Аймағамбетов 36 мыңға, қала тұрғыны 93 мыңға керек-жарақ алған.
Оқу-ағарту министрі Аймағамбетов бүгін айды аспанға бірақ шығарды. Ол мектепке баратын баласына 36 мың теңге ғана жұмсапты. Мектеп формасын сатып алған чекті де жариялады.
«Дүкеннен мектеп формасын сатып алдым. Ол жерде бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алдық. 36 мың теңгеге жуық ақша кетті. Костюмі мен шалбарын және көйлегін алдым. GLASMAN деген дүкен бар. Егер сіздерге керек болса, әрине. Кезекте адамдар көп болды. Кезекке тұрып, өлшемін келтірдім. Ол мектепке баратын бір балам», - деді Үкімет кулуарында Асхат Аймағамбетов.
Астаналық Мәншүк Нұржанқызы жақында мектепке баратын қызының керек-жарағына 93 мың жұмсаған. «Атап айтқанда, кеңселік тауарларға 15 мың, сөмкесіне 17 мың, юбкасына 9 мың кетсе, туфлиге 26 мың теңге төлеген».
Мәншүктің айтуынша, бұл сомаға кітап кірмейді. Сатып алуымыз да мүмкін. Егер сатып алсақ біраз ақша кетіп қалады дейді ол.
Ал Аймағамбетов мұндай арзан керек-жарақты қайдан алғаны белгісіз. Қарапайым қала тұрғыны 93 мыңға сауда жасаса, министрдің 36 мың жұмсағаны көңілге қонымсыз. Министрлер неге халыққа ашық ақпарат бермейтіні түсініксіз. Қант бағасы аспандап тұрғанда Сұлтанов «қант жемеймін, бал қосып ішемін» деп шықса, ал жаңа министр Жұманғарин бүгін шайға тосап қосып ішемін деп елді күлкіге қарық қылды.