Назарбаевтың картинасы шапаннан арзан, асықтан қымбат...
Коронавирустың алғашқы соққысынан ес жинай алмай жатқан жұртқа «енді екіншісіне дайындалыңдар, қапы қалмаңдар» дегендей ақыл айтыла бастады. Ал кейбір мемлекеттік мекемелер медаль тапсыруға дайындық жасап жатыр. Мемтапсырыс алаңындағы бұл додада атынан ат үрікетін құзырлы мемлекеттік органдармен қатар шалғайдағы шағын мектептер де бар. Тіпті, халықаралық алаңдағы «Қазақстан бітімгершілік полкі» сый-сияпатқа шапан, қамшы және тұңғыш президенттің фотосына тендер ойнатқан.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі «алтын», «күміс», «қола» медальға тендер ойнатып жатыр. Бұл мектепке жалпы жиынтығы 1 миллион 225 мың теңгеге 600 медаль керек екен. Техникалық шарты бойынша медальда мектептің логотипі болуы міндет. Басқа ешқандай сөз жоқ. Карантин аяқталып, қашықтықтағы оқу бұрынғысына ауысқанда спортшылар үшін жарыс өткізуге білек сыбанып отырғанын түсінуге болады.
Алматы қаласының психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған күндіз болу орталығы да 30 дана медальге тендер жариялаған. Қимыл қозғалысты, ерекше күтімді қажетсінетін ерекше балаларға арналған медаль құны 1 мың 339 теңге. Сонда, жалпы тапсырыстағы қаржы – 41 мың теңгенің шамасы.
Кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырысқа қатысқанда қыруар құжат толтыратынын ескерсек, ерекше балаларға қуаныш сыйлайтын медальдің арзан ақшасына еш қызықпайтындай.
Ал Бас прокуратураға қарасты мекеме ойнатқан лот кәсіпкердің көзіне оттай түсетіндей. 28 шілде сағат 18.00-де құжат қабылдауы аяқталған бұл лот бойынша I дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» 20 медаль керек. Бір медальдің құны 4 мың 900 теңге. Сосын, «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалінен 50 дана қажет (біреуінің құны - 5 мың 850 теңге). Ал II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі көбірек керек екен.120 дана. Алдыңғы екеуімен салыстырғанда бұл медаль қымбаттау, құны– 7 мың 975 теңге.
Демек, Бас прокуратура жылдың соңына дейін 190 адамға медаль беруді жоспарлап қойған. Жалпы сомасы бір жарым миллион теңгеге жасалуы тиіс бұл медальдарға қойылатын техникалық талаптарды балаларға берілетін медальдікімен салыстыруға еш келмейді.Тіпті, кепілдік мерзімінің өзі көрсетілген.
«Медальдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы. Медальдің негізі жезден жасалған және диаметрі 45 мм. жеті бұрышты жұлдыз тәрізді орындалған, ортасынан бедерлі сәулелері бар, оның бір бөлігі көк және күрең эмаль құйылған. Жұлдыз сәулелерінде жасыл түсті лавр гүлтешесімен жиектелген, айқасқан найзалары бар қалқан аясында Фемида бейнеленген, ақ эмаль құйылған шеңбер түріндегі жапсырма орналасқан. Жапсырманың жоғарғы және төменгі жағында оларға жазуы бар көк түсті ленталар жасалған: жоғарыда – «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ», төменде – «ПРОКУРАТУРАСЫ». Медальдің сыртқы жағында «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ, ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШIH» жазуы бар. Медаль құлақша мен шығыршық арқылы ені 32 мм. және биіктігі 50 мм. тік бұрышты тағанмен, төменгі бөлігінде бұрыштары қиылған. Таған көк түсті жібек қатқыл лентамен қапталған. Лентаның шеттерінде әрқайсысының ені 2 мм. жасыл, сары және ақ түсті жолақтар кезек орналасады. Медаль түйреуішпен киімге бекітіледі. Өнімге кепілдік мерзімі: 6 ай».
Індет кезінде медаль жасатудан Бас прокуратурадан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те қалыспапты. Өтіп, жеңімпазы анықталған тендерде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «ҚҰҚЫҚ ТӘРТІБІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ҚОСҚАН YЛECI ҮШІН» медаліне тапсырыс берген. Мұндай медальмен агенттік жыл соңына дейін 250 адамды марапаттамақ. Салық төлеушілер бұл шараға 1 миллион 500 мың теңге төлемек. Егер құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі барлар саны жылдың соңына дейін 252 адам болып кетсе, агенттік не істейді екен, а? Екі медаль үшін қайтадан тендер ойнатпайтын шығар. Сосын, үлес қосатындар саны 250 болатын қалай біліп қояды?
Агенттіктің әр қайсысы 6 мың теңгеге жасататын медальдерге қойған техникалық талаптары да зор.
«Кұқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі алтын түсті металлдан жасалады. Медаль фоны – жылтыр. Медальдің беткі жағында, көк түсті эмальмен құйылған, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің эмблемасы орналасқан. Эмблеманың ортаңғы жағында күннің фонында шаңырақ көрсетілген, оның астында – ұшып тұрған бүркіт. Үстінде жазу: «БІЗДІҢ МІНДЕТ», астында жазу: «ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ». Эмблема сыртқы контур бойынша қызыл таспамен жиектелген, оның үстінде «ҚҰҚЫҚ ТӘРТІБІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ҚОСҚАН YJIECI ҮШІН» жазуы нақышталған. Медальдің барлық суреттері және жазулары дөңестелген. Медаль жиектері кемершемен жиектелген. Медальдің артқы жағында «СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ» жазуы нақышталған. Медаль құлақша және сақина көмегімен 50 х 32 мм өлшемді, көк түсті жібек муар таспамен тартылған алтықырлы қалыпқа бекітіледі. Қалыптың ортасында және шеттерінде қызыл түсті алты сызық орналасқан, шеткі сызықтар – ені 1 мм, ортасындағы сызықтар – ені 2 мм. Ортаңғы қызыл сызықтардың арасында ені 1 мм 3 көк сызықтар орналасқан. Шеткі және ортаңғы қызыл сызықтар арасындағы қашықтық – 9,5 мм. Медаль визорлық құлыпты түйреуіш арқылы киімге бекітіледі. Барлық медальдар жеке картон қораптарда жеткізіледі».
Медаль іздегендердің қатарында «Қазақстан бітімгершілік полкі» де бар екен. Әскери мекеме жариялаған, бірақ, ойналмай қалған тендерге қарасаңыз, құдалыққа бара жатқандардың қоржыны көз алдыңызға келеді.
Мәселен, «Қазақстан бітімгершілік полкі» әрқайсысы 4 мың 93 теңге тұратын естелік 5 сағат, әрқайсысы 44 692 теңгелік 7 шапан, әрқайсысы 7 мың 678 теңгелік қылыштан бастап, естелік қобыз, домбыра, ел картасы, қошқар мүйіз, асық, домбыра, түйе мүсіндерін және Қазақстанның тұңғыш президентінің суреті бейнеленген күнтізбе және тұңғыш президенттің картинасын іздепті. Картина қабырғаға ілінуі шарт. Ал бағасы 25 мың теңге деп белгіленіпті. Алайда, не себептен екені белгісіз «Қазақстанның бітімгершілік полкі» жариялаған тендерлер ойналмай қалған.
Басты бетте суретші Камиль Муллашев салған портрет.