freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

«1,3 метр шұңқыр қазған»: сотта Жаңгелдиндегі отбасы өліміне қатысты тың мәліметтер жарияланды

Оқиға
«1,3 метр шұңқыр қазған»: сотта Жаңгелдиндегі отбасы өліміне қатысты тың мәліметтер жарияланды
Видеодан кадр

Атырау облысында Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысы өтіп жатыр. Сот барысында прокурор қылмыстың қалай жасалғаны жөніндегі тергеу нұсқасын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сот отырысында Атырау облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқып, Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты ауыр айыптардың мән-жайын баяндады.

Тергеу дерегіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев пен оның бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиев арасында балалардың тұратын жеріне байланысты келіспеушілік туындаған. Айыптау актісінде Сәрсемалиев Мұқанғалиевке балалардың ата-анасының үйінде тұрып жатқанын, сондай-ақ қала жағдайында олардың күтіміне қатысты мәселелер бар екенін айтқаннан кейін екі арада жанжал басталғаны көрсетілген.

Алайда бұл мәселе шешімін таппаған. Кейін Наурыз Мұқанғалиев мәселені бетпе-бет сөйлесіп шешу үшін Атырауға келетінін айтқан.

2025 жылғы 14 мамырда ол Атырауға келіп, Сәрсемалиевпен байланысқа шыққан. Екеуі Бейбарыс даңғылы бойындағы теміржол вокзалында кездесіп, туындаған мәселені талқылаған. Бірақ бұл кездесуде де ортақ шешімге келе алмаған.

Прокурордың айтуынша, Сәрсемалиев Мұқанғалиевке олардың ауылға толық көшіп келмегенін, отбасының заттары мен киімдерінің жалдамалы пәтерде тұрғанын және кейін қайтадан Атырауға көшуді жоспарлап отырғанын түсіндірген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сәрсемалиев Мұқанғалиевке жағдайды өз көзімен көру үшін үйге баруды ұсынған. Мұқанғалиев келісіп, екеуі бірге үйге барған.

Үй ішінде ер адамдар әңгімесін жалғастырғанымен, тағы да ортақ мәмілеге келе алмаған. Кейін сөз таласы төбелеске ұласқан.

Айыптау тарабының мәліметінше, осы сәтте Сәрсемалиев өзінің физикалық тұрғыдан әлсіз екенін түсініп, қасақана адам өлтіру туралы шешім қабылдаған.

«Жанжал барысында Сәрсемалиев өзінің Мұқанғалиев Наурыздан физикалық тұрғыдан әлсіз екенін және оған лайықты қарсылық көрсете алмайтынын түсініп, қасақана кісі өлтіру туралы шешім қабылдаған», – делінген айыптау актісінде.

Осыдан кейін ол асүйге барып, пышақ алған. Кейін төбелес кезінде Наурыз Мұқанғалиевтің іш тұсына бірнеше рет пышақ жарақатын салған.

Алған ауыр жарақаттардың салдарынан Мұқанғалиев оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу материалдарына сәйкес, бұдан кейін Сәрсемалиев қылмыстың ізін жасыруға әрекет еткен. Прокурордың мәліметінше, ол түнде үй ауласынан күрек алып шығып, қоршаудың оңтүстік-батыс жағынан шұңқыр қаза бастаған.

Таңғы сағат үштер шамасында тереңдігі бір метрден асатын, ені шамамен 80 сантиметр болатын шұңқыр қазылған.

Бұдан кейін, айыптау нұсқасы бойынша, Сәрсемалиев қаза болған адамның қалталарын тексеріп, оның жеке куәлігін, «Қазпошта» банк картасын, құны шамамен 50 мың теңге болатын Samsung A21 телефонын және 3 мың теңге ақшасын алып кеткен.

Содан кейін ол мәйітті үйдегі кілемге орап, алдын ала дайындалған шұңқырға апарып көмген.

Сотта айтылған мәліметтерге сәйкес, кейін Сәрсемалиев Мұқанғалиевтің атына мобильді қосымша арқылы 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген.

Сонымен қатар бірнеше күннен кейін ол марқұмның телефонын пайдаланып, WhatsApp арқылы Насип Үтешқалиеваға хабарлама жіберіп, 350 мың теңге аударуды сұраған.

Тергеу мәліметінше, ақша такси қызметін көрсететін адам арқылы алынған. Кейін жүргізуші терминал арқылы қаржыны Наурыз Мұқанғалиевтің нөміріне аударған.

Іс материалдары бойынша, бұдан кейінгі оқиғалар 2025 жылдың қараша айында Жангелдин ауылында жалғасқан.

Соттағы мәліметтерге сәйкес, Сәрсемалиев жұбайымен және қыздарының бірімен ауылға барған кезде отбасы мүшелері арасында жанжал шыққан.

Айыптау нұсқасы бойынша, ол аулада шаруамен жүрген Нәсіп Өтешқалиеваны байқап қалып, алдымен оған пышақ жарақатын салған.

Одан кейін қайын атасы Мақсот Қарабалинге шабуыл жасаған.

Прокурордың айтуынша, қылмыстың ізін жасыру үшін Сәрсемалиев қора ішінде шамамен 1 метр 30 сантиметр тереңдікте шұңқыр қазып, мәйіттерді сонда көмген. Оның үстін линолеуммен жапқан.

Айыптау тарабының мәліметіне қарағанда, кейін қораға кірген Мақсот Қарабалинге де бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Ауыр жарақат салдарынан ол сол жерде көз жұмған.

Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемалиевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша, сондай-ақ ұрлық, алаяқтық және банк карталарын жымқыруға қатысты баптармен айып тағылып отыр.

Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сот процесі ашық режимде өтуде. Істі судья Зарема Хамидуллина жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін қаза тапқан азаматтардың қызы әрі туысы Ақбаян Мұқанғалиеваның қылмысқа қатысы жоқ екені хабарланған болатын. Сонымен қатар күдіктінің бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу