«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Шымкенттік ұстаз Роза Керімбекова
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Шымкенттік ұстаз Роза Керімбекова
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «100 жаңа есім» жобасының ІV маусым қорытындысы бойынша ақпараттық комуникациялық орталығында брифинг өтті.
Шымкент қалалық "Рухани жаңғыру" бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева айтуы бойынша.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 адам халық тарапынан көп дауысқа ие болып, топ жарды. Қатысушылар бағдарламадағы білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік секілді мықты бағыттардың негізінде іріктелді. Байқау қорытындысы бойынша Шымкент қаласы М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Роза Керімбекова үздіктер қатарынан көрінді. 7 бағыт (білім, мәдениет және спорт, медицина, ғылым және инновация, қоғам, бизнес, экология) бойынша дара шыққандарды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мәдениеттің дамуы осындай талантты, білімді азаматтардан қалыптасады. Байқау жеңімпазы мұғалімдер арасынан шыққанына қуанамын. Мұғалімнің мәртебесі көтерілсе, барлық саладағы мәдениет көтеріледі. Игі істердің басында жүрген дарынды жандардың есімін танытуымыз тиіс, – деді бөлім меңгерушісі.
Баспасөз мәжілісінде Шымкент қалалық Білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Г.Баймұсаева ұлағатты ұстазды жетістігімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Роза Аршабайқызы – көптеген республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын дайындаған білікті маман. Қазіргі таңда шәкірттерін білім нәрімен сусындатып отырған тәжірибелі ұстаз.
Брифинг барысында Роза Керімбекова байқау қорытындысын естігенде қуанышында шек болмағанын жеткізіп, өзін жобаға ұсынған қалалық Білім басқармасы мен дауыс беріп қолдау көрсеткендерге ерекше алғысын білдірді.
–Қазақстанның кез келген азаматы өтініш бере алатын бұл жобаға Қалалық Білім басқармасының ұсынумен қатыстым. Бірінші кезең дауыс беру бойынша іріктелді. Бастапқыда қобалжулар мен сенімсіздіктер болды. Алайда айналамдағы адамдардың, әріптестерім мен ата-аналардың, БАҚ өкілдерінің қолдауы маған үміт артып, сенім білдіруі нәтиже көрсетіп, келесі кезеңге өттім. Екінші кезең Елордадағы әділқазылардың іріктеуімен қорытындыланды. Ал «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанғанымды естігенде төбем көкке жеткендей болды. 30 жылдық ұстаздық өмірімнің нәтижелі жемісін бере алғанына қуандым. Қолдау көрсеткен жандарға алғысымды білдіремін, – дейді жеңімпаз мұғалім.
Еске сала кетейік, 2017 жылдан бері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына 7,5 мың адам қатысып, талай талант өз есімімен танылған болатын. Биыл аталған байқауға 3 мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Жас шектеуі жоқ бұл жобаның бәсекеге қабілетті азаматтардың біліктілігін шыңдауда үлесі жоғары.