freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Сүйінші, ағайын! Еліміздің барша мұғалімі асыға күткен қуанышты хабар мәлім болды

Білім-ғылым
Сүйінші, ағайын! Еліміздің барша мұғалімі асыға күткен қуанышты хабар мәлім болды
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда білім беру саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мақсатында ChatGPT Edu пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асыратын бұл бастама 2026 жылы шамамен 200 мың педагогты қамтымақ, деп хабарлайды Malim.kz.

Жоба мұғалімдердің күнделікті жұмыс жүктемесін азайтып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Педагогтер жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы сабақ жоспарын дайындау, тапсырмалар мен тесттер құрастыру, сондай-ақ оқу материалдарын әртүрлі деңгейдегі оқушыларға бейімдеу дағдыларын меңгереді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде білім беру жүйесін цифрландыру және жасанды интеллект енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта QazTech платформасының негізінде Ұлттық білім беру дерекқоры жаңартылуда. Бұл жүйе электрондық күнделіктер үшін бірыңғай деректер қоймасына айналып, оқушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар алдағы уақытта Ұлттық білім беру платформасын құру жоспарланған. Жаңа жүйе білім беру саласындағы барлық сервистер мен мемлекеттік қызметтерді бір платформаға біріктіреді. Бұл өз кезегінде электрондық күнделіктер жүргізуден бастап деректер мен жасанды интеллект негізінде таланттарды басқару жүйесіне көшуге мүмкіндік береді.

Пилоттық жобаның басты мақсаты – әлемдегі озық технологиялардың бірі саналатын ChatGPT жүйесін білім беру процесіне енгізу, сол арқылы оқыту сапасын арттыру және педагогтердің жұмыс тиімділігін күшейту. Сонымен қатар жоба академиялық процестерді автоматтандыру мен зерттеу мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.

Меморандум аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ChatGPT Edu жүйесінің 100 мың лицензиясы бөлінді. Олар білім беру ұйымдарының деңгейіне қарай үлестіріледі:

  • 5 мың лицензия – мектепке дейінгі ұйымдарға;
  • 85 мың лицензия – орта білім беру ұйымдарына;
  • 10 мың лицензия – колледждерге беріледі.

Жылдың екінші жартысында лицензиялар қайта бөлініп, тағы 100 мың педагогке ұсынылады. Нәтижесінде 2026 жылы жалпы саны 200 мың мұғалім жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде қолдануды үйренеді.

Жоба аясында әрбір педагогқа арнайы "ақылды ассистент" ұсынылады. ChatGPT Edu мұғалімдерге бірнеше минут ішінде сабақ жоспарын дайындауға, тапсырмалар мен тесттер құрастыруға, сондай-ақ оқу материалдарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірлеуге мүмкіндік береді.

Сабақ барысында бұл құрал күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіруге, өмірлік мысалдар келтіруге, сабақ форматын пікірталасқа, бірлескен жобаға немесе зерттеу жұмысына бейімдеуге көмектеседі.

Сонымен қатар платформа бағалау критерийлерін әзірлеуге, оқушылардың жұмыстарын алдын ала талдауға және әр білім алушыға жеке кері байланыс дайындауға мүмкіндік береді. Дегенмен қорытынды бағаны қою құқығы әрдайым педагогтың өзінде қалады.

Жоба мұғалімдердің кәсіби дамуына да жаңа мүмкіндік береді. Педагогтер заманауи оқыту әдістерін меңгеріп, оқу бағдарламаларын жаңарта алады, әдістемелік материалдар дайындап, цифрлық және жасанды интеллектке негізделген жаңа тәжірибелерді игереді.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептеріндегі директорлардың қызметіне қатысты жаңа өзгерістер жоспарланып жатқанын мәлімдеген еді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу