Біріншілік бел ортаға жетті
Екі жыл бұрын екінші лигада, былтыр бірінші топта өнер көрсеткен «Арыс» аяқастынан Қазақстан премьер-лигасына жолдама алып еді ғой. Алғанда да, жоғарғы топтағылар қатары күрт өсетін болып, былтыр бәйгеден екінші келген «Арыс» шақырту алды. Әбдіхалық Бөрібаев секілді жергілікті бапкерге сенім артқан аудан орталығының командасы табан астында тұтас облыстың намысын қорғайтын болып шықты. Түркістанда жаңа стадион салынғаны мұндай жақсы болар ма, «Арыс» «Тұранға» айналып, әлгі алаңда өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Бірден еліміздің бірнеше дүркін чемпиондарымен сынға түсіп, тең тарқасты. Көбі футболды емес, суы іркіліп қалатын алаңды сөгіп, стадиондағы олқылық талайға дейін тілші біткенге тақырып болғанын да білесіздер. Ал «Тұран» өз бетімен өмір сүрді.
Жоқ, оларды еркіне жіберген ешкім жоқ. Қайта жаңбырлы күнгі ойынды өз пайдасына шешті дегенді айтып, айып тақты. Тағы да сол маман біткеннің таңдайына татыған сөз – ақпай қалған су, жақпай қалған стадион. «Астана» екі рет алға шықса да, жаңбыр әсерінен жеңіске жете алмапты. «Тұран» да екі гол соқты ғой. Таңат Нөсербаев пен Мардан Төлебек белсеніп. Оны қаперге алған ешкім жоқ. Бірінші турда орынсыз сынға ілінген соң, «Қайсармен» ұпай бөлісті де, «Тұранның» салы суға кетті ме, Түркістан облысының командасы талайға дейін ұпай ұстанбады. «Қайраттан» тас-талқан ұтылды. Өз алаңында «Таразға» есе жіберді. «Каспийді» жеңіп тұрып, тең түсіп қалды.
«Тобыл» Қостанайда бес гол соқты. «Атырау» да «Түркістан Аренадан» олжалы қайтты. Сарапшылар бас бапкерді орнынан күнде алады. Тіпті «Тұранға» Вахид Масудовты жетектеп «апарғандар» бар. Бірінші топтағы «Мақтааралды» баптайтын Вахид Юнусұлы «Қызылжардың» жастарымен ойнаған күні Масудов енді Қазақстан премьер-лигасында жұмыс істейтіні жайында айтылды да. Алайда ертесі ел күтпеген шешім шықты. Шешім қабылдаған – өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев. Командамен кездесуге келген облыс әкімі Әбдіхалықты әбден мақтаған секілді. Шынында да, ол мақтауға тұратын маман. Өзіңіз ойлаңызшы, қазақтың қай баласы ауданнан команда құрып, премьер-лигаға алып шықты? Қоржыны орталау еді, қаржы жағынан. Әлгі алыптар оңай шақырып алатын ойыншылардың тым болмаса телефонын теретіндей қауқары болмады. Футболды баяғыда қойып кеткен Таңат Нөсербаев пен бірде әнші, келесі күні асаба болып жүрген Стэнли Нкобиге күні қарауы тойынғандықтан емес қой енді.
Бөрібаев жергілікті жастарға сенім артты. Жастар басында жігерлі көрінсе де, мықтылармен ойнауға бірден бейімделіп кетпеді. Екінші лигадан бірінші топқа, одан ҚПЛ өту оңай дейсіз бе? Бәлкім, қобалжыды. Ойыны өрге баспады. Нәтиже сұйылды. Содан кейін ғой, өңір басшысы өзге жұмысты бір сәтке ысырып қойып, «Тұранды» іздегені. Әкімнің жоспарын ешкім топшылап үлгермесе керек. Бөрібаевты орнынан алуға келді дескендер табылды. Алайда кездесудегі әңгіме мүлде басқаша өрбіді. «Тұран» келесі турда Шымкентте ұлттық біріншіліктің үздік үштігіне ілінуден дәмелі «Ордабасыны» оңай ұтты. Оңай дегенде, отызыншы минутта Темірлан Әміров есеп ашып, қонақта, одан кейін қорғаныста тас бүркеніп жатып алды. От алып кетсе, опырып ойнайтын әдеті ме, келесі турда өз алаңында «Қызылжарды» жеңді. «Астана Аренада» Қарағандының «Шахтерінен» басым түсті. Бір қызығы, қатарынан үш матчта да қарсыластарын 1:0 есебімен ұтты. Он екінші турда сәл тоқырап қалды ма, «Ақжайықпен» тең ойнап тұрып, есе жіберіп қойды. Алайда Ақтөбеге үлкен жігермен келді.
Он үшінші турдың бірінші жарыс күнінде «Ақтөбенің» апшысын қуырды. Жиырма екінші минутта Шынболат Мақсымхан есеп ашты. Екінші таймның басында Таңат Нөсербаев есепті еселеді. Матч тартысты өтті. Алаң иелері де жанын салды. Бірақ «Тұранды» тұсай алмады. Түркістан облысының командасы он үш кездесуден кейін 15 ұпай жинады. Бесінші орында тұрған «Қызылжар» екеуінің арасын небары екі ұпай бөліп тұр. Екі аттаса жетіп алатындай. Қазақ бапкері де қанжығасын майлай алатыны бізді шат қылады. Біріншілік бел ортасына енді жетті. Бөрібаев және оның командасына босаңсуға әлі ерте.
Ал, «Қайсар» тағы ұтылды. Бұл жолы сырт алаңда. Көш соңында қалып қойған «Жетісудан». Енді турнир кестесінің ең соңғы сатысына өздері орналасты. 13 кездесуден кейін небары 7 ұпай жинап. Талдықорған командасы да 7 баллды қанағат тұтуда. «Қайсарға» дейін «Таразды» жеңді. Педро Эуженио екінші минутта есеп ашса да, жетісулықтар жасыған жоқ. Артем Дмитриев, Габриэлб Энаке және Айбар Жақсылықов соққан голдар есебінен маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Сол екпінмен «Қайсарды» да сабасына түсірді. Бұл ойын 2:0 есебімен аяқталды. Алдымен Адам Адахаджиев гол соқты. Екінші таймда Әділ Аслан есепті еселей түсті. «Қасқыр» деген лақап аты бар команда болашағы бұлыңғыр тартты. Сұлтан Әбілдаевтің шәкірттері тур сайын ұпай жоғалтады. Өткенде өз алаңында «Астанадан» тас-талқан ұтылды. Есеп – 2:5. Енді «Жетісуға» шамасы келмеді. Шама келу қайда, қарсы шабуыл ұйымдастыруға да дәрменсіз екен. Команда жанкүйерлерінің уайымы көбейді. Жардың бойын жағалап «Қайсар» жүр.
Қазақстан футбол біріншілігінің бірінші айналымы «Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойынмен тұздықталды. Матч өте тартысты өтті. Сегіз ойыншыға ескерту жасалса, ойын кезіндегі тайталасты көзге елестету қиын емес шығар. Ал қарсыластар бірін-бірі ала алмады. Есеп – 1:1. Екінші таймның соңына таман Тигран Барсегян есеп ашты. Төреші қосқан қосымша уақытта Гафуржан Сүйімбаев таразы басын теңестірді. Қазір «Астана» көш бастап келеді. 13 ойыннан кейін 33 ұпай жинады. «Қайрат» әзірше үшінші орында. Негізгі қарсыласынан 12 ұпай қалып келеді. Бәсеке басталмас бұрын, жел сөз шықты. «Егер Алексей Шпилевский «Астананы» ұта алмаса, орнынан кетеді» деген.
Ең қызығы, матч кезінде Құрбан Бердыев «Қайраттың» қожайыны Қайрат Боранбаевтың қасынан қалмай жүрді. Ресейде бірнеше жыл жұмыс істеген бапкердің қазір қолы бос. Қалталы команданы баптаудан бас тартпайтын шығар.
А.Сейітхан