Ақын Марфуға Айтқожинаның өлеңдері
Марфуға Айтқожина 1936 жылы 25 тамызда Қытай Халық Республикасының, Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа қаласында дүниеге келген. Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
СОҒАДЫ ЖҮРЕК
Нұр күлкісі жүзінен айықпаған,
Отыр жалғыз теңселіп қайықта адам.
Бәйек болып ерке өзен келе жатыр,
Толқын-толқын құшағын жайып маған.
Келе жатыр желкілдеп толқын жалы,
Кеудемді жаңа күймен толтырғалы.
О, дариға, жалт беріп жалын атып,
Жүрегім де осылай толқыр ма әлі.
Тынар ма толқын үні гүрсілдеген,
Соғады жүрек қатты дүрсілдеген.
Оттан ыстық жастықтың құшағында,
Балқып кетпей сен қайтып тұрсың, денем.
БІЗ ЕКЕУМІЗ
Отты көздің жанарынан аумаған,
Егіз қайың сияқты едік екеуміз.
Ақжал толқын сияқтанып аунаған,
Жетелесіп бірге өскен екенбіз.
Жақындамай не бір жақсы досымдай,
Сен дегенде ет жүрегім езілген.
Шалғай кеткен жол сияқты қосылмай,
Екі жақта өртендік-ау сезіммен.
Қыз жүрегін өзің едің күлдірген,
(Жүрген бала ек кеше ғана секіріп).
Махаббаттың өкінішін кім білген,
Жыр толғаймын есейгенде өкініп.
Талай көздер екеумізге сұқтанған,
Жырық үйдің жабығынан нұр сынып.
Сол пәк сезім жүгіріп талай шықты алдан,
Жалт бергенмен бұл опасыз тіршілік.
Отты көздің жанарынан аумаған,
Егіз қайың сияқты едік екеуміз.
Ақжал толқын сияқтанып аунаған,
Жетелесіп бірге өскен екенбіз.
КӨЗ ТІГІП
Елеңдеп сенің жолыңды күттім,
Қайтқанша ұзақ сапардан.
Өртеген жанды
Жалынды жұттым,
Тереңде тыншып жатар ма ән.
Көз тігіп келер күңдерге сонау,
Одан да кейде жұбаныш таптым.
Күндерде күткен –
Сағыныш мол-ау,
Бір үміт алда үзілмей жаттың.
Өртейді жалын,
Толқиды сағым,
Сезім – құйын,
Үйіріп шаңын.
Өтеді-ау осынау қызықты шағым,
Бұлт болып көшті сағыныштарым.
Бақыт қой, жаным,
Сағыну, аңсау,
Бәрі де демеу көңілге қамсау.
Тоғышардың тоқ жүрер көңілі,
Қашан да көрсең,
Бас аман, мал сау
Елеңдеп сенің жолыңды күттім,
Қайтқанша ұзақ сапардан.
Құпиясы мол сағынышты ұқтым,
Қалмай да жүрсең қатардан…
СЫРЫМДЫ АЙТАМ
Сенен өзге –
Жақынды мен таппадым,
Содан болар шаужайыңа қақпадым.
Сұлу аттай сүзілдіріп жалынды,
Ертелі-кеш бір өзіңді баптадым.
Сенен өзге –
Жақынды мен таппадым,
Жалынбадым, басқаға мұң шақпадым.
Күтіп келем бір өзіңнің жолыңды,
Күтіп келем, атар таңның әппағын.
Сенен өзге –
Жақынды мен таппадым,
Бұл өмірдің кезіп жүріп соқпағын.
Өлеңдерім, жан серігім, жақыным,
Тұтата бер шабыттардың шақпағын.
Сен көгерсең –
Бірге көктеп, өнермін,
Сен қурасаң –
Мен де бірге сөнермін.
Сенен өзге жанға берер сертім жоқ,
Не көрсетсе –
Өзі білсін келер күн.
Сенен өзге –
Жақынды мен таппадым,
Үнсіз қалсам іздедің сен, жоқтадың.
Берілсем де кейде құрғақ қиялға,
Бір өзіңе –
Тиянақтап, тоқтадым.
СҮЮ ҮШІН
Жүрегім бар сүю үшін жаралған,
Соғады ұдай жалын алып жанардан.
Төңіректен әнге, күйге малынып,
Тоғысады бір өзінде бар арман.
Сол сезеді тәттіңді де, ащыны,
(Емес, сірә, бұл өмірдің қашқыны).
Түймедей боп тұрғанменен кеудеде,
Бір өзінде өмірдің өр тасқыны.
Өзі емес пе, өзгеге тіл қататын,
Өзі емес пе, түн боп қалғып жататын.
Өзі емес пе, самал боп сыбырлап,
Өзі емес пе, аппақ таң боп ататын.
Кейде асау, тулап-тулап кетеді,
Тәкаппар ғой, кейде мазақ етеді.
Бұл кеудемде соғып тұрса ұдайы,
Жалыны да, жылауы да жетеді.
КҮНДЕР ҚАЙДА
Күндер қайда кешегі от көрінген,
Гүлдер ыққан құшаққа кеші қандай.
Көзіңді жұмып, аттап өткеніңмен,
Мен оны отыра алман есіме алмай.
Аспан да жарқыратып жұлдыздарын,
Самал жанды кететін айықтырып.
Түн пердесі түсіріп құндыз қалың,
Шақыратын құшағын жайып тұрып.
Серуендеп кеш болса шығатынбыз,
Алдымызда кең дала алаң ашық.
Көрінсе үлкен кісі ығатынбыз,
Екеумізді от сезім ала қашып.
Бақтар бізді сағынып, біз бақтарды,
Кәусар сырлар көңілге құйылатын.
Қыдырумен атқызып күзгі ақ таңды,
Таң нұрымен жүзіміз құбылатын.
Көл бетінде қалатын толқын күліп,
Самал келіп сыбырлап өпкенінде.
Қайран күндер сағымдай толқып жүріп,
Адастырып кетіпті-ау өткелін де.
ЕСІҢЕ АЛ
Есіңе ал, мұңайған сол шақтарыңды,
Есіңе ал тұнып қалған бақта гүлді.
Еріксіз әсем кеткен есіл күн–ай,
Шағайын әкел бермен шақпағыңды.
Жылдар–ай, өтсең–дағы ойнақтатып,
Қалқисың ғой таңдайда қаймақ татып.
Мана тұрған жарық ай төбедегі,
Кетті ол да тұңғиыққа жайлап батып.
Қырлар–ай, көсілдірген сәйгүлікті,
Салдырған ба шын асау жай құрықты.
Бұлқынған асаудайын қайран көңіл,
Бұл күнде әр нәрседен шайлығыпты.
Сан рет тарқатылдым, ширатылдым,
Сан рет шайқалдым да сырға тұндым.
Дауылыңнан екпінді, еңселеткен,
Тебірендім, теңселдім, ырғатылдым.
Көк жиек шалғайы көз бұлдыратқан,
Қайда әлгі күміс күлкі сыңғыр қаққан.
Келе жатыр көп күткен арманымдай,
Қағып тастап қабағын мөлдір ақ таң.
САҒЫНЫШ ТАМШЫЛАРЫ
Көп–ау жандар арманына жетпеген де, жеткен де
Өмір құшқан ақын жаны лапылдаған от кейде.
Гүл атқызам ақ арманды көктеменің өзіндей,
Өр теңіздің өзі берген тасқыны бар тек менде.
Жан емеспін көрген әсте бұл тағдырдан жасқанып,
Жаңа бір ән әсем, асқақ кетті-ау тағы басталып.
Жібек сезім желпиді кеп көңілдің көк орманын,
Биік құздар қалғиды онда ақ бұлттарын жастанып.
Мың сан бұлақ өз тұнығын кеудеме әкеп құлатқан,
Арай таңның шұғыласын оранып мен гүл атқам.
Толастасам іздейсің сен, көрмесем мен сағынып,
Әнің бе едім,
бұлбұл таңдай қайырғанша құмартқан.
Жымыңдатып жұлдыз көзін
жаудырайды түнгі аспан,
Сыр шертеді сыбдырласып ақ қайындар тынбастан.
Балқып кетіп гүлбақтардың махаббатқа құшағы,
Бұл түндері бұлақтар да пәк сезімді жырласқан.
Жалт береді үркек сезім қырдан елік қашқандай,
Төгіледі нәзік бір үн күй пернесін басқандай.
Қадірі де болмас еді-ау бізді құшқан бақыттың,
Сағыныш толы жүректердің кірпігінен жас тамбай.
Беу, сағыныш, тәттіңнен де
ащың көп – аумен ішкен,
Сағыныш жанға от маздатар, сағынбасқа келіспен.
Қуанышқа болар ортақ айта берсек әркімдер,
Жақсы-ау жанды жадыратып,
сағынышты да бөліскен.
Атқан таңдар құшағынан күмбірлейді күй өріп,
Бұл күндері түсіме де жүрсің, рас, жиі еніп.
Саған деген сағыныштың, қалқам, тіптен шегі жоқ,
Түрегелем сағыныштың тамшысына сүйеніп.
Тәкаппар шың тым алыстан көрінген,
Әлде сен бір қорғасындай төзім бе ең.
Әлде сен бір періште ме ең тағдырың,
Өн-бойыңды сиқырлаған сезіммен.
Әлде сен бір шықпай жүрген түсімнен,
Мені үнсіз табындырған күшім бе ең.
Әлде сен бір жанармысың мөп-мөлдір,
Ләззатыңды бас тартпайтын ішуден.
Әлде сен бір мен шыға алмас биік пе ең,
Қашан–дағы биіктікті сүйіп те ем.
Әлде өзің болармысың, махаббат,
Жалыныңнан өте-тұғын күйіп мен.
ҚИЫЛА ҚАРАП АРТҚА…
Жүрекке –
Жанарынан от жандырып,
Жаныңды –
Жымиғаны шаттандырып.
Қиыла артта қарап қалса шіркін,
Қимас қалқаң аулынан аттандырып.
Жанарын –
Жанған оттай шоқтандырып,
Сенің де –
Өзегінде шоқ қалдырып.
Қиыла қарап артта қалса шіркін,
Жаманат, жат көздерден сақтандырып.
Қимас дәурен –
Осынау шақтар қызық,
Ұсынады –
Раушанын бақтар да үзіп.
Арынды менің асау, күндерім–ай,
Жастықтың базарымен жатқан қызып.
Іздерінен –
Құйындай шаң боратып,
Қыз дүниені
Көркіне сан қаратып.
Жас жүрегі дамылсыз жанады екен,
Армандар кеудеде аппақ таңды оятып.
Жолында –
Жаудырап қап паң қарашық,
Назына –
Жарқын жүз бен жан жарасып.
“Барса келмес” махаббат аралында,
Дариғай-ай, қалар ма еді мәңгі адасып.
Жүрекке –
Жанарынан от жандырып,
Жаныңды –
Жымиғаны шаттандырып.
Қиыла қарап артта қалса шіркін,
Қимас қалқаң аулынан аттандырып.
КЕЗДЕСУЛЕР
Кездесулер қандай қызық
өтсе-дағы талай жыл,
Есте жүрер ұмытылмас,
ұмыт болар қалай бұл.
Көңіл шалқып, жаның балқып,
мәз боласың балаша,
Оң жағыңнан туғандай-ақ
шалқалаған жаңа ай бір.
Кездесулер қандай қызық
жыл құсындай оралған,
Ұялатар көңіліңе –
тәтті қиял, мол арман.
Тебірентпей ме, толқытпай ма
сол бір сәтте жаныңды,
Мөлт етіп бір тамып түскен
ып-ыссы жас жанардан.
Кездесулер қандай қызық,
қандай қызық әсерлі,
Өтіп кеткен сонау шақты
көз алдыма әкелді.
Арманды да оралтты ғой
тасаланған біздерден
Еркелейін, өртенейін
жанарыңды аш енді.
Кездесулер қандай қызық,
өтсе-дағы талай жыл,
Есте жүрер ұмытылмас,
Ұмытылар қалай бұл,
Көңіл шалқып, жанын, балқып
Мәз боласың балаша,
Оң жағыңнан туғандай-ақ
Шалқалаған жаңа ай бір.
Жамандарға не дауа,
Болса егер ақылсыз.
Жақсыларға не дауа,
Болса егер батылсыз.
Батырларға не дауа,
Болса егер құралсыз.
Жезтаңдайға не дауа,
Өмір кешсе бұла әнсіз.
Бақыттыға не дауа,
Шын бақытты ұқпаса,
Қыран құсқа не дауа,
Шығандап ұшып шықпаса.
Арсыздарға не дауа,
Жақсылық бойға жұқпаса.
Сабылып барып не дауа,
Сағынып досың шықпаса.
Ажал шалып жығады,
Қас дұшпаның жықпаса.
Көлеңкеде өр көңіл,
Деп тілеймін бұқпаса..