Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Талапты алып тастау": Сүйінші! Еліміздің бас педагогы мұғалімдер асыға күткен хабарды жеткізді

Білім-ғылым
"Талапты алып тастау": Сүйінші! Еліміздің бас педагогы мұғалімдер асыға күткен хабарды жеткізді
gov.kz. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау тәртібін қайта қарауға кірісті. Осы мақсатта министрліктің бастамасымен салалық нормативтік құқықтық актілерге кешенді талдау жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтер енгізілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің жазуынша, бұған дейін ұстаздар министрдің қабылдауында болып, білім беру саласында қабылданған кейбір бұйрықтардың бір-біріне сәйкеспейтініне және педагогтерге артық әкімшілік жүктеме түсіретініне назар аударған. Осыған байланысты жаңа жұмыс тобы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің заңнамаға сәйкестігін, өзара қайшылықтарының бар-жоғын құқықтық тұрғыда зерделемек.

Министрлік педагогтік қауымдастықпен бірлесе отырып, нормативтік базаны заман талабына сай жаңғыртуды көздеп отыр. Талдау барысында цифрландыру талаптарына басымдық беріліп, құжаттардың ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар педагогтер мен білім беру ұйымдары үшін түсініксіз немесе артық формализм тудыратын талаптарды оңтайландыру жоспарланған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жұмыс тобының басты мақсаты – педагогтермен кері байланысты күшейтіп, барлық ұсыныстарды ашық талқылау.

"Біз он негізгі бағыт бойынша барлық нормативтік құқықтық актілерді қамтитын талдау жүргіземіз. Оның нәтижесінде нақты ұсыныстар пакеті әзірленеді. Әр бағыт бойынша қорытындылар келесі жылдың ақпан айында бөлек-бөлек талқыланады", – деді министр.

Жиын барысында педагогтер аттестаттаудан өткізу қағидаларын қайта қарау мәселесін де көтерді. Әсіресе, аттестаттау кезінде педагогтерден авторлық бағдарламалар әзірлеуді талап етуге қатысты ұсыныстар көп түскен.

Қазіргі таңда "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі – республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және оны практикада қолдану. Бұл бағдарламаларға республикалық деңгейде сараптаманы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы сараптамалық кеңес жүргізеді.

2025 жылы Республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырған. Соның 303-і мақұлданып, 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілген. Бұл әрбір екінші ұсынылған жұмысты толықтыру қажет екенін көрсеткен.

Министрдің айтуынша, авторлық бағдарламалардың басым бөлігі мазмұндық және техникалық талаптарға сай келмейді. Сонымен қатар мұндай талап педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсауға және формализмнің артуына себеп болған. Мақұлданған бағдарламалар тізімі академияның ресми сайтында жарияланғанымен, олардың білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайтыны да атап өтілді.

"Аттестаттау талаптары педагогтің нақты кәсіби нәтижесіне бағытталуы тиіс. Формалды құжат айналымын қысқартып, мұғалімнің шығармашылық әлеуетін ашуға және кәсіби шеберлікті әділ бағалауға мүмкіндік беруіміз қажет", – деді министр жұмыс тобы мүшелеріне.

Алдағы уақытта «педагог-шебер» санатына қойылатын талаптардан авторлық бағдарламаларды әзірлеу алынып тасталып, оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін нақты бағалауға және оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға бағытталған баламалы тетіктер енгізу жоспарланып отыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу