Мұқағали Мақатаев өлеңдері

Ақын Мұқағали Мақатев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.

Malim Админ

  • 01.06.2024

Тағдырмен бетпе-бет
Хабар жоқ саған кеткен елшілерден,
Ей, Тағдыр!
Сөйлесейік, келші бермен.
Қаншама соқпақтарға бастасаң да,
Сенімен сөйлесуді ерсі көрмен.

Білесің бе?
Мен саған бағынбаймын!
Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!
Көлденеңдеп жолымда тау боп тұрсаң.
Мен мұнартқан басында сағымдаймын!
Сондықтан да жібер деп жалынбаймын.

Неге жаның ашымай тірі адамға,
Неге сала бересің бұралаңға?
Өз тағдырым - өзіме ана емес пе ең,
Жұбатпайсың неге сен жылағанда?
Жақсылықтың қимайсың қалдығын да,
Қарғысың ба, қалдырған жарлығың ба?
Мен дегенде жыландай жиырылып,
Керісінше істейсің барлығын да...



Мінe, тағы ашу келіп, алқымыма тығылды
Мінe, тағы ашу келіп, алқымыма тығылды,
Ақылымның есігінен аттай бере жығылды.
Көлдей тұнық көңіліме қоқыс тастап лайлап,
Кей пенделер қайнатады-ау, қайнатады-ау зығырды.


Інім айтса бас изедім, ағам айтса қош көрдім,
Жанның бәрін жатырқамай, жақсы дедім, дос көрдім.
Араларын ажырату мұншама ауыр болар ма,
Адалдық пен арамдық деп аталатын қос белдің.
Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын,
Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын.
Адалсың ба, қолынды бер, сенен тәлім алайын,
Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын.
Арым, міне, сүттей аппақ алдыма кеп жылап тұр,
Жаутаңдаған жанарында жалғыз ғана сұрақ тұр.
Өмірдегі адамдықты, адалдықты теріп ал,
Қалғандарың құлан жортпас құла дүзге лақтыр!

Өмір жайлы

Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Жесір келін, бір нәресте көрмеген,
Жетім шалды бала орнына тербеген.

Өмір жайлы не түсінем мен деген...
Өмір жайлы сұрай берме сен менен.
Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,
Өміріне кегі кеткен, өлмеген,
Жалған айып таңылғанда көлденең,
Ақиқаттың аппақ туын бермеген.

Содан сұра, содан сұра өмірді,
Нені көрді, нені сезді, не білді.
Heгe ақылды ақымақтан жеңілді,
Біреу жылап, біреу неге көңілді?
Содан сұра, содан сұра өмірді!!!


Өмір сүрейік алмасып

Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң
Мен қайың, бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?

Көрінер,мүмкін, кімге ерсі...
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.

Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.

Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым - Адаммын.

Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың -
Құрдасы келер заманның.

Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе мәңгі кеткенім.
Сендегі: семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.

Жапырақ-жүрек, жас қайың!
Жанымызды айырбастайық?
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық.

Өмірге-өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып,
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып...

Байланысты жаналықтар

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024

АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ

21.08.2024

АҚЫН ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024

Жамбыл Жабаев өлеңдері

25.07.2024

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдері

25.07.2024
MalimBlocks
Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Белгілі ақын Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы қараша айының 20 жұлдызында Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Үрімжіде қайтыс болды. Ол поэзияға жаңа леп әкелген тұлғаның бірі. Ақынның шығармалары 1960 жылдардың басында «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сол кездегі әдеби қауым таңғалысқан деседі. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі бар. Бүгін оқырман назарына 1993 жылы бұрынғы бағытынан да басқа мәнерде жазылған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ

Сағи Жиенбаев 1934 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Әдеби ортада мөлдір де сырлы лирикаларымен ерекше бағаланған. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жазушы» баспасында қызмет еткен. Оның «Карлығаш», «Сыйлық», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Менің көршім», «Кайырлы таң», «Ақ толқын», «Оркиік», «Алтын қалам», «Жадымдасың жас күнім», «Әлия», «Оймауыт», «Қуралай салқыны», «Бозторғай», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар», «Нан мен тұз», «Жер құдіреті» т.б. жыр кітаптары жарық көрді.

АҚЫН ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Ғафу Қайырбеков 1928 жылы 15 тамызда Торғай өңірінде дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Ол Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы» баспасында, «Жұлдыз» журналында еңбек етті. «Дала қоңырауы» (1956) поэмасы, «Жер астындағы жұлдыздар» (1965), «Қанатты жылдар» (1973) сияқты жинақтарын, «Беласар» атты қос томдығын оқырман қауым ілтипатпен қабылдады. Орыс пен әлем ақындарын, жазушыларын қазақша аударды.

Жамбыл Жабаев өлеңдері

Жамбыл Жабайұлы 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл тауы маңында дүниеге келген. -22 маусым 1945 жылы 22 маусымда Алматы қаласында өмірден озған. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау.

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдері

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Қошалақ ауылында туған. 1983 жылы 22 қарашада дүниеден озған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының авторы, көрнекті ақын, журналист, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.