Біртановтың "Б" жоспары күл-талқан болды

Руслан ЕРБОТА

  • 21.06.2020

Дөңгеленген дүниенің қос өкпесін COVID- 19 қысып тұрса да, аунап өткен осы апта айтарлықтай жаңалықтарға толы болды. Әлемдегі абыр-сабырдың легін ақылмен түсінуге болады, әрине. Ал Қазақстандағы жағдай тегі миға қонбайды.

Бұл аптадағы әлем несімен есте қалды? Қысқаша шолып көрсек. 

Үндістан мен Қытай Гималай тауының 4250 метр биіктіктегі не егін, не қурай өспейтін тақыр жерге таласы қайтадан өршіп, 20 қытайлық шекарашы оққа ұшты. Миллиардтан астам халқы, ядролық қаруы бар екі алпауыт мемлекет бір-біріне қылыштарын қайрап, көздерін қызартып әрең тұр.

Алдағы президенттік сайлауда жеңіліп қалуы мүмкін екенін айтып қойған АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға қысымын күшейте түсіп, Шыңжаңдағы мұсылмандарға күн көрсетпеген қытай шенеуніктеріне санкция салу заңына қол қойды.
Ал 9-тамыздағы сайлауда өлсем де жеңілмеймін деген Беларусь президенті Александр Лукашенко осы аптада негізгі қарсыластарын шеттерінен қамауды бастап кетті. 25 жыл бойы Батьканың ертегісінен шаршаған азаматтар қамалғандарға қолдау білдіру үшін көшеге шығып, үнсіз тізіліп тұрып, наразылық көрсетті.
Халқы азық-түлік тапшылығынан қиналып отырған Түркіменстанда ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов дихандарға астық пен нанға қатысты мақал-мәтелдерді үйретті.

Елдегі індетке қарамастан екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 75 жылдығына орай шеруге қызу дайындық жүргізіп жатқан Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-қа ТМД-дан қашып барғандар үзбей оқитын газетке тарихи мақаласын жариялады. Тарихи дейтініміз, екінші дүниежүзілік соғыс туралы шын тарих Путин көрсеткен бағытта айтылуы, қабылдануы, мойындалуы керек екен. Біраз тарихшылар аң-таң, кейбірі президенттің денсаулығына алаңдап қалғандай.

Ал осы аптада Қазақстанда не болды?

Бұл аптада біздің бірінші президент те ауырып қалды. Отыз жыл бойы президенттік тақтан түспеген шағында оның ауырғаны ашық айтылмаушы еді, бұл жолы жасырып жатпады. Есесіне, біраз елдің басшылары қамығып, өкінген, саулық тілеген хаттарын кітапханаға қарша боратты. Айта кетерлігі, экс-президенттен бұрын вирусты денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов жұқтырған еді, содан кейін шенеуніктер жаппай вирусқамаққа түсті. Сосын, таза сәйкестік шығар, шенеуніктер ауруханаға немесе қамаққа түсіп алған соң, ел арасында «жедел жәрдем шақырсаң да келмейді», «вирусты анықтайтын тест жоқ», «ауруханада орын жоқ» дегендей сөздер көбейіп кетті. Тіпті, үш ай бойы ашуын көрсетпеген дәрігерлердің ашынған видеолары ашық тарай тастады. Қазір қарапайым адам ауырғанын айтып жылай бастаса, «қайтесің енді, елбасы да ауырып қалды ғой» деп басу айтатын болды. Ал ресми дерекке сенсек, вирустың таралу қарқыны сұмдық. Осындай шетін жағдайда қарапайым халықпен бірге ауырып жатқан ақ жағалы шенеуніктер бір нәрсені ашық айтуы тиістей.

Мәселен, коронавирус елге келмей тұрғанда денсаулық сақтау министрлігі індетке тас-түйін дайынбыз деген. «Егер жағдай басқаша болса, онда бізде «Б» жоспары бар, алаңдамаңдар!» дегенді де ашық айтты. Енді қарасақ, министрдің өзі тұрмақ, өте жақсы күтімдегі Назарбаев та вирус жұқтырды. «Б» жоспарында мұндай сценарий бар ма еді? Жоқ болса, енді «В» жоспарын жариялай ма?
Елбасы жұқтырыпты деген соң, президент Қ.Тоқаев «үкімет ертең жоспарын айтады» дегендей құлаққағыс жасады. Алаңдап тостық. Бірақ «Б» жоспарының орнына «В» жоспары шықпады. Бар болғаны осы сенбі-жексенбі күндері бірқатар қалаларда жүріп-тұруға бірқатар шектеулер қойылды. Дұрыс-ақ дегің келеді, бірақ дәл осы күні қазақ үкіметі халықаралық әуе жолдарының қақпасын ашты. Осыны енді түсініп көріңіз. Ресми деректе коронавирус өршіп жатыр. Сол үшін тұрғыны 50 мыңнан жоғары елдімекендерде үйден шығуға шектеу салынды. Ал ұшаққа отырып, сырт елге қыдырып кетуге болады. Карантин қайда қалды сонда? Сосын, үш ай бойы бала-шағасын көрмей коронавируспен алысты деген медицина қызметкерлерінің өзі карантин талаптарын сақтамапты. Мәселен, астананың бас дәрігері Сәуле Қисықованың айтуынша, коронавируске қарсы күрескен медқызметкерлер енді, бұрынғыдай қонақүйде жатпайды екен.
«Карантин кезінде медқызметкерлерге қонақүйлерден орын берілді. Үш ай бойы. Енді, эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, біз қызметкерлерді үйлеріне жіберуді ұйғардық. Өйткені, оларға бір жерде бірге болу өте қауіпті. Қызметкерлер бірін бірі танып қалды. Кешкісін бірге жиналып бас қосып отыруды шығарды. Бұл – дұрыс емес. Жұқтыру жағдайлары да басталды. Сондықтан, оларды үйлеріне жіберуге шешім қабылданды», – депті С. Қисықова.
Дұрыс-ақ делік. Бірақ карантин басталар тұста медицинадағы шенеуніктер медқызметкерлерді үйлеріне жіберуге болмайды, өйткені, оларда вирус тасушы болу мүмкіндігі өте жоғары деп еді ғой! Сақтық шаралары күшті арнайы ортада жүріп-ақ біріне бірі вирус жұқтырып жатқан медқызметкерлер енді үйлеріне барғанда бала-шағасына, ата-анасына вирус жұқтырмай ма? Үш ай несіне бала-шаға көрмей, қонақүйде жатты?  Енді не болмақ? Бұл сұраққа жауап тапсаңыз, келесі мәселеге назар аудара салсаңыз.
Вирус жұқтырушылар үсті-үстіне көбейіп жатқан Қазақстанда зертханалар жұмыстарын уақытша тоқтатып тастады. Әзірге ел аузынан екі жауап естіп отырмыз. «Құрылғы істен шыққан» немесе «тест таусылған». Біртанов құрған, үкімет қолдаған «Б» жоспарының мақсаты осы ма еді?
Біраз уақыт бұрын АҚШ-тағы елшіміз осы елдің бас газетіне коронавируске қарсы күресте Қазақстан Орталық Азияға үлгі болатын жұмысын көрсетті дегендей мақтанған еді. Қайтейін-ай, қайтейін! Елбасының өзіне жұқтырып тастаған соң, бітті ғой, бітті...  Біртановтың "Б" жоспары.

Байланысты жаналықтар

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

10.10.2024

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапармен барды

10.10.2024

Ресейде коронавирустың жаңа штаммы тез тарала бастады

22.09.2024

Ресейден заңсыз кіргізілмек болған 171 тонна картоп кері қайтарылды

21.09.2024

Алматы облысында 11 адам сібір жарасын жұқтырған

10.09.2024

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

05.09.2024
MalimBlocks
Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапармен барды

Ресейде коронавирустың жаңа штаммы тез тарала бастады

Роспотребнадзор XEC COVID-19 штаммының тез таралып жатқанын хабарлады

Ресейден заңсыз кіргізілмек болған 171 тонна картоп кері қайтарылды

Шекарада екі күнде 12 заңбұзушылық анықталған

Алматы облысында 11 адам сібір жарасын жұқтырған

Ауруханаға жалпы 16 адам жатқызылды

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері белгілі болды