freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ақорданың есігін ашпағалы 30 жыл болыпты": Мақпал Жүнісова Тоқаев берген марапат туралы айтты (ВИДЕО)

Қоғам
"Ақорданың есігін ашпағалы 30 жыл болыпты": Мақпал Жүнісова Тоқаев берген марапат туралы айтты (ВИДЕО)
Malim.kz коллажы

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Ақордада салтанатты жиын өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәдениет қайраткерін мемлекеттік наградамен марапаттады, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ІІ дәрежелі "Барыс" орденіне ие болды. Ал қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеп жүрген әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистроваға "Отан" ордені табысталды.

Сонымен қатар Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.

Жиын барысында Тоқаев мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, кәсіби мереке күні еліміздің рухани дамуына зор үлес қосқан бірнеше өнер қайраткеріне "Қазақстанның халық әртісі" атағы беріледі.

"Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар марапат алған әнші Мақпал Жүнісова желідегі парақшасында оқырмандарына сәлем жолдап, видео үндеу жасады.

"Қымбатты көрерменім, тыңдарманым, туысқандарым! Бүгін маған "Барыс" орденін табыстады. Ақорданың есігін ашпағалы 30 жыл болыпты. 30 жылдан кейін осындай атақ иесі болып жатқаныма қуаныштымын. Көп рақмет. Баршаңызға осындай марапат бұйырсын", – деді Мақпал Жүнісова.

Мақпал Жүнісова туралы

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасында айрықша орны бар, өнерімен қалың көрерменнің жүрегінен орын алған танымал әнші. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Теректі ауылында дүниеге келген.

Бала кезінен өнерге жақын өскен әнші кәсіби сахнадағы жолын 1981 жылы "Қазақконцерт" бірлестігінде солист болып бастады. Табиғи дарыны, ерекше дауысы және сахнадағы еркін болмысымен Мақпал Жүнісова көп ұзамай халықтың сүйікті әншісіне айналды. Халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, қазақ музыкасының мәртебесін көтеруге үлес қосты.

Өнер иесінің еңбегі ерте бағаланды. Ол 22 жасында "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" атағын алса, 31 жасында "Қазақстанның Халық әртісі" атанды. Бұл атақтар оның сахнадағы табысы мен қазақ өнеріне сіңірген еңбегінің нақты дәлелі болды.

Мақпал Жүнісова тек әншілікпен шектелмей, білім мен ұстаздық бағытта да еңбек етті. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, кейін жас өнерпаздарға тәлім берді. Уақыт өте келе профессор атанып, өнер жолына қадам басқан жастарға бағыт-бағдар көрсетті.

Әншінің басты ерекшелігі – нәзік, сырлы әрі әсерлі лирикалық сопрано дауысы. Оның репертуарында халық әндері, романстар, эстрадалық шығармалар және джаз бағытындағы туындылар бар. Осындай жанрлық кеңдік оның шығармашылығын байытып, әртүрлі буын тыңдарманға жақын етті.

Бүгінде Мақпал Жүнісова қазақ эстрадасының примадоннасы, "Орта Азияның бұлбұлы" ретінде кеңінен танылған. Оның концерттері әлі де көрерменнің зор қызығушылығын тудырып, аншлагпен өтеді. Мақпал Жүнісова – қазақ сахнасының шоқтығы биік тұлғаларының бірі.

Сонымен қатар, өнер иесі тек сахнадағы шеберлігімен ғана емес, ашық мінезі мен әзілқойлығымен де көпшілікке жақын. Мысалы, бір шарада Тұрсынбек Қабатовқа қалжың айтып, жиналған жұртты күлкіге бөлегені есте. Сондай-ақ Мақпал Жүнісова Маңғыстауда өткен жеке концерті барысында ерекше жағдайға кезіккенін де жазған едік. Мақпал Жүнісова Қарағандыға жасаған сапары барысында көңілі қалған жайттарды бөліскенін де жазып едік. Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі туралы сыр бөліскен болатын. Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында туған ағасы Болатты еске алып, жүрек тебірентер жазба қалдырған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу