Шымкентте ATP Challenger 50 сериясымен өткен екінші турнирдің жекелей сыны өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Malim.kz.
Белгілі турнирде 25 жастағы бельгиялық Бувайсар Гадамаури (№357 ATP) топ жарды. Үндістан өкілі Манас Манодж Дхамнеге (№444 ATP) қарсы өткен финалдық кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды.
Тартысты өткен бірінші сетте Гадамаури тай-брейкте басым түссе, екінші партияда да сол қарқынын жоғалтпай, ойынды 7:6 (8:6), 6:4 есебімен аяқтады. Бұл бельгиялық теннисшінің кәсіби мансабындағы алғашқы ATP Challenger титулы болып отыр.
Бұған дейін жұптық сынның да үздіктері белгілі болған еді. Хорватиялық Адмир Календер мен Мили Поличак дуэті 1 сағат 37 минутқа созылған финалда Виктор Дурасович (Норвегия) пен Кай Венельт (Германия) тандемін 6:2, 6:7, 10:5 есебімен ұтқанеді.
3 мамырдағы финалдық ойындармен Шымкентте 19 сәуірден басталған кәсіби турнирлер топтамасы толық аяқталды. Екі аптаға созылған ауқымды додаға әлемнің 25-тен астам елінен келген спортшылар қатысқан еді.