«Қайрат»футбол клубының дәрігері ұшақ рейсінен «бомба» туралы әзілі үшін түсірілген, деп хабарлайды Malim.kz NEGE-ге сілтеме жасап.
Оқиға 28 ақпанда Астана халықаралық әуежайында болған. Елордадан Алматыға ұшу кезінде тіркеу орнында «Қайрат» футбол клубының дәрігері Дастан Тұралиевтен қол жүгінде тыйым салынған заттар бар-жоғы сұралған. Ол әзілдеп, өзімен бірге «бомба» бар екенін айтқан. Осыдан кейін ішкі терминалға кинологтар жіберілген. Іс ұсақ бұзақылық ретінде рәсімделген.
Еске салсақ, ол күні «Қайрат» «Тобол» командасына қарсы Қазақстан Суперкубогы матчында ойнады. Кездесу Астана-Арена стадионында өтті және алматылықтардың пенальти сериясындағы жеңілісімен аяқталды (негізгі уақыт – 2:2, пенальти – 4:5).
Дастан Тұралиев 38 жаста. Ол С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті түлегі. Алты жыл жедел медициналық көмек дәрігері болып жұмыс істеген. Кейін Алматыдағы Дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында спорттық медицина мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен.
2016 жылдан бері «Қайрат» клубы құрылымында еңбек етеді. Әуелі клуб академиясында дәрігер болды, кейін қосалқы құрамның денсаулығына жауап берді. 2019 жылдан бастап негізгі команданың дәрігері. Сары-қаралар сапында Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған.
«Бомба» туралы әзіл
Қазақстан Республикасының ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін жаза қарастырылған. Бұл қылмыс үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.