Соңғы жылдары Азия-Тынық мұхиты өңірі заңсыз мигранттар үшін ең қауіпті аймақтардың біріне айналған, деп хабарлайды Malim.kz.
2025 жылы көші-қон бағыттарында шамамен 8 мың адам қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы БҰҰ жүйесіне кіретін Халықаралық көші-қон ұйымының (МОМ) өкілі Мария Мойта мәлімдеді.
«2025 жылы әлем бойынша шамамен 8000 мигрант қауіпсіз жерге жету немесе жақсы өмір сүру үшін сапарға шыққанда қаза тапты немесе жоғалып кетті», - деді ол Женевадағы БҰҰ кеңсесінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Азия-Тынық мұхиты өңірі заңсыз мигранттар үшін ең қауіпті бағыттардың біріне айналып, өлім-жітім саны рекордтық деңгейге жеткен. Оның ішінде жүздеген рохинджа мұсылмандары мен ауған азаматтары қаза тапқан.
«Бұл көрсеткіштер алдын алуға болатын трагедиялардың алдын алудағы ортақ дәрменсіздікті көрсетеді», – деді ол.
Мария Мойта көші-қон бағыттарына түсетін қысым азаймай отырғанын, ал миграциялық жолдар үнемі өзгеріп, түрленіп отыратынын атап өтті.
2025–2026 жылдары жаһандық көші-қон жаңа кезеңге өтті. Бұл үрдіс тек дәстүрлі экономикалық факторлармен ғана емес, сонымен қатар қарулы қақтығыстар, климаттың өзгеруі және жұмыс күшіне деген сұраныстың артуымен айқындалады. Қазіргі таңда миграция көбіне ерікті таңдау емес, өмір сүру қажеттілігіне айналып барады.
БҰҰ өкілінің айтуынша, қақтығыстар, климаттың өзгеруі, еңбек ресурстарына сұраныс және мемлекеттердің қабылдап жатқан шаралары адамдардың көшу бағыттарын өзгертіп жатыр.