Еріктілер әрқашан да бәрімізбен бірге!
Халықаралық волонтерлер күніне орай «Волонтерлікті дамыту үшін бірге әрекет етеміз» атты жиын өтті

Танысына, бейтанысына жасаған жәрдемі, жақсылығы көзге көрінбейтін, бірақ, қоғамдық шараларда олардың көмегінсіз мына дүние мейірімге, қуанышқа бөленбейтін бір сиқыр бар. Сол сиқырдың иесі халықаралық тілмен айтқанда – волонтер, қазақшаға салсақ – ерікті. Бүгінде жиі айтылатын, құрылуы дұрыс азаматтық қоғамның алғашқы кілтін ұстап тұрғандар да осы волонтер яғни, еріктілер. Бұлар араласпайтын, бұлар жүрмейтін сала жоқ: төтенше жағдайда, әлеуметтік шараларда, жан-жануарларды қолдау мен қолдауда, тұрмыстық тауқыметте, мәдени кештерде, медицинаның донорлық тапсырысында, спорттық додада тағысы тағы.
Соңғы жылдары бір қуанарлығы елімізде еріктілер қатары қаулап өсті. Қазір тіпті, бұрынғыдай ерікті мен волонтерге тегіннен тегін елдің шаруасын істеп, уақытын бос өткізетін еріккен жан ретінде қарамайтын да болды. Қайта, оларды сөзбен іспен қолдау басым.
Сондай-ақ, волонтерлер бұрынғыдай шашыраңқы, жеке дара ретсіз жұмыстан кетіп, бір жүйеге жұмылып жатыр. Бұл бастама дер кезінде көмек көрсету, қажет шақта қолдау білдіруге, уақыт пен күшті үнемдеуге көп көмегін тигізуде.
Осы ретте 4-5 желтоқсан күндері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ және «Birgemiz» Республикалық волонтерлер Фронт-офисінің ұйымдастыруымен алқалы жиын өтті.
5-желтоқсан Халықаралық волонтерлер күніне арналған қорытынды жиынға еліміздің 14 облысынан және республикалық маңызы бар 3 қаладан 17 аймақтық фронт-офистің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, осыған дейін атқарған, алдағы уақытта атқарылуы тиіс мәселелерді талқылады.
Аймақтық волонтерлердің Фронт-офистерінің нәтижелері, жетістіктері, өңірдегі еріктілермен кері байланыс, волонтерлік жобалардың қызметі, оларды ілгерілету мен жариялау, әлемдегі волонтерлік ахуалдың 2022 жылғы баяндамасы (UNV), үздік волонтерлік тәжірибелердің
тақырыбы көтерілген конференция тартысты да, танымды форматта өтті.
Жиынның ашық пікір таласта өтуінің өз себебі де бар.
Жиын залының бір қапталында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров, Азаматтық қоғам істері комитетінің бас маманы Роман Краснощеков, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы Нұрбек Матжани, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының сарапшысы Ерік Батырханов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқарма орынбасарының төрағасы Айнаш Гайсиналар отырса, екінші қапталда «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк, «Birgemiz: áreket ýaqyty» Фронт-офисінің координаторы Айбек Досымбетов, сарапшысы Татьяна Шолудько, тренер, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ маманы Владимир Алексанин, «Best for kids» президенті Александра Крашинина, БҰҰ Волонтерлер Бағдарламасының Қазақстандағы Елдік үйлестірушісі Никита Шабаев, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Летисия Баззии-Вейл, ЮНФПА бастаған Y-PEER Kazakhstan желісінің ұлттық үйлестірушісі Темірханов Аслан, «DOS.Co» қорының директоры Айнұр Аймурзина, «Greental» әлеуметтік кәсіпорынының және мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалту орталығының волонтері Айдана Мақышева, Қазақстандағы ДДСҰ-ғы БҰҰ волонтері Айдана Ергалиева, Қазақстандағы ЮНИСЕФ БҰҰ волонтері Пархат Юсупджанов, Қазақстандағы БҰҰ ДБ волонтері Салтанат Ботеулер отырып, ашық әңгіме өрбітті.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» мен «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымдастырған бұл жиында волонтерліктің дамуы, кемшіліктерін түзету, алға жылжуына жағдай жасауға нақты ұсыныстардың талқылауы, оны жүзеге асырумен аяқталды.