Өзбекстанның Самарқанд облысында әкесіне алимент төлеуден жалтарған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық мәжбүрлеп орындату бюросы хабарлады, деп жазады Malim.kz.
Kun.uz мәліметінше, ел заңнамасында ата-анасына қарасу – кәмелетке толған балалардың тікелей міндеті. Паярық ауданаралық азаматтық сотының шешімі бойынша, борышкер Э.Х. әкесіне ай сайынғы табысының 50 пайызын алимент ретінде төлеуі тиіс болған.
Алайда ол бұл міндеттемені саналы түрде орындамаған. Мемлекеттік орындаушылар бірнеше рет ескерту жасаса да, борышкер алимент төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін іс сотқа жіберілген.
2025 жылғы 1 желтоқсанда Ақдария аудандық соты Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 47-5-бабының 1-бөлігі негізінде Э.Х.-ға 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Айта кетейік, Отбасы кодексінің 109-бабы бойынша, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз әрі көмекке мұқтаж ата-аналарын материалдық жағынан қамтамасыз етуге міндетті.