Шымкент қаласының шенеуніктері «Ордабасы» футбол клубы жекешелендірілгеннен кейін де футболға 1,8 млрд теңгеге жуық мемлекеттік қаржы жұмсамақ. Бұл туралы КазТАГ жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметке сәйкес, тапсырыс беруші – Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы. Лот атауы – «Спорттық клубтардың қызметтері».
Қосымша сипаттамада: «2026 жылғы маусымға футбол командаларының дайындығы мен қатысуы үшін клубтық қызмет көрсету» деп көрсетілген. Жоспарланған сома – 1 864 224 138 теңге.
Конкурс 17 ақпанда жарияланған. Өтінімдерді қабылдау 20 ақпанда басталып, 27 ақпанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, конкурс «Ордабасы» футбол клубының жекеменшік басқаруға өткендігі туралы хабар жарияланғаннан кейін бір күн өткен соң жарияланған.
16 ақпанда «Ордабасы» клубы ресми түрде жекеменшік басқаруға өтетінін мәлімдеген болатын. Келісімге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы қол қойған. Компания атынан құжатқа Шахмұрат Мүтәліп қол қойған.
Меморандум мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жасалған. Құжатта жеке инвестиция тарту, нарықтық басқару моделіне көшу және заманауи корпоративтік басқару стандарттарын енгізу көзделген.
Сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңғырту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру негізгі бағыттар ретінде белгіленген.
Еске салсақ, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт командаларын толықтай мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырудың орынсыз екенін айтқан еді. Оның пікірінше, басымдық бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балалар спортына берілуі тиіс.
Ал 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауында мемлекет басшысы футболды коммерцияландыру үдерісін жалғастыру қажет екенін мәлімдеген болатын.