Қ.Тоқаев: Үстел теннисі жеңіске жетеріне үміттімін

Malim Админ

  • 23.11.2020

Қарағанды қаласына сапарлап барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан салынған теннис орталығына арнайы барғанын Ақорда сайты хабарлады.
Президентке бір мезгілде 650 бала жаттыға алатын орталықтың техникалық жабдықталуы егжей-тегжейлі баяндалыпты. 11 корты (7-уі жабық) арнайы дене шынықтыру жұмыстарына арналған залдары бар  орталықта ATP/WTA Challenger деңгейіндегі әлемнің үздік 100 ойыншысы қатысатын халықаралық және республикалық теннис жарыстарын өткізуге, сондай-ақ, отандық спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік жасалған.
Қала өміріндегі осындай маңызды нысанның пайдалануға берілуімен құттықтаймын. Біз қазір бұқаралық спортты дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мына спорт орталығы барлық балалардың үлкен тенниспен шұғылданып, денсаулығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл көпжақты әрі ыңғайлы нысан. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмішұлы Өтемұратовқа ризашылығымды білдіремін, – депті мемлекет басшысы.

Орталықтың жалпы көлемі 7,8 мың шаршы метр. Мәжіліс залы мен 2 кафетерий, қонақ үй кешені және бар. Орталықты салуға жеке инвесторлар 2,4 млрд теңге салған.
Сондай-ақ,  президент Үстел теннисі орталығының жұмысымен танысыпты. Жаңадан ашылған спорт нысанында 18 үстелге арналған ойын залы, 9 теннис үстелі орналасқан жаттығу залы, медицина және массаж кабинеттері, жаттығу залы, әкімшілік ғимараты, төрешілер мен бапкерлердің бөлмелері, мәжіліс залы мен VIP-орындар бар екен. Орталықта күніне 400 адам үстел теннисін ойнай алады.

Бұл тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық екен. Үстел теннисінің президенті Данияр Әбілғазинге, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке, Қазақстан үстел теннисі құрамасының бас бапкері Эльмира Әлиеваға алғыс айтқым келеді. Болашақта үлкен жеңіске жетесіздер деп үміттенемін. Көп жаттықсаңыздар, жетістік те мол болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орталық құрылысына Үстел теннисі федерациясы 1 млрд 950 млн теңге қаржы жұмсаған.
Айта кетерлігі экс-президент Н.Назарбаев үлкен теннисті жақсы ойнаған. Ал қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев кіші теннистің шебері. Ол 2016-2018 жылдары Үстел теннисі федерациясын басқарған болатын.

фото: akorda.kz сайтынан