Құқығыңа құлақ сал! Ауыр қылмыстар көбеймесін десек...

Қазақстанда алкоголь өнімдерін тарату, сатуға ғана емес, алкоголь өнімін шығарушыларға да талап жоғары. Бұған қатысты әкімшілік заңнама талаптарын терең зерттеп, заңдық баға берудің өзіндік себебі бар.

  • 23.02.2023

Өйткені алкоголь өнімдерін саудалау мемлекет экономикасына елеулі табыс әкеліп, медицинада дәрілік заттардың түрленуіне септігін тигізгенімен, қылмыстың  орын алуына, құқықбұзушылықтар санының артуына алкоголь тұтыну деректері айтарлықтай ықпалын тигізеді. Сондықтан ауыр қылмыстар көбеймесін десек, ең алдымен алкоголь өнімдерін тарату бойынша әкімшілік құықбұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге мән берген дұрыс. Сөзге бай қазақ мұндайда "Бұлақ басынан тұнады" дейді. Яғни, теріс әдет қанға сіңіп, бойға дарып кетпеуі үшін, оның залалын түсіндіру, заңдық ескерту, тыю тетіктері де ерте бастан қолға алынуы керек.

Әкімшілік құқықбұшылықтарға жеңіл қарамау керектігін қолдағы статистикалық деректер де айғақтайды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше 2020 жылдың бір тоқсанында ғана республикада 126499 қылмыс орын алған. Тіркелген қылмыстың әрбір жетіншісін алкоголь тұтынған азамат жасаған. Әрбір тоғызыншы іс топ болып алкоголь тұтынудың кесірінен орын алған. Елімізде алкогольге қатысты заңдарды жетілдіріп, жауаптылықты арттырудың маңызы осында. Алкоголь өнімдерін тарату бойынша заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық мәселесін зерделеуіміздің мәні де осында. Үлкен қылмыстарға жол бермес үшін әкімшілік құқықбұзушылықтарға салғырт қарамай, заңды баға беру аса маңызды.

Алкоголь өнімдерін таратуға қатысты әкімшілік жауаптылық туралы айтқанда шетелден Қазақстан нарығына жекізілетін спирттік өнімдер туралы айтпай кете алмаймыз. Статистика бойынша сатылымдағы алкогольдік өнімдерінің 60 пайызы шетелдерден жеткізіледі. Оның сатылымы мемлекет экономикасын көтеруге айтарлықтай ықпалды. Нарықтағы мұндай өнімдердің айналымы жылдам болғандықтан, ол өндірушіге де, өнімді таратушыға да айтарлықтай пайда әкеледі. Дегенмен халық денсаулығы табыстың тасасында қалмауына мән беру керек. Өйткені еліміздің бас құжаты Конституцияда көрсетілгендей, «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның құқығы мен бостандығы» екені күмәнсіз.

Алкоголь өнімдері акцизделетін тауарлар қатарына кіреді. Яғни, мұндай тауарлар мемлекет тарапынан жіті қадағаланып, оларға салық төлеудің жоғарғы шегі белгіленген. Өкінішке орай алкоголь өнімдерін таратуда үлкен мәселелер бар. Қаншалықты жіті қадағаланса да алкогольдің көлеңкелі айналымына тыйым салу әлі күнге мүмкін болмай келеді. Ресми емес дерек көздері алкогольдің нарықтағы көлеңкелі айналымы 50 пайызға жететінін болжап отыр.  Бұған қоса сапасыз, қолдан жасалған алкоголь өнімдерін де тыю қиындық тудыруда. Мемлекетті жабайы нарықтан, ал азаматтарды сапасыз өнімдерден қорғау үшін Қазақстан Республикасының аумағында талапқа сай келмейтін өнімдерді саудалауға қатаң шектеу қою маңызды. Бұл қызметті өз мәнінде атқаруда еліміздің кеден қызметіне жүктелер жауаптылық жоғары.

Мемлекет те бұл мәселеге бейжай қарап отырған жоқ. 2018 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің "Акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларын алу, есепке алу, сақтау, беру және импорттаушылардың Қазақстан Республикасына алкоголь өнiмiн импорттау кезiнде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы мiндеттемесiн, есебiн ұсыну, сондай-ақ осындай мiндеттеменi есепке алу қағидаларын және қамтамасыз ету мөлшерiн бекіту туралы" бұйрығы бар. Осы бұйрықты белден басудың соңы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сайкес жауаптылыққа әкеліп соғады. primeminister.kz сайтында көрсетілгендей Қаржы министрлігі тұрақты негізде заңсыз алкоголь өнімін  анықтау және жолын кесу  бойынша жұмыс жүргізіп, 2021 жылы 2 849 құқық бұзушылық фактілері анықталып, айналымнан  5 963 мың литр алкоголь өнімі, 312,2 мың литр этил спирті тәркіленді, сондай-ақ заңсыз алкоголь өнімін дайындайтын жасырын 23 цех анықталды.

Кодекстің 283-бабының 1-бөліміне сай алкоголь өнімін есепке алу-бақылау маркаларымен және темекі өнімдерін акциздік маркалармен таңбалау қағидаларын бұзғандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Сондай-ақ, Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) кодексіне сәйкес, алкоголь өнімдерін саудалаудан түскен пайдадан салық төлемегендерге, салық төлеуден жалтарғанға жауаптылық белгіленген.

Алкоголь өнімдерін тарату бойынша заңнама талаптарын бұзғаны үшін қолданылатын әкімшілік жауаптылық ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша істер жиі қаралатынын атап өткен жөн. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған дерекке сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде Нұр-Сұлтан қалалық соттарында осы баппен қаралатын істер саны екі есеге көбейген. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрып, кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында сот тәжірибесіне мониторинг жүргізген. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей Қазақстан Республикасында алкоголь өнімдерін таратудың заңды талаптарын сақтамағаны үшін жыл сайын астанадағы әрбір үшінші кәсіпкер ӘҚБтК-тің 200-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Бұл баптың қолданылуына қатысты кәсіпкерлер пікірі әралуан. Олар сот тәжірибесінде кәсіпкерлер құқығы жеткілікті деңгейде қорғалмаған деген пікірде. Мұндай қорытындының қалыптасқанын әлеуметтік желідегі қоғамдық белсенділердің сөз саптауынан аңғару қиын емес. Әрбір үшінші кәсіпкердің жауапқа тартылуын орынсыз деп бағалаған "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "Сауда орындарында алкоголь өнімдерін тиісті рұқсатсыз таратқандардың кесірінен кәсіпкерлер зардап шегеді. Көбінесе сатушылар, уақытша жалданған азаматтар арақты белгіленбеген кезде сатып, кәмелетке толмағандар қолына ұстатып заңға қайшы қадам жасайды. Мысалы 2015 жылы ӘҚБтК-тің 200-бабымен 253 525 әкімшілік іс қозғалса, 2019 жылы оның саны 501 649 іске өскен. Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура 369 сот актісіне талдау жасаған. Сонда белгілі болғанындай, әкімшілік іс бойынша жауаптылыққа тек кәсіпкерлер тартылған, осы істердің бірде бірінде жеке тұлғаларға жауаптылық белгіленбеген. Яғни, іс сотта қаралғанда кінәлі тұлға тасада қалып, жауаптылықтан босатылады. ӘҚБтК-тің 200-бабына сәйкес, құқық бұзған кәсіпкерлерге ақшалай айыппұл салынып, қызметтік лицензиясы тоқтатылады. Бұл басшылықтың қаржылық мәселесі мен қаржылық айыппұлдан бөлек. Өз кезегінде кінәлі сатушыны босатып, заңсыздық үшін кәсіпкердің лицензиясын алғандар салдарынан орта және шағын кәсіп иелері  зардап шегуде.

Мұндай уәж айтатындар 2020 жылы 1 қыркүйекте жасаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлер жұмысына, кәсіпкерлікке кедергі келтірген әрекеті мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде қарастырылуы керек деген сөзіне арқа сүйейді.  Бұл деректер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 200-бабын қолданған кезде мемлекет дамуына тірек болып отырған шағын және орта кәсіптің болашағын есепке алу қажеттігін алға шығарады.

Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзуға қатысты жауаптылық белгілейтін ӘҚБтК-тің 200-бабы, 1-бөлімі жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізушілерге жауаптылық белгілейді. Заңнамада спирттік өнімдерді сатуға қатысты жас ерекшеліктің белгіленуі дұрыс қадам. Мұндай шектеу посткеңестік елдердің заңнамаларында да ескерілген. Бұл жастарды жаман әдетке үйір етпеудің заңдық тетігі.

Дәл осы заңбұзушылыққа жол бермеу - сатушының көрегендігіне, байқағыштығына байланысты. Өйткені, алкоголь алғалы тұрған адамның жас ерекшелігін болжау тікелей сатушыдан талап етіледі. Егер қандай да бір күмән болған кезде сатушы тұтынушының жеке куәлігін талап етуге, сұрауды орындамаған жағдайда алкогольді сатудан бас тартуға құқылы.

Адамнан айла артылмаған бүгінгідей заманда жастардың алкогольді таныстары арқылы сатып алуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, жасөспірімдер алкогольді мас күйде көзге түсіп, немесе көңіл көтеретін кафе, барларда жастардың ішімдік тұтынғаны анықталса, сол үстелде тұрған алкоголь өнімі үшін кафе, бардың иесі жауаптылықта болатынын ұмытпау керек. Бұл да өз кезегінде әкімшілік жауаптылық белгілеу мәселесіне сергек қарауды, істің мән-жайын толық айқындауды талап етеді. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінде 2020 жылы елімізде алкогольдік өнімдерді сату бойынша жас  және уақытша шектеулерді бұзудың 1,3 мыңнан астам фактісі анықталған.  Осының өзі мәселеге немқұрайды қарауға болмайтынын меңзейді. Азаматтық қоғамның белсенділігінің арқасында, Парламенттегі талқылаулардың нәтижесінде соңғы жылдары кәмелетке толмағандардың мамандандырылмаған сауда орындарында алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға және алкогольді ішімдіктерді пайдалануына тыйым салуды енгізу;  кәмелетке толмағандардың алкогольді пайдаланғаны үшін ата-аналарының немесе кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің әкімшілік жауапкершіліктерін енгізу;  Әкімшілік кодексіне мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда алкоголь өнімдерін 23-00-ден келесі күні сағат 8-00-ге дейін, этил спиртінің көлемдік үлесі отыз пайыздан асатын алкоголь өнімін 21-00-ден келесі күні сағат  12-00-ге дейін олардың аумағынан тыс алып шығып бөлшек саудада сатқаны үшін жауапкершілікке тарту бөлігінде нормалар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. 

Жасөспірімдердің кешкі сегізден кейін ата-ана, қамқоршысыз көшеде, көңіл көтеретін орындарда болғаны үшін де әкімшілік жауаптылық бар. Бұл үшін баласын бақылаусыз қалдырған, қадағалаусыз жіберген ата-анаға әкімшілік айыппұл салынады. Ал ӘҚБтК-тің 131-бабында "Кәмелетке толмаған адамды масаң күйге дейiн жеткiзудің соңы жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатыны дәйектелген. Ал 132-бапта кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол бергендерге жауаптылық көрсетілген.

Мұндайда ұрпаққа тәрбие беруі тиіс үлкендердің де теріс әрекеттеріне заңмен қарсы тұру міндет. Жасөспірімдер алкогольге жоламасын десек, үлкендер салаатты өмірді іс жүзінде насихаттағаны жөн. Тек ағымдағы жылдың басынан бері қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша 75 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 4,4 мыңнан астамы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталықтарына орналастырылды.  Яғни, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстеалкоголь өнімдерін тұтынуға қатысты  барлық заңсыздыққа құқықтық баға беріліп, жауаптылық қарастырылған. Тек сол жауаптылықты халыққа түсіндіру, зардабын ұғындыру, құқықтық сауаттылықты көтеру бағытында әлі де көп жұмыстар атқару кезек күттірмейді.

А.Сатыбалды