Мектептердің реновациясы: қазіргі ахуал

Президенттің тапсырмасы бойынша, алдағы үш жылда Қазақстандағы 1300-ге жуық мектеп реновациядан, яғни қайта жарақтау мен жаңғыртудан өтуі тиіс. Олардың 54% ауылдарда орналасқан.
Қазір елімізде 245 мектеп кешенді реновациядан өтіп жатыр. Заманауи мектептің бірыңғай үлгісіне сай инфрақұрылымдары жаңғыртылып жатқан мектептердің 146-сы ауылдарда, 99-ы қалаларда орналасқан. Жоспарға іліккен мектептерді реновациялаудың жоспары мынадай:
- 12 мектеп – реконструкцияланады;
- 19 мектеп – ағымдағы жөндеуден өтеді;
- 214 мектеп – күрделі жөндеуден өтеді.
Бұл өз кезегінде - 100 мыңдай оқушының сабақ оқу жағдайын жақсартады.
Реновация жобасы білім беру стандартының негізгі 9 бағыты бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жалпы күрделі жөндеуден басқа, білім беруге тікелей қатысты жабдықтау-жөндеу шаралары да бар. Пәндік-тақырыптық кабинеттер ашу, оптикалық талшық байланыс желілеріне жалғау, инвентарларды жаңарту, кітапхана/асхана/спорт залдарды жаңғырту-жаңалау, мектеп ауласын абаттандыру, қауіпсіздік және дабыл жүйелерімен жабдықтау сияқты жұмыстар осындай шаралар кешеніне кіріп отыр.
Бұл жұмыстар аясында ауылдық елді мекендердегі білім беру ұйымдарына басымдық беріліп отыр. Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтық балалардың жалпыға бірдей білім алу құқығын мансұқтайтыны туралы көптен бері айтылып келеді. Реновация болса, ауыл мектептерінің білім сапасын қаланыкімен теңестіруді де көздеп отыр.

Ең көп оқылған
