Мамыр айында Украина Ресейдің мұнай нысандарына кемінде 30 рет шабуыл жасады. Бұл – Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылығы басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар Украина қарулы күштері Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) кемінде 16 соққы жасаған. Ресейдегі ең ірі 10 мұнай өңдеу зауытының 8-і шабуылға ұшырады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі екі тараптың жария мәлімдемелері негізінде жүргізген жеке есебіне сілтеме жасап хабарлады.
Украина шабуылдарының салдарынан мұнай өңдеу көлемі азайып жатқандықтан, Ресей жанармай тапшылығына тап болуы мүмкін. Қазіргі уақытта мұнай өңдеу көрсеткіші соңғы 16 жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен. Сонымен қатар жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты жанармайға сұраныс артып келеді.
Bloomberg агенттігі OilX талдау компаниясының бағалауына сүйеніп, мамыр айында Ресейдегі орташа мұнай өңдеу көлемі тәулігіне 4,58 миллион баррель болғанын жазады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәулігіне шамамен 700 мың баррельге немесе 13 пайызға аз. Сондай-ақ бұл көрсеткіш 2009 жылдың қазан айынан бергі ең төменгі деңгей болып отыр.
Сәуірде Ресейдің мұнай саласына кемінде 21 шабуыл жасалған
Bloomberg сәуір айында да Украинаның Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасаған шабуылдарының саны 2025 жылдың желтоқсанынан бергі ең жоғары деңгейге жеткенін хабарлаған болатын. Соның салдарынан мұнай өңдеу көлемі тәулігіне 4,69 миллион баррельге дейін төмендеп, 2009 жылдың желтоқсанынан бергі ең төменгі көрсеткіш тіркелді.
Сәуір айында Украина қарулы күштері Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына, теңіздегі мұнай нысандарына, соның ішінде экспорттық терминалдарға және құбыр инфрақұрылымына кемінде 21 рет шабуыл жасаған. Шабуылдар кемінде тоғыз мұнай өңдеу зауытына бағытталып, олардың бесеуі өндірісін толық немесе ішінара тоқтатуға мәжбүр болды.
«Укринформ» агенттігінің мәліметінше, сәуір айында Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына қайта-қайта соққы беру стратегиясына оралды. Бұл тәсіл нысандарға барынша көп залал келтіруге және оларды қысқа мерзімде қалпына келтіруді қиындатуға мүмкіндік береді.