457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Тең мүмкіндіктер: әлемдік білімге қазақ тілінде қолжетімділік артты

Бұл Қазақстан аудиториясына арналған әлемдік контентті бейімдеу идеясын тудырды

2025 жыл «Kazmedia Holding» ЖШС үшін айтулы жыл болды. Компания New York Times Licensing-пен Turning Points журналының шығарылымы бойынша ұзақ мерзімді лицензиялық келісімге қол қойды, сондай-ақ Harvard Business Publishing-пен Harvard ManageMentor оқыту платформасын Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда іске қосу жөнінде келісім жасасты. Осы ретте forbes.kz басылымы «Kazmedia Holding» бас директоры Еркін Жақыповпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

- Еркін мырза, Kazmedia Holding бұрыннан бері медиа, білім және мәдениет түйісінде жұмыс істеп келеді. Бәрі неден басталды?

- 2012 жылы біз қазақ тіліндегі сапалы материалдардың жетіспеушілігіне назар аудардық. Бұл Қазақстан аудиториясына арналған әлемдік контентті бейімдеу идеясын тудырды. Аталған мәселе маған өте жақын. Мен өзім кезінде қазақ тобында оқыдым, алайда кәсіби пәндер бойынша қазақша оқулықтар мүлде жоқ болатын.

Біздің алғашқы қадамымыз — үздік бизнес кітаптарды қазақ тіліне аударып, оларды ауыл жастарына демеушілердің көмегімен тегін тарату болды. Біз кәсіпкерлік идеядан басталады, ал идея кітаптан туады деп сендік.

Алайда кейін түсіндік: кітаптарды тарату теңізге тамған тамшыдай ғана. Мәселенің түп-төркіні тереңде. Білім беру жүйесінде, оқу мәдениетінің жоқтығында. Күшті оқу мәдениетінсіз кәсіпкер де, ғалым да шықпайды. Сол кезде біз әлемдік білімге қазақ тілінде қол жеткізу қажеттігін түсіндік. Ал National Geographic осы мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік берген платформа болды. Бүгін, 14 жылдан кейін, миссиямыз сол күйі қалды, тек әріптестік ауқымы кеңейді.

- Халықаралық зерттеулер, мысалы, PISA, қазақстандық оқушылардың, әсіресе қазақ тілділердің нәтижелерін алаңдатарлық деп көрсетеді. Себебі неде?

- Бұл жүйелі мәселе. Менің ойымша, мұғалімдердің дайындығы, әдістемелер, мотивация бәрі әсер етеді. Бірақ басты себептердің бірі - қазақ тіліндегі сапалы контенттің жетіспеушілігі. Қазақтілді оқушы әлі күнге дейін өзге тілде оқитын қатарластарымен бірдей өзін-өзі дамыту мүмкіндігіне ие емес. Ал тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол — дүниеге ашылатын терезе. Егер ол терезе жабық болса, біз тұтас бір ұрпақты жоғалтамыз.

- Бұл жағдайды түзету үшін не істеліп жатыр?

- National Geographic — мүмкіндік теңдігін қамтамасыз етудегі біздің үлесіміз. Бүгін Жетісу немесе Маңғыстаудың шалғай ауылындағы оқушы қазақ тіліндегі журналды Нью-Йорктегі оқушымен бір уақытта алады. Бұл шынайы тең мүмкіндік.

10 жыл ішінде біз екі мыңнан астам ғылыми-көпшілік мақаланы аудардық. Бір миллионнан астам оқушы біздің контентке қол жеткізді. Шамамен 3 000 мектеп оны қосымша оқу материалы ретінде қолдануда. Бұл — тек бастамасы.

Біздің мақсатымыз — тек аудару емес, зерттеушілік ойлау әлемін белсенді ету, ғылыми қызығушылықты қалыптастыру. Өйткені дәл осы қызығушылық оқушыны — зерттеушіге, студентті — көшбасшыға, елді — инновациялық мемлекетке айналдырады.

- National Geographic-тің әлем бойынша 40 миллионнан астам оқырманы бар. Қазақстандағы жағдай қалай?

- Біздің аудиторияны екі топқа бөлуге болады. Біріншісі - журналды өз қаражатына сатып алатын және жазылатын оқырмандар. Екінші топ — контентке ұйымдары немесе демеушілері арқылы қол жеткізетіндер. Жазылымдардың жартысына жуығы екінші топқа тиесілі.

Аудиторияны «ояту» үшін біз бірнеше жылдан бері еліміздің барлық өңірлерінде ғылыми сауаттылық бойынша тегін семинарлар өткізіп келеміз. Оған 4 000-нан астам оқушы қатысты. Сонымен қатар 500-ден астам мұғалімге онлайн ресурстар мен National Geographic журналын білім беру мақсатында қолдану бойынша воркшоптар өткіздік. Бұл — журналға тұтас аймақтар бойынша қолжетімділік беретін жобадағы біздің үлесіміз.

Бұл серіктестердің басым бөлігі - әлеуметтік жауапкершілік мәдениеті бар шетелдік ұйымдар. Алайда отандық бизнестің де мұндай ағартушылық жобалардың маңызын түсініп, олардың қоғам үшін ұзақ мерзімді пайдасын ұғынғанын қалаймыз.

- Жақында сіздер Turning Points журналының қазақстандық нұсқасын іске қоспақшы екендеріңіз белгілі болды. Оның ерекшелігі неде?

- Turning Points Qazaqstan — бұл идеялар алаңы, ол жаһандық пен жергіліктіні байланыстырады. Журнал мен 2026 жылғы ақпанда Астанада өтетін форум  Қазақстанның әлеммен тең дәрежеде сөйлесетін орны болмақ.

Біз болашақты айқындайтын тақырыптарды көтереміз: энергетикалық көшу, жасанды интеллект, климат, су қауіпсіздігі, азық-түлік тұрақтылығы, креативті индустриялар, цифрлық экономика, адами капиталды дамыту. Бұл талқылауларда Қазақстанның даусы толыққанды әрі салмақты шығуын қалаймыз.

Қазір біз мемлекеттік органдармен, отандық және халықаралық бизнес қауымдастықтарымен, соның ішінде Америка Сауда палатасымен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар форумды дайындауға және өткізуге қолдау көрсетіп отыр.

- Сіздер жуырда Harvard Business Publishing-пен келісім жасадыңыздар. Бұл аймаққа не береді?

-  Harvard Business Publishing — көшбасшылық пен менеджмент саласындағы ондаған жылдық зерттеулер мен тәжірибелер. Біз осы онлайн өнімдерді Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда сату бойынша эксклюзивті құқықтар алдық, болашақта контентті қазақ және орыс тілдеріне бейімдеу мүмкіндігі де қарастырылған.

Harvard Business Publishing жай ғана курстар емес, ондаған жылдық зерттеулерге негізделген әдістемелерді ұсынады. Олардың қорында — басқару дағдылары бойынша 42 курстан тұратын Harvard ManageMentor, сондай-ақ 20 000 мақала, 3 000 видео, 500 курстан тұратын Harvard Business Publishing Collection бар. Бұл — жаңа типтегі менеджерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін ресурстар. Ондай маман — әлемге ашық, жүйелі ойлайтын, өмір бойы үйренуге қабілетті адам.

- Бизнес пен мемлекеттік құрылымдар мұндай білім беру өнімдеріне қаншалықты қызығушылық танытып отыр?

- Бұл өнімдер Қазақстанда әлі ресми түрде іске қосылған жоқ. Қазір команда жоба мен платформаның техникалық жағын әзірлеу үстінде.

Бүгінгі таңда біздің аудитория өте шектеулі — ағылшын тіліндегі контентті түсінетін адамдар. Алайда заманауи технологиялар бұл материалдарды игеруге мүмкіндік береді, егер адам өзі ниетті болса.

Бірінші жылы біз бүкіл контентті бейімдеуді мақсат етіп отырған жоқпыз — бұл өте еңбек пен қаржыны қажет ететін процесс. Әзірге біз бастапқы тілдегі контентпен жұмыс істеуге дайын ұйымдарға басымдық беріп отырмыз.

Соңғы уақытта корпоративтік оқытуға деген тұрақты қызығушылық байқалуда. Себебі командаға салынған инвестиция — ең маңызды актив, ал заманауи басқару тәсілдерінсіз өзгермелі әлемге бейімделу қиын.

Журналдар мен кітаптарды локализациялау сияқты бұл бағыттың мақсаты - дүниежүзілік білімге ана тілінде қолжетімділік беру және адамның кәсіби дамуына ықпал ету. Қазіргі таңда, технологиялар әлемді күн сайын өзгертіп жатқанда, өмір бойы оқу бұрынғыдан да өзекті бола түсті.

- Қазақстанның әлемдік аренада толыққанды ойыншы болуға ұмтылысы аясында сіздердің миссияларыңызды қалай сипаттауға болады?

- Біздің мақсатымыз — жаһандық білім мен жергілікті шындықтың арасында көпір болу. Біз тек аударып қана қоймай, контентті Қазақстанның мәдени және білім беру контекстіне бейімдейміз, қайта өңдейміз. Бұл — лингвистика, педагогика және креатив тоғысындағы күрделі жұмыс. Біз қазақ тілі білім беру мен кәсіби ортада ерекшелік емес, қалыпты құбылыс ретінде қолданылғанын қалаймыз.

Біздің формуламыз қарапайым: егер біз Қазақстанды терең интеллектуалды және инновациялық дамыған елге айналдыруды шын мәнінде қаласақ, онда әрбір ауылдағы балаға, әрбір студентке, кең ауқымда ойлап, алға ұмтылудан қорықпайтын әрбір маманға — үздік әлемдік білімге қазақ тілінде қолжетімділік қамтамасыз етуіміз керек. Kazmedia Holding дәл осы сеніммен жұмыс істеп келеді.

Сұхбаттасқан: Нұржауған Мұқанова 

Өзбектерді той шығыны мазалайды
Аналитика
|
14.07.2025 17:13
2025-07-14 17:13:00

Ең көп оқылған