Мемлекеттік сыйлықтың сиқы қашты. Әдебиет төңірегінде тағы шу
Шығармашылық ісіне рудың қаншалық қатысы бар?
Аты дардай мемлекеттік сыйлықтың маңайынан шу арылмай келеді. Жақында 2022 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өткен. Басқа салалар ың-шыңсыз, әдеттегідей әдебиеттің айналасы талас-тартысқа толы. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша келесі кезеңге өткен үміткерлер анықталды. Олар ақын Ғалым Жайлыбай, жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Тұрысбек Сәукетай. Алайда бұл шешіммен келіспейтіндер әлеуметтік желіде өкпе-ренішін жазып жатыр. Айталық, қаламгер Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» романы мәреге жетпей қалған. Жазушының өзі де наразылығын білдіріп, әділетсіздік орын алды дейді. «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» кітаптары екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде резонанс алып жатқаны рас. Олар - полигонның қасіретін менің кітабым арқылы біліп, жаны ашығандар. «Абай» Мемлекеттік сыйлық комиссиясында менің кітабыммен таныс емес басқа саланың мамандары болған екен. Өнер мен әдебиет және құрылыс-дизайн саласының бәрі бірге дауыс бергеннен мен тиісті мәреден өте алмадым. Оқырмандарым мұны әділетсіздік деп қабылдауда», деп ренішін білдірді.
Әдебиеттанушы Анар Қабдуллина да Сәуле Досжанға қиянат жасалды деген пікірде. «Сіздердің бес жылдан бері қолдан-қолға тигізбей, Семейдің ғана емес, күллі адамзаттың қасіретін паш еткен ядролық полигон жайлы жазылған «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» дилогиясын «Абай» атындағы Мемлекеттік сыйлық комиссиясының отырысында Батыраштар «басын шапты». «Ғаламдық тақырыпты көтерген, өз ұлтына жасалған геноцид жайлы айтылған шығарманы жапондар мен чернобльдіктер сияқты қолдауға «намыстары» жібермеді. Жүзге бөлінген рулық деңгейден, жершілдіктен аса алмады! ҚР Мемлекеттік сыйлығының кешегі отырысында күллі халық оқыған шығарманы, полигон құрбаны болған ұлттың қасіретті шындығы жазылған кітапты халық алдына талқылуына жібермей, бір шоғыр топ үнін өшірді».
Сондай-ақ наразылық білдірген топ « Неге Мемсыйлыққа әйелдер өтпейді?» деп те дауды қыздырып жатыр. Конкурста Сәуле Досжанмен қатар жазушы Мағира Қожахмет те орта жолдан тоқтатылған. Басты кінәрат – рушылдық пен жершілдік, сол баяғы тамыр-таныстық дейді олар. Ақын Маржан Ершу әлеуметтік желіде «Тізімнен Сәуле Досжан сызылып қалыпты. Сәуле Досжанның Роза Мұқановадан несі кем? Драмалары сыналып жатса да, Роза Мұқанова алды ғой мемсыйлықты. С.Досжан шығармалары шет тілдерге аударылып, шетелде мақталып жатыр екен. Мұны да ескерген жөн болар еді. Топтанған қарға - тірлік әдебиетті өсірмейді, таланттарды құлазытады. Жалпы осы сыйлық деген жазушыларды жік-жікке бөліп болды» деп жазады. «Мемсыйлық комиссиясының мүшелерінің дені неге Шығыстан?», «Жазушылықта Наймандар мықты, қолдап-қолпаштап жүреді екен бір - бірін ту көтеріп» дей келе «Керегі бар ма соның өзі» деген сұрақ қойды.
Бүгін Маржан Ершуға сыншы Құлбек Ергөбек хат жазып, мемлекеттік сыйлық жөніндегі ойларын жеткізді. «Сен айтып, сыртынан жұдырық түйіп отырған, әлгі інім сыртынан сыпыра (Жазушылар одағын, хатшыларымен қоса) «боқтап» жіберген ( Қадірбек Сегізбаев, Тұрысбек Сәукетаев т.б) бәрі бірдей Найман руынан емес екен ғой. Бетімнің оты шыға отырып сұрап білдім. Тіпті Сен айтқандай, бәрі бірдей Найман руынан болған күнде, шығармашылық ісіне рудың қаншалық қатысы бар? Сараптаушы комиссия бар емес пе?! Әлде, комиссия түп-түгел Найман руынан бас құраған ба? Мұның әділетсіздік, қалқам», дейді Қ.Ергөбек.
Жазушы екінші кезеңге өтпей қалған Сәуле Досжанның да «арзан сөзге арандамағанын, сыйлық үшін күйзеліске түсіп, арзан жарнама үшін табанынан тозбауын» қалайтынын жазыпты. «Ол жазған «Қасірет пен тағдыр» дилогиясы тақырыбын ашу, бағалау үшін, Семей ядролық полигонын жаптыру қадамына тұңғыш барған КПСС қайраткері Кешірім Бозтаевтай асыл азаматтың қаламынан туған деректі екі қасіретті хикаятты оқудан бастау керек шығар асылы. Тақырыптың игерілуі, әдеби дәстүр мәселесі жөнінен жапон жазушысы Кэндзабуро Оэ деректі дүниелерін де қатыстыра қарастыру жөн шығар» деп көзқарасын білдіреді.
Мемсыйлық туралы жаңа толқын жастардың да пікір-көзқарасын білдік. Жазушы-әдебиеттанушы Қуат Қиықбай Мемлекеттік сыйлық мәселесін түбірімен реформалау керек деген ойда. «Бізде мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған авторға сын қалай жазылады? Баспасөз бетінде «бұл бір керемет шығарма екен, теңдесі жоқ туынды» деген сияқты біржақты пікір беріледі. Оның өзін үміткер қасындағы сыйлас, сырлас, замандастарынан сұрап алады. Біздегі сынның сұқыты тек мақтау ғана. Бұрнағы жылдары екі-үш ағамыз хабарласып, «осындай еңбегіміз шықты, соған жақсы сөзіңді арнасаң» дегендей өтініш білдіретін. «Алдымен оқып шығайын» десем ол шығарманың тақырыбы жақсы деп бой бермеуші еді. Оларды тек мақтау керек. Тақырыпты барлығы да көтереді, ал оны ашу таңдаулы таланттардың ғана қолынан келеді. Шығарманың ішінде бір қайнауы бар жерлері болса бетке айту керек».
Қаламгердің айтуынша, мемлекеттік сыйлыққа түсіп, іріктеуден өтпеген қаламгердің айналасында өзін мақтайтын жақтастары көп. Егер әділетсіздікке тап болды делінетін шығарма болса тап қазір емес, осыған дейін жазылуы керек еді.
«2020 жылы Тынымбай Нұрмағамбетов мемсыйлыққа ұсынылып, қазылар құлатқаннан кейін қоғамдық пікірлер туындап, жазушы сыйлыққа қол жеткізді. Кейінгі әрекеттерден сол Тынымбайды қолдаған секілді жағдайды қолдан жасауға талпыныс байқалады. Бірақ, Тынымбайдай жазушыны таба қою екіталай», дейді ол.
Қуат Қиықбай төңірегінде дау туып жатқан Сәуле Досжанның шығармасы туралы да пікір білдірді. «Қасірет пен тағдыр» романын көркем дүние деуге келмейді. Себебі, кітапта публицистік сарын байқалады.
Әдебиеттанушы маңызды сыйлық иегерлерін бағалау жүйесін де өзгерту керек деген пікірде. «Комиссия шешті дей салмай, қоғамның да пікірі ескерілуі қажет. Кәсіби сыншылар байыпты баға беріп, әдебиет институты мамандары шығарманы талқылауға араласқаны абзал. Сонда ғана мемлекеттік сыйлық әділ бағаланады».
Қуат Қиықбай осы ретте қатып қалған қасаң қағидаларды бұзуымыз керектігін айтады. «Мемлекеттік сыйлық дегенде көз алдымызға өмір бойы әдебиетке жұмыс істеп, шаршаған, шалдыққан, шал-кемпірлер елестейді. Біздіңше, айтулы марапатқа 30-40 тан-асқан қаламгерлер де қатысуы қажет. Себебі, бір жазушының 60-70 жасқа дейін жаза алмаған туындысын әлдебір жас қаламгер 30-40 жасында жазып тастауы әбден мүмкін. Дер шағында берілмеген сыйлықтың құны бес тиын».
О.Әбіл