Шымкентте қаңтар айында қасіретті жағдайда көз жұмған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қырық күндік асы берілді. Қаралы жиынға туған-туыстары, жақындары мен көңіл айтушылар жиналды. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желідегі жазбасында отбасына бұл күннің қаншалықты ауыр тигенін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
"Бүгін Нұрайдың 40 күндік асы өтті. Жап-жас, нәзік қыздың қырқына көп адам келіп, көңіл білдірді. Бізден бұрын да, кейін де жасы келген кісілердің жылдық асын беріп жатты. Солардың арасында қаршадай қыздың қырқын беру өте ауыр екен. Жүректі езеді", – деп жазды ол.
Сұлтан Серікбай кінәлі деп танылған адамның өмір бойына бас бостандығынан айырылуын күтіп отырғандарын айтты.
"Енді өсіп келе жатқан гүлді тамырымен бірге жұлған адамды өмірбақи бас бостандығынан айырды деген үкімді күтеміз", – деп толықтырды ол.


Қайғылы оқиға қалай болды?
Қайғылы жағдай 2026 жылдың 11 қаңтары кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болған. Полиция мәліметінше, күдікті қызбен таныс болған. Бейнебақылау камераларында Нұрайдың қашуға тырысқаны, алайда ер адамның оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақтағаны көрінеді. Қыз алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Күдікті екі күннен кейін, 13 қаңтарда ұсталды. Оған үш бірдей бап бойынша айып тағылды:
- 125-1-бап – "некеге тұруға мәжбүрлеу";
- 115-1-бап – "сталкинг";
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – "аса қатыгездікпен адам өлтіру".
Марқұмның туыстарының айтуынша, бұл қылмыс бір күнде туындамаған. Олар 28 жастағы ер адамның өткен жылы Нұрайды алып қашып, ата-анасының үйіне апарғанын айтады. Қыз некеге тұрудан бас тартқан соң, отбасы оны қайтарып алған. Осыдан кейін де күдікті тарапынан қоқан-лоқы тоқтамаған көрінеді. Жақындары полицияға бірнеше рет қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрап жүгінгенін алға тартады.
Президент мәлімдемесі
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, ел деңгейінде талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты пікір білдірді. Ол қыз өлімі бүкіл елді дүр сілкіндіргенін атап өтіп, жауапты органдарға құқықтық баға беруді тапсырған.
Президент қалыңдық ұрлау, адам ұрлау сияқты әрекеттерді "дөрекі әрі жабайы қылмыс" деп атап, мұндай қатыгездікке жол беруге болмайтынын айтты. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға істі мұқият тексеруді тапсырғанын жеткізді.