Мектепке білім алу үшін жіберген қызының қорланғын естіген келіншек екі күннен бері полиция табалдырығын тоздырып жүр. Айтуынша, қаршадай қызына 36 жастағы ұстазы азғындық әрекет жасаған, деп хабарлайды Malim.kz Orda.kz сайтына сілтеп.
Айтуға ауыз бармайтын сұмдықты анасы қызының мектептен келген кезінде сезгенін айтқан.
«Ағай бірінші жаныма келіп, басымды кіндігінің астына қойды деді. Қай жеріне деп едім, кіндіктің астындағы жыныстық мүшесін көрсетіп тұр. Аузыма қатты бір нәрсе тиді дейді. Одан кейін барып, шаршадың ба деп сұраған. Шаршадым дегенде, онда кел деп өзінің орнына барып, алдына отырғызып алған. Сөйтіп қызым алдына отырғызып алып, қатты бір нәрсені көтеніне тақағанын айтты», – дейді жәбірленушінің анасы.
Есін жия алмай қалған ана көмек сұрап белгілі заңгер Ләззат Рақышеваға хабарласыпты. Осыдан соң мектепке барып, бейнебақылау камераларын көтердім дейді. Әйел бейнежазбадан көргенін көзіне жас алып жеткізді.
«Міне, чатта жазып жатыр. Қызымды вальске шақырды. Сыйлық берді деп. Тағы басқа ата-аналар да сондай қылықтарын көрген. Маған ештеңе болған жоқ. Тыныш жаба салайық дейді. Менің қызым рухани жарақат алды. Ол мектепте басқа қыздар зорлыққа ұшырауы мүмкін ғой?! Жазалансын!» – дейді жәбірленушінің анасы.
Ал мектеп ұжымы болса ашуға булыққан ата-ана білім ұясына пышақ алып келді дейді. Директор мен мұғалімге де қол көтеріп, арашалағандарын айтады. Әрі сабақ беретін педагогтің ондай азғындыққа барғанына сенбейді. Сөздерінше, бәрі де жабылған жала.
«Компьютердің бір нәрсесі тимей қалуы мүмкін. Жасалып жатқан жұмысы істелінбей қалғандықтан ол кішкене өкпелеп, ренжіп қалды. Оны ағай барып жұбатты. Жұбатып, құшақтап, арқасынан қағып... Біздің видеода көргеніміз «ол қыздың ашуы басылмағандықтан, алдына отырғызып, өзінің компьютерінен көрсеткен. Ол жерде арам ой болған жоқ. Ұзақ та отырған жоқ. Санына отырды. Ол жерде жеткен ақпарат қандай болғанын білмеймін. Ер азамат болған соң оның қалтасында кілт те, телефон да болады», – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Шымкент мектебінде болған жайтқа қатысты қазір тергеу басталып қылмыстық іс қозғалған.
«Аталған құқыққа қарсы әрекетті жасады деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда жедел-тергеу тобы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді іс-шара жүргізіп жатыр. Бейнебақылау камералары жазбалары зерделеніп, куәгерлер мен өзге де тұлғалардан жауап алынып жатыр. Барлық уәждер тексеріліп, жиналған материалдар мен деректер жан-жақты талданып жатыр», деп мәлімдеді Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.
36 жастағы мұғалім бұл мектепке 4 жыл бұрын орналасқан екен. Екі баланың әкесі қазір уақытша жұмыстан шеттетіліпті. Ал жәбірленушінің анасы оны жұмыстан қуылып қана қоймай, бас бостандығынан айыруды талап етеді.