Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері

Жұматай Жақыпбаев (1945-1990) - Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында туған. Журналист. Ақын. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.

Malim Админ

  • 23.07.2024

О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін

«О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,

Қайғырса, қанатсыз емес кім?!

Бірақ та жынданып кететін

Мен саған Мәжнүн емеспін!»

Бала күнгі өлеңнен.

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,

Мойныңа жұқа алқызыл шарф байлар ап,

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,

Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.

Қарадың солай, қарадың солай, обал не,

Қарамадың ба,жоқ әлде?

Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай содан көп…

Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп,

Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа,

Батырлығым өз басыма пәле болар деп.

Ойладым солай, ойладым солай, обал не,

Қате ойладым ба, жоқ әлде?

Қуаныштан күліп, ойым бір шалқып билемек,

Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.

Қап-қара шашты бала ақын болып тұр екем,

Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.

Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім,обал не,

Болмайын ба, жоқ әлде?

Көкпар

Адуын қайсар мінез, темір білек,

Шыдамай кей жігіттер шайқас тілеп.

Додаға тайсақтамай тез кірсін деп,

Ысқыртып атты бұтқа алды білеп.

Қағысып астындағы жылқы малы,

Көкпарға тебініп жұрт ұстылады.

Тақымға орай басып тартқан кезде

Көк еті көк серкенің жыртылады.

Жұлқынып пырақтар да күш қылады,

Келгендей ту аспанға ұшқылары.

Сатырлап сауырынан қамшы тисе,

Тұлпарлар тұяқ тіреп ышқынады.

Жігет пе атқа топты жарғызбаған,

Әнеки, көкпар кетті андыздаған.

Дүркіреп тартып берді қуып соны,

Қала ма мұндай кезде қан қызбаған.

Жайлаудың айқай басып ойы, көгін,

Бұл көкпар алып кетті той ілегін.

Пысқырып адам өлсе қарамаған,

О, көкпар, өр халқымның ойыны едің.

Дода боп әдет жанды қысты ма екен,

Қасиет қанға сіңген ыстық екен.

…Көкпарда қазақ өзін сынайтұғын,

Әйтпесе, тышқақ лақ ныспы ма екен?!

Ләйләң қайда?

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп күн,

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп түн.

Дүниенің көріп жүрген күллі елін

Көрдім маған күннің қатты күлгенін.

Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп:

«Сені тосып жүре ме ол, - деп, - үлбіреп?!»

Құшағы бар аялайтын аялы,

Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды.

Аяды кеп, аялады күлмеді,

Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені:

«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп,

Күлкілі боп жүрісің де бақыт», - деп.

Аямайтын күн болып кел – бәрібір,

Аялайтын түн болып кел – бәрібір.

Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,

Қайыспастан қара жерше сүйемін.

Өзі жайлы ойланғасын туғалы

Өзі жайлы ойланғасын туғалы
Өлең жолы болғандықтан қуғаны,
Өмір жайлы ойламайтын ақын аз,
Ойламайтын өлімі де туралы.

Армансыз жан көгере ме көктей ме?
Көз алдында жүрген мынау көп бейне
Ақынымыз, ардағымыз кетті деп,
Ойланады жылар ма екен деп кейде –

Сапарына аттанғанда ақырғы,
Жоғалттық деп қайта тумас ақынды.
Қабіріме қандай белгі қояды ел,
Қай көшеге береді деп атымды?

Қайтқамын жоқ қайда жүрсем бір беттен,
Жоқ мені өмір жөкей де еткен, дүр де еткен.
Дәме етпеймін мен ешқандай жоқтаудан,
Дәметпеймін мен ешқандай құрметтен.

Кетер күнім... Келер, келер ол дағы,
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі.
Сол бір кезде жан баласы жыламай
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны.

 

Байланысты жаналықтар

«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

06.11.2024

Матаев мектебі

01.11.2024

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

31.10.2024

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

14.10.2024

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

10.10.2024

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

10.10.2024
MalimBlocks
«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

Тележүргізуші денсаулыққа мән беру керектігін еске салды.

Матаев мектебі

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

Дина Төлепберген кітабына күйеуі туралы тың ақпарат жазған

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

Гүл Зарқұмар (1974 - 2022) – 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан Жүректегі жүзік атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазады. 2022 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

Алмас Темірбай (1979 жылы 22 қаңтарда туған, бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Ортақ ауылы) – ақын, жазушы, журналист. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.