Катонқарағайда өткен "Ақтанымын Алтайдың" республикалық ақындар айтысының марапаттау рәсімінде Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерманға автокөлік тарту етілді. Бұл туралы танымал Instagram парақшаларының бірі хабарлады, деп жазады Malim.kz.
Жыр додасы "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық фестивалі аясында, көрнекті ақын Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған. Еліміздің әр өңірінен келген 12 ақын қатысқан айтыста Жүрсін Ерман қазылар алқасына төрағалық етті.
Марапаттау рәсімінде Шығыс жұртшылығы қазақ айтысының дамуына елеулі еңбек сіңірген ақынға ерекше құрмет көрсетіп, көлік мінгізді. Желі қолданушылары мұны Жүрсін Ерманға деген ел ықыласы мен төл өнерге көрсетілген құрметтің айқын белгісі деп бағалады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан жұрты Жүрсін Ерман мен Аманжол Әлтайға ат мінгізген еді. Сондай-ақ Жүрсін Ерманға 75 жылдық мерейтойы аясында айтыскер ақындар су жаңа Toyota Camry 80 автокөлігін сыйға тартқан болатын.
Жүрсін Ерман кім?
Жүрсін Молдашұлы Ерман – қазақ ақыны, журналист, публицист және қазіргі айтыс өнерінің көрнекті ұйымдастырушысы. Ол 1951 жылғы 12 ақпанда Ұлытау өңіріндегі Байқоңыр ауылында дүниеге келген.
Болашақ қаламгер 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, ал 1982 жылы Алматы жоғары партия мектебін тәмамдаған. Еңбек жолын Жезді аудандық "Октябрь туы" газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. 1971-1980 жылдары Жезқазған облыстық телерадиокомитетінде аға редактор және бас редактор қызметтерін атқарды. Кейін 1982-1992 жылдары Қазақ республикалық телевизиясында бас редактор болып еңбек етті. 1992-1993 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі болды. Ол сондай-ақ "Қазақ мемлекеті" және "Қазақстан қанаты" газеттерінің бас редакторы, "Жұлдыз" журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Жүрсін Ерман көпшілікке ақын ретінде ғана емес, телевизиялық айтысты жүйелі түрде ұйымдастырған тұлға ретінде кеңінен танылды. Ол 1984 жылдан бастап жүздеген ақындар айтысын өткізіп, бұл өнерге демеушілер тартып, жас таланттардың үлкен сахнаға шығуына ықпал етті. Сонымен бірге айтыс мұраларын жинақтап, жариялау және зерттеу ісіне де үлес қосты. Оның құрастыруымен "Қазіргі айтыстар" атты екі томдық жинақ жарық көрді.
Қаламгердің "Жанартау", "Арайлы күн, армысың", "Ұлытауға бардың ба…", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр" және "Құстың көлеңкесі" сияқты жыр жинақтары бар. Оның поэзиясында туған жер, ұлттық мінез, адам тағдыры мен қоғам шындығы кеңінен көрініс табады. Жүрсін Ерман ұзақ жылдар бойы әдебиет, журналистика, телевизия және мәдениет салаларын қатар алып жүрді.
Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың екі мәрте иегері. 2019 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры атанып, айтыс мамандығы бойынша дәріс оқуға кірісті. 2026 жылы оған ұлттық әдебиет пен айтыс өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін "Қазақстанның Халық жазушысы" атағы берілді. Бүгінде Жүрсін Ерман қазақ айтысын жаңа дәуірге жеткізген, ұлттық сөз өнерінің беделді өкілдерінің бірі ретінде бағаланады.