Астана, malim.kz. Жамбыл облысы Қазақстанды стратегиялық маңызы бар негізгі химия өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, өңір 2025 жылы экономикасы тұрақты өсім көрсеткен. Биыл облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9%, ал 10 ай ішіндегі қысқамерзімді экономикалық өсім 109,8% деңгейінде қалыптасқан.
Негізгі салалар бойынша келесідей өсім байқалды:
- өнеркәсіп – 17%,
- ауыл шаруашылығы – 3,1%,
- құрылыс – 18,8%,
- тұрғын үй құрылысы – 1,7%,
- сауда – 0,5%,
- көлік – 2,9%,
- байланыс – 9,4%,
- негізгі капиталға инвестиция – 38,3%.
Жыл басынан бастап Жамбыл облысында 1,1 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылған. Өнеркәсіп өсімі бойынша өңір республикада 3-орында, ал өңдеу өнеркәсібінде 5-орында. Өндірістің 63%-ы өңдеу секторына тиесілі.
Облыс бірқатар химиялық өнімдер өндіруде ел бойынша көш бастап тұр. Өңірде Қазақстанда өндірілетін:
- натрий триполифосфаты,
- натрий цианиді,
- аммофос,
- сары фосфор
- өнімдерінің 100%-ы, сондай-ақ қант өндірісінің 40%-ы шығарылады.
Биыл аталған салаларға 203,8 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл былтырмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 1,5 есеге өсіп, 270,4 млн долларға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республикада 1-орынды иеленіп отыр.