«Еңбегімді қазаққа дәлелдей алмай жарты ғасыр өтті». Майра Мұхамедқызы жанайқайын жеткізді
Ол өзінің әлі күнге дейін «Халық әртісі» атағын ала алмай жүргеніне қапалы.
Қазақстандық танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы өнер саласына сіңірген еңбегі ескерілмей, әлі күнге дейін «Халық әртісі» атағын алу бұйырмағанын айтып, өкінішін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі еңбегінің шетелде көбірек бағаланып, лайықты құрмет көрсетіліп жатқанын атап өткен.
Мен Астана Шабыт академиясында бес жыл вокалдан сабақ беріп, шәкірттерім халықаралық жүлделер алып, жеңіспен оралғанда еңбегімді ешкім бағалаған емес. Сондағы алған жалақы 17,000 теңгемен бағаланыпты. Күлкім келеді ойласам. Қайран уақыт пен сарқылған қуатың де! Ал Қырғыз бауырлар Қырғызстан ұлттық консерваториясының профессоры атағын баяғыда беріп қойған, - дейді өнер иесі.
Әншіні шетелдегі сахналарда «Халық әртісі» деп шақыратын болған. Алайда, ол өзінің бұл атақты әлі күнге дейін ала алмағанын жеткізді.
Ал біздегі атақ жайлы ойлаудың өзі жаныңа батады. Халық әртісі атағы жаңғырған былтырғы марапатта маған неге берілмегенін айтпай-ақ қояын. Еңбегімді Қазаққа дәлелдей алмай, бағатала алмай жарты ғасыр өмір өтіп барады. «Өміріңіз алда» дейтіндерге айтарым: Атаңның басы! Осындай халықаралық іс шараларда мені “ҚР халық әртісі” деп жариялағанда бетімнен от шығып, көңіл күйім бұзылады. Біреулер айтқандай: Сертификаты жоқ халық артисісің дегенде жүргізушіге жүгіріп барып «Өтінемін. Жай ғана Сопрано-Майра Мұхамедқызы, Қазақстан» деп айтыңызшы» деймін. Е, бір кем дүние, де!, - дейді әнші.
Ол жас күнінде шетелге кетпей, елге оралғанын атап өтті.
Бәрін айт та бірін айт, Лариса Гергиевамен 30 жылдан соң кездескен бұл кеш талай өткенді еске салды. 1995 жылы Халықаралық Римский-Корсаков конкурсына қатысқан кезімде Лариса апам мені Маринский театрға қалсаңызшы, Валерий Гергиев жаңа директор болды. Талантты жас әншілерді қолдайды деген ұсынысына орысша білмегенім үшін жүрексініп, рақметімді айтып, елге оралған болатынмын. Кеше апам соны айтып «Ал енді не болды?! Сен сол кезде мені тыңдағаныңда осы күні қай жерде жүрер едің?» демес пе, жастық шақта істеген қатемді енді түсіндім, «Бұл тағдыр, Маэстро» дегеннен басқа сөз таппадым. Иә, тағдыр өз қолыңда! Қасыңда жүрген дұрыс жол сілтеп ақыл айтатын адам ұстазың болсын дегім келеді жастарға!
Айта кетейік, Майра Мұхамедқызы 1965 жыл, 5 қыркүйекте Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған. Париждегі "Гранд Операда" Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі.
Фото: instagram.com/mairaopera/