Атырау қаласында бұрынғы полиция басшысы Бақытбек Исаевқа қатысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Атырау қалалық Полиция басқармасының экс-бастығы Бақытбек Исаев тергеу изоляторына қамалды. Оған қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізілуде.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тергеу қылмыстық істерде заттай айғақ ретінде тіркелген есірткі заттарына байланысты болуы мүмкін.
Дереккөздердің хабарлауынша, бұл іске шамамен 17 адам қатысы бар. Олардың қатарында қылмыстық істер мен айғақ заттармен жұмыс істеген полиция қызметкерлері де бар.
«Күдіктілер қатарында облыстық есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев пен департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Саламат Қалиевтің есімдері де аталады», - деп хабарлайды дереккөздер.
Алайда аталған тұлғалардың нақты процессуалдық мәртебесі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Бақытбек Исаев 2024 жылдың мамыр айында Атырау қалалық полиция басқармасының басшысы болып тағайындалған. Бұған дейін ол Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Істің нақты мән-жайы мен күдіктілерге қатысты құқықтық баға кейін белгілі болады.