Қисайған үйге келгенде Сағынтаев Құдайдан қорқады
Алматының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ бүгін түске дейін қала тұрғындарына есеп берді. Сұрақ-жауап кезегінде Алатау ауданының тұрғыны Гүлжан ОМАРХАНҚЫЗЫ қисайып қалған Зерделідегі (бұрынғы Алғабас) көпқабатты үйдің болашағы не болмағын сұрады.
Қала әкімі бұл сұраққа бірден жауап бере алмай, біраз тосылып қалды. Сосын, тұрғындармен бұған дейін жолыққанын, сол кезде «осы үйде тұра берсек, құлап қалмасына кепілдік бересіз бе?» деген елдің ашық сұрағына нақты жауап бере алмай, «мен де Құдайдан қорқамын, жаман атты болғым келмейді» деп айтқанын көпшілікке жайып салды.
«Ипотекамен, мемлекеттік бағдарламамен пәтер алғандардың жағдайын түсінемін» деген әкім сәуір-мамыр айларында жұмыс бітетінін, мамандардың айтуынша, қисайған көпқабатты үйдің тұруға жарамды екенін де айтып өтті.
-Әрине бірінші кезекте сіздердің көңілдеріңізден шығу, көңілдеріңізден шыққан кезде алдағы уақытта үйдің нық тұратынына сенім болмаса, басқаша көмектерді қалай жүргізетінімізді қараймыз, рақмет!- дей салды қала әкімі.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың соңында Зерделі шағын ауданындағы көпқабатты №179 үй қисайып кетіп, ондағы тұрғындарды қала әкімшілігі уақытша басқа жаққа көшірген. Сол кездері Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының атқарушы директоры үй 7,5 сантиметрге қисайғанын, ал тұруға жарамсыз деп тану үшін 8 сантиметр болуы керектігін де айтқан болатын. Бірақ, қисайған үйдің тұрғындары осы күнге дейін уақытша жерде тұрып келеді және қала әкімдігінен нақты жауап күтіп отыр.
Сөз реті кеп тұрғанда айта кететіні, 2016 жылы дәл осы Алғабаста (қазіргі Зерделі) жаңа салынған тоғызқабатты тұрғын үй 30 сантиметрге қисайып кетіп, оны кейіннен жергілікті билік сүріп тастауға шешім шығарған.
КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!