ЖАН УІЛІН ЖАЗҒАН ШАЙЫР
Жаңа стиль қажеттіліктен туындайды. Айналаңызға қараңызшы, форма да, мазмұн да өзгерген. Ендеше, әдебиеттегі стильдің жаңармауы мүмкін емес. Қасиетті қара өлең «күпі» кимеуі керек, оған шекпен де сән бола бермейді…
Менің көз алдыма қаланың таныстығы мен бейтаныстығының ортасында қиялы сенделген көшпенді әулет ұлдарының бейнесі жиі келеді. Бір сәт Cіз де назар аударып, бажайлап көріңіз, мәртебелі оқырман! Көшпенділер өркениеті қирады. Көшпенділер тым аз ғана уақытта тұрмыс-тіршілік дағдыларының мүлдем басым бөлігінен бас тартып, отырықшы өмір салтына іркес-тіркес көшті. Бұл олардың соңғы көші іспетті еді. Мәжбүрлі һам беймәлім бағыт. Енді осынау беймәлім әлемге амалсыз мойын ұсынған буыннан кейін қандай ұрпақ дүниеге келеді? Әкесі – көшпенді, баласы –қалалық. Далаға барса қаланы аңсамақ, қалаға барса даланы аңсамақ тұтас буын. Осынау дүрбелеңі күшті, екіұдай сезім – бұл ұрпақтың мәңгілік жан уілі.
Ен даланы еркімен дүбірлетіп жүрген Қобыланды бір ұйықтап көзін ашқанда, астындағы жансерігі тайбурыл жоқ, өзі қақшиып Астанадағы Бәйтеректің түбінде тұр. Бұл – жәй ғана қазақ кешкен мыңдаған ұзынды-қысқалы процесстердің ең ықшымдалған көрінісі ғана. Ал, сезімі…
Бізге поэзия құдіретін түйсініп, бір сәт сұлу да қамырықты сезімге шым бату үшін бақытсыз болудың қажеті шамалы. Өлең – адаммен бітеқайнасқан әуен, болмыстың ішінде тумыста бар мазмұнның нәрі. Адамнан бұрын сөз болған деп, адам мен қасиетті сөздің арасына алшақтық салған «Библияның» аятына келісе алмаймын. Егіз деген сөзден гөрі, біртұтас деген дәл. Мұны мен жақсы өлең оқығанда анық сезінем. Жақсы өлең – адам мүмкіндігін айшықтап, жан сарайын жарқырата көрсететін тұма бұлақ.
Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Түн.
Шойын рельстер тыншыған.
Тыншыған дүниенің көкірегін қарс айырып,
Перронда ән айтты бір сыған.
Ғажап картина! Картина болғанда үні бар. Әдетте адам қайнап, у-шуға бөгіп жататын вокзал – Алматы вокзалы түнгі тыныштықпен тым-тырыс мүлгіп тұр.
Мұнда келетін тарауланған жолдар көп. Сол жолдармен сансыз қиырға сапарлайтын адам онан көп. Демек, қалыпты тыныштық емес. Мәжбүрлі, шарасыз тыныштық. Адам баласы мұндай тыныштықты тек қабылдайды, оған үйрену мүмкін емес. Вокзал атырабының атмосферасы осы күйде, өлең бізге осы күйді мұз сүңгісінен өткен сәуледей нәзік нақышта сезіндіреді. Өлеңмен бірге тұңғиыққа шөгіп, сөзбен бірге жаңағы шарасыз тыныштықтың шүңетіне батып бара жатқанда, кенет… ән дауысы естіледі. Егер Сіз автор Талғат Ешенұлының поэзиясымен таныс жан болсаңыз бұл арадағы әнді еш ойланбастан «блюз» деп елестете алатыныңызға сенімдімін. Тым-тырыс ауаны дірілдетіп, баяу тербелген әуен вокзалдағы шарасыз тыныштыққа тұншыға бастаған аураны бұзып, бірден шалқып көкке ұшады. «Уһ!» деуге болатын алтын сәт.
Әнші сығанның кім екенін білмеймін. Өлең ішіндегі күй иесін танимын.
Мен қалаға алғаш келгенде сол дулы вокзал қарсы алған. Ондағы толастамас дауыстар кеніші мен құжынаған адам құйынына тап болып, есімді жия алмай абдырап тұрып қалғанмын. Күтіп алуға келген досыңды тани алмай, мең-зең қалыпта абдырап қалғаным әлі жадымда. Адам мұндай кепке қалай тсүеді? Сол вокзалда одан кейін де жүз мәрте болған шығармын, бірақ алғаш көрген сәтімдегідей ауыр әсер сыйлаған емес. Қалаға бой үйреніп, бұрыш-бұлыңында, көше-көшесінде із қалтырып, естеліктерге жарыған шақта қаладағы жалғыздықпен бетпе-бет келуге тура келеді.
Жалпы, жалғыздық адамды таңдамайды. Жалғыздықты адамның өз таңдауы шақырады. Поэзия – ежелден жалғыздықпен үндес, мұңдас. Қазақтың ауылдан келген қара домалақ ұлының ішінде қалаға келген соң қаншама іш қайнатар майдандар жүретінін межелей аламыз. (Мұнда, қала ешкімге бөтен болудан қалған жиырмасыншы ғасырдың ортасынан басталған бүгінгі дәуірді айтып отырмыз.) Анығында, құндылықтар, көзқарастар арпалысы көбінесе мифтік құдайлар соғысына ұқсайды және ол адам қанша білікті болған сайын соншалықты үдемелі боларын ойласақ, жаңағы таңдаудың да орынды екенін байқаймыз. Қабылдаймыз. Жалғыздықтан өзге серігің болмасын түсінебей тұра алмайсың. Құдды өлеңдегі вокзал секілді.
Ән айтты бір сыған, көңілімді босатты –
Аққудың дауысы сыңсыған.
Көзімнен шым-шымдап ып-ыстық жас ақты,
Жас деймін, өртеген мұң шығар?!
Өртеген мұң шығар – жанымның у-балы,
Бөлісіп ішуге кім шыдар?
Кім шыдар?
Ойладым мен өзің туралы,
Кімді ойлап тұр екен бұл сыған?
Жоғарыда айтып өткен бір дәуірдің жыры осылай болуға тиіс. Қауға басы адасқақ, қадамы зіл жандарға арналған, солардың көкірегінде қоздай жанған оттың мұңды әуені осы. «Ұлы қаладағы блюз».
Өлең – жаңа. Біз оқып жүрген көп өлеңнен мүлдем өзгеше. Хайдеггердің «Тіл жиегі – таным шегі» деген сөзі бар.«Тіл – болмыстың ұясы» деп айтқан да осы Хайдеггер. Ешенұлы поэзиясы – қазақ өлеңіндегі тілдің жаңа қырын, поэзия тілінің жаңа әлемін ашқан поэзия. Ауыр, ауыр да болса таныс; жеңіл, жеңіл де болса мәнді; көркем, көркем де болса бөтен машық.
Бәрі түсінікті екеніне бәсім жоқ. Тек бұл бөтен машық туралы ой қорытпай өту де қиын тағы. Әдетте, жаңа стиль не үшін керек болатыны туралы көп айтамыз. Себеп аз емес. Жаңа стиль қажеттіліктен туындайды. Айналаңызға қараңызшы, форма да, мазмұн да өзгерген. Ендеше, әдебиеттегі стильдің жаңармауы мүмкін емес. Қасиетті қара өлең «күпі» кимеуі керек, оған шекпен де сән бола бермейді… Дәстүрлі өлең формасы, дәстүрлі сөз саптау өнері қажет емес деген сөз жоқ мұнда. Жиырмасыншы ғасыр адамзат құндылықтарының шетінен қопарылған дәуірі. Жұртпен қатар бұл процесс қазақта да жүрді. Әлі жүру үстінде. Мұндай кезеңде адам баласы да дараланады. Қоғам мен жеке адам арасындағы байланыстың сипаттары да өзгереді. Мызғымас құндылықтарға деген сенім де әлсірейді. Адамдар түпкі құндылықтарды сақтап қалу үшін және оны қайталай жандандыру үшін жаңа машықтар, жаңа ойлау формаларын көптеп жетілдіреді. Түпкі құндылық – қазақ тілі, қазақ тілінде жасалған мәдениет. Қазақ тілінде жасалуға тиісті мәдениет. Ешенұлының бөтен машығының мен сезінген бірінші мәні осы. Ал екінші мәні – қазақ пен қаланың, қазақ пен қазіргі дәуірдің арасындағы байланыс атаулының тілдегі шындығы.
Зәредей пафос жоқ. Мұнда шынайылық пен қарапайымдылықтың өзгеше өрнегі бар.
Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Мұңға құл – бір қазақ, бір сыған.
… Дерт алған әсершіл жүректі қарс айырып,
Беу, ғұмыр, бір күні тыншығар.
Өте сәтті шыққан өлең. Естуден жалықпайтын нәзіктігі мен биіктігі қабысқан мұңды блюз секілді. Мүмкін, бір сәтке автордың жүрегіне көшіп, Алматының өзі жазған жыр шығар…
Сан тарау жолдар табысқан Алматы вокзалының қазірге дейін ең жанды суреті жазылған өлең осы. Жаңа машықтың үлгілі эксперименті де осы. Алматыны жырламаған ақын, Алматы туралы майлы бояуын сөйлетпеген суретші, Алматы туралы әуен тудырып, ән жазбаған, ода арнамаған сазгер-композитор аз шығар қазақта. Алматыда өмір сүрген, жастық шағы өткен кез келген өнер адамының ішінде қаланың ғажап панорамасы болмауы мүмкін емес. Бірақ Алматының кескін-келбетін дәл осы өлеңдей айшықтаған туынды жоқ сияқтыдай көрінеді маған. Осы алып шаһардың күзгі жаңбырлы кештерінде әлдебір барда отырып, блюз тыңдағың келеді. Сосын Талғат Ешенұлының «Алматы вокзалын» оқығың келеді.
Арман ӘДІЛБЕК, ақын