freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ғылым мен білім - жаңа Конституциядағы стратегиялық басымдық

Қоғам
Ғылым мен білім - жаңа Конституциядағы стратегиялық басымдық
Фото: Жұбанов университеті

Конституциялық реформа аясында ұсынылған жаңа Ата заң жобасында білім, ғылым және инновация алғаш рет мемлекеттің негізгі құндылықтары ретінде айқындалып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Басқарма төрағасы - ректоры Лаура Қарабасова мәлімдеді.

Оның айтуынша, ғылыми-техникалық дамуды конституциялық деңгейде бекіту - елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған стратегиялық шешім. Бұл ғылымды мемлекеттік саясаттың өзегіне шығарып, саланың тұрақты дамуына институционалдық кепілдік береді.

«Мысалы, Оңтүстік Корея Конституциясында ғылым мен технологияның дамуын экономикалық өсіммен байланыстыру білім экономикасына көшуге негіз болды. Ал Қытай конституциялық ережелері ғылымды модернизация стратегиясының өзегіне айналдырып, ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған нақты шаралардың жүзеге асуына жол ашты», - деді сарапшы.

Ол сондай-ақ Германия, Финляндия, Эстония және Түркия елдерінде ғылым мен шығармашылық еркіндік Конституция деңгейінде бекітілгенін атап өтті. Мұндай норма ғылыми ізденістің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, зерттеулердің сапасын арттыруға ықпал етеді. Ғылыми саясаттағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, академиялық еркіндікті қорғауға жағдай жасайды. Жаңа конституциялық өзгерістер ғылыми инфрақұрылымды дамытуға, зерттеу университеттерінің мәртебесін нығайтуға және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады. Қарабасованың пікірінше, жаңа нормалар ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге де серпін береді. Ұзақ мерзімді бюджет кепілдігі іргелі зерттеулерге, жоғары технологиялық өндірістерге және университеттік ғылымға инвестиция тартуға мүмкіндік ашады.

«Бұл ғылым үшін түбегейлі өзгеріс кезеңі. Жаңа Конституция зерттеу қызметін қорғаудың берік негізін қалыптастырып, саланы қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді және оның бюджетін қысқартудан қорғау үшін заңдық негіз жасайды. Ал бұл салада шамамен 23 мың ғылыми қызметкер мен 47 мыңдай профессор-оқытушы, 9 мыңнан астам докторант бар екенін ескерсек, үлкен әлеуметтік санаттың құқығы мен мүмкіндіктері ескеріліп отыр. Мұндай оң қадам 700 мыңға жуық студент үшін де мультипликативті әсер беретіні сөзсіз», - деді Лаура Қарабасова.

Сарапшының айтуынша, ғылым мен инновацияның Ата заң деңгейінде айқындалуы елдегі адами капитал сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді. Академиялық еркіндік пен зерттеу бастамаларын қорғау - жаңа білім қалыптастырудың басты шарты.

«Ең бастысы, ғылымның конституциялық мәртебесі саланың тартымдылығын арттырып, талантты жастарды ғылыми ортаға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл - тек білім беру жүйесінің емес, тұтас ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты дамуына салынған инвестиция», - деп түйіндеді Қарабасова.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу