Қыркүйекте 47 жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекте 47 жаңа мектеп, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 20 мектеп ашылады. Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін. Үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар. Өңірлер 2026-шы жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Оларды педагог мамандармен және оқу-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден шешу керек, - деді О. Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс екенін айтты.
- Бірқатар өңірде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын тікелей бақылауға алуды тапсырамын, - деді Премьер-министр.