Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы швейцариялық инвестор Корнелия Люк Ярчикке қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл туралы Ақ Жайық басылымы жазыпты.
Қылмыстық іске арқау болған оқиғалар 2016 жылдың қыркүйегінде орын алған. Сол кезде қазақстандық кәсіпкер жалған құжаттарды қолданып, инвесторға тиесілі «УК Ринком» ЖШС-нің 80% үлесін заңсыз сатып жіберген. Ұлытау облысындағы темір рудасы кен орнын игерумен айналысатын бұл кәсіпорынның үлесі небәрі 63 миллион теңгеге сатылғанымен, инвесторға келтірілген шығынның жалпы мөлшері 3.5 миллиард теңгені құрады.
Осы іс бойынша 2026 жылғы 27 сәуірде шыққан сот үкімімен азамат М. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, ол 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленетін болды. Бұған қоса, шетелдік инвестордың 3,5 миллиард теңге сомасындағы азаматтық талап-арызы сот шешімімен толық көлемде қанағаттандырылды. Бас прокуратура бұл істің жан-жақты, объективті әрі сапалы тергелуі нәтижесінде инвестордың бұзылған құқықтарының толықтай қалпына келтірілгенін атап өтті.