Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатының үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржыны қола медальмен толықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, жұбаныш кезеңі арқылы үшінші орын үшін таласқа түскен Айдар Арапов (-90 кг) Ханчжоуда өткен Азия ойындарының чемпионы Эрлан Шеровты (Қырғызстан) жеңді.
Қазіргі уақытта Ұлттық құраманың еншісінде құрлық біріншілігінде бір алтын және үш қола медаль бар. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 4-орында келеді. Бүгін ҚР ұлттық құрамасының үш балуаны қола жүлде үшін күреседі.
Кеше ҚР ұлттық құрамасынан Әділет Алмат Азия чемпионы атанса, Абылайхан Жұбаназар жүлдегер атанды. Сонымен қатар, әйелдер арасында Есмигүл Куюлова үшінші орынға тұрақтаған еді.