Елтаңбаның белгісі санада тез жатталуы керек
Мемлекеттік рәміздерді білмеуі, оларға қызығушылық танытпауы өз тамырына үңілмейтінінің, өз тарихына қызықпайтынының нәтижесі
Жастардың ұлттық болмыс, мемлекеттік құндылықтарды терең білмейтіні рас. Олардың түсінігі, танымы бөлек. Басқа елдердің мәдениетіне еліктеу басым. Мемлекеттік рәміздерді білмеуі, оларға қызығушылық танытпауы өз тамырына үңілмейтінінің, өз тарихына қызықпайтынының нәтижесі. Ал сөйткен ұрпақты бұдан әрі жоғалтып алмау үшін тәрбиеге айрықша көңіл бөлу керек. Мұны мемлекеттік рәміздерге қатысты да айтуға болады.
Мәселен, жақында сауалнамаға жауап берген жастардың 70 пайызы елтаңбаны білмеген, көп таңбалар ішінен тауып бере алмаған. Кейбірі елтаңбада не бейнелегенін білмейтін болып шықты. Әуелі елтаңбаның қос қапталында тұрған пырақты «единорошка» деп шатасқандар да бар.
Меніңше, мемлекеттік рәміздердерге әр белгі талас тудырмайтындай, күмән келтірмейтіндей, дүдамал ойға жетелемейтіндей болуы шарт. Егер елтаңбаны сауалнамаға қатысқандардың 10 пайызы білмесе, онда бұларды білімі таяз, көргенін жадында сақтамайтын әлсіз топ деп қоя салуға болар еді. Өйткені, елтаңба кез келген мемлекеттік мекеме, мектеп, университеттердің кіре берісінде көрнекі жерде тұрады ғой. Күнде көріп жүрген елтаңбаны адамдар жаттап алмай ма? Ал сұралғандардың 70 пайызының елтаңбаны таба алмауы ондағы белгілердің тез жатталмайтынын, жастардың санасында сақталмайтынын көрсетіп тұр. Сондықтан, егер елтаңбаны өзгертер күн туса, онда әр элементтің ұлт болмысынан, халық мұратынан хабар беріп қоймай, дүдамал ойға жетелемейтін, айқын, анық болуына баса назар аударған жөн. Өйткені, елтаңба – елдің бейнесі. Онда бүкіл бағдар, тарих, құндылық суретпен айтылуы тиіс. Елтаңба адам санасына артық сөзсіз қабылдануы керек. Ал әр элементі қосымша түсіндіруді, ұғындыруды қажет ететін елтаңбаның құны төмен.
Гүлнар Мәлікқызы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,
Философия ғылымының кандидаты