ТҮРКІСОЙды енді қырғыз жазушысы басқарады
Бурса қаласында ТҮРКІСОЙ ұйымының кезектен тыс отырысы өтіп жатыр. Осы отырыс кезінде ТҮРКІСОЙдың бас хатшысы ауысты. Бұл туралы Malim.kz тілшісі хабарлайды.
Кеңес отырысына ТҮРКІСОЙ-ға мүше мемлекеттер өкілдері түгел қатысып, ұйымды 2008 жылдан бері басқарып келген Дүйсен Қасейіновке алғыс айтып, сый-сияпат көрсетті. Дүйсен Қасейінов те жиналғандарға алғыс айтып, ТҮРКІСОЙ-да істеген жылдарына, бірге болған әріптестеріне рахмет айтты.
Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдад Әміреев те қатысты. Ол да Қасейіновтің еңбек жолын жоғары бағалады және оның ақыл-ойын, еңбегін әлі де пайдалану керек деді.
"Бұл кісі ТҮРКІСОЙ-ды халықаралық брендке айналдырған адам. Дүйсен Қорабайұлының бай тәжірибесін, үлкен қабілетін Түркі әлемі үшін әлі де пайдалануымыз керек. Ал оның орнына келіп жатқан Сұлтан Раев мырза да - өте тәжірибелі адам. Екі рет Қырғызстанның мәдениет министрі болған. Қырғызстанда Шыңғыс Айтматовтан кейінгі мықты жазушы деп айтсақ болады. Бұл кісі де Дүйсен Қорабайұлының ісін жоғары деңгейде жалғастырады деп ойлаймын", - деді Бағдад Әміреев.
Жаңа бас хатшы Сұлтан Раев осы күнге дейін ТМҰ бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған. Қазір ұйымның жабық кеңесі өтіп жатыр. Сондай-ақ, жиында 2023 жылы Әзірбайжанның Шуша қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы болатыны да айтылды.