БАӘ Қорғаныс министрлігі 7 наурыз күні таңертең Иран ел аумағына 16 зымыран мен 121 дрон ұшырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, бұл Иран президенті Масуд Пезешкианның көрші елдерге шабуылды тоқтатуға уәде бергеніне қарамастан орын алған.
Иранның шабуылдары туралы Катар мен Бахрейннің әскери ведомстволары да мәлімдеді, алайда егжей-тегжейлі ақпарат берілмеді. Ал Сауд Арабиясы әскери-әуе күштері Шайба мұнай кен орнында бірнеше дронды және Эр-Риядтың оңтүстік-шығысындағы америкалық әуе базасы маңында екі зымыранды қағып түсіргенін хабарлады.
Бұған дейін Иранның мемлекеттік телеарнасы президент Масуд Пезешкианның көрші елдерден кешірім сұраған үндеуін жариялаған еді. Ол егер олардың аумағынан Иранға қарсы шабуылдар жасалмаса, Тегеран басқа мемлекеттерге соққы беруді тоқтататынын айтқан. Дегенмен Иран Қарулы күштерінің командалық орталығы АҚШ пен Израильдің әскери нысандарына соққылар қай жерде болса да жалғасатынын мәлімдеді.