ренішін менен алатын. Бірдеңе дұрыс істемей қалсам деген үрей кетпеді ойымнан. Осының бәрі Саяны есірткіге жетектеп келді.
Есірткіге еліккен кезім – ең жаман күндерім. Ата-анаммен қарым-қатынасым тіпті, нашарлап кетті. Олар бірақ есірткіге тәуелділігімді білмеді, сезбеді де. Кейіе тәуелділіктен құтылған соң бір жыл өткенде ғана білді. Алайда, сол аралықта жан дүнием қаңырап қалды, оның үстіне бірдеңе бүлдіріп жүргеніңді үнемі жасыру, күйзеліс, есірткі әсерінен бөлінетін гормонның бәрі жағдайымды тіпті қиындатып жіберді.
Бір күні оянғанда есірткіге ақша жетпей қала ма деген қоқынышпен өмір сүретіндер де бар. Маған да кейде ата-анам беретін ақша жетпей жататын. Алайда тәуелді адамдардың өз ортасы бар еді: ақша болмаса бүгін біреуі қарызға, келесіде екіншісі сатып ала салады.
Нашақордың достары – нашақорлар
Алты айға жуық тәуелділіктен соң, үш айдай «мефтен» (мефедрон- синтетикалық есірткі) арылуға тырысумен болдым, бірақ бәрі сәтсіз болды. Өзіңдей нашақорлармен араласып жүріп, есірткіден құтылу қиын болды. Есірткіге тәуелді адамдардың бәрі қоғамнан оқшауланған, олардың достары тек өзі сияқтылар, яғни, нашақорлар. Сені тек осы жандар ғана түсіне алады дегенге сеніп аласың. Бірақ соңында олардан бас тартып алыстай алдым, ешқандай клиника көмегінсіз өз күшіммен жаңа өмір бастадым.
Тәуекелге бел байлар сәтте, маған қатты әсер еткені – түсімде атамды көруім болды. Ол кісі жазушы еді. «Сені неге Сая деп атағанымды әлі түсінбедің бе? Сен жан-жағыңа шуақ шашып жүруің керек, есіңді жи» деп кетті.
Ата-анаммен бетпе-бет сөйлеспедім, бірден Instagram-да пост жаздым. Үйде үлкен шу шықты, әкем тіпті жаман қабылдады. Анам қолдауын көрсетті. Әлеуметтік желіге жар салып, жазба жазып тұруым қара түнектен жарыққа шығуыма, өз болмысымды таныуға көмек болды.
Есірткіге, тәуелділікке кеткен уақыт үшін өкінем бе? Оған дейін төрт жыл күйзелісте жүрдім. Кіммін? Қайда барамын? Не істеймін? Жауабы жоқ осы сұрақтарға жауап таппадым. Осы түнектен шығуым үшін, соның соңғы баспалдағы бәлкім есірткіге тәуелді болған уақытым шығар. Бұл өзі жаман әдет болса да маған тәжірбие болғандай. Бастысы түнектен жарық саңылау тапқаным. Есін жия алмай, үміт пен сенім таппай, соңы қайғымен аяқталатын тағдырлар көп қой.
Есірткі қолданушы – реніші көп адам
Есірткі қолданатын адам – реніші көп адам. Менің жағдайымда ата-анама үлкен реніш болды. Бұл реніш бала кезімнен үлкейе берді. Ес білгелі отбасымда драма бітпейтін. Қызметі, бар жағдайы бар әкем ішетін. Үйге мас келеді, ұрыс-керіс. Осындай жағдайды көріп, өмірімде ішімдікке жоламаспын дейтінмін.
Он сегіз жасымда ата-анам ажырасып тынды. Алайда, мен бала ретінде «Сен ең әдемісің, ең сұлусың» деген сөзді естімедім. Қолдауға, қолпаштауға, мейірімге мұқтаж едім. Сонша жылдық драмаға толы өмірден соң олардың ажырасуы мен үшін ең куанышты жаңалық болды. Осы жылдар ішінде олар менің рухымды мүгедек етті.
Негізі қандай отбасыда туғанымызға қарамастан, бәріміздің ата-анамызға ренішіміз бар. Бірақ солай екен деп, өзіңді «құрбандық» позициясына қойып алу дұрыс емес екен. Бұл позицияда өмір сүру өте оңай, әрине, бар жауапкершілікті басқаларға артып қойып, жүре бересің. Бірақ өкпе-ренішті жүк етіп тасып жүріп, аяққа тұру мүмкін емес.
Қазір ата-анаммен қарым-қатынасым бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Ата-анамның тәжірбиесіне қарап, «ешқашан балама былай жасамаймын» деген сабақ та алғандаймын. Мұның өзі оларды талқыға салып, кінәлаумен бірдей. Бала өсірудің өзі – өмірлік күйзеліспен тең. Ал менің бар қиындығымның бастауы – сол әке-шешеме реніш еді. Тек сол ренішті ұмыту арқылы жаңа өмірге қадам баса алдым. Сол себепті, оларды енді сынаудан аулақпын.