Жайна Сламбек: Әдеп сақтап, өңмеңдемей сауал қою керек деп бар жағдайда айта алмайсың

Журналист этикасы – бүгінгі басты назардағы мәселелердің бірі болып отыр.

Malim Админ

  • 28.02.2024

Журналист этикасы – бүгінгі басты назардағы мәселелердің бірі болып отыр. Осы тұрғыда журналист, тележүргізуші Жайна Сламбекқызы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Жайна ханым, журналистика саласында қызмет еткенінізге 30 жылға жуық уақыт болды. Біршама журналистпен әріптес болдыңыз. Бүгінгі журналистердің этикасы туралы не айтасыз?

Бұл өзі қазір күрделі мәселеге айналғандай. «Әдеп сақтап, өңмеңдемей сауал қою керек» деп бар жағдайда айта алмайсың. Күнделікті ақпарат тарататын журналист жиналыстан шығып, кабинетіне асыққан шенеуніктерден өзекті мәселелерге орай комментарий алуға жанталасады. Онымен қоса, бұл жалғыз емес, әріптестері кеу-кеулеп тұрады. Ондай сәтте сыпайылық таныту оңай емес... Дегенмен жалпыадамзаттық және кәсіби әдеп пен мәдениетті ешкім жоққа шығармайды. 

Мысалы зорлық-зомбылық көрген адамдардың бет-жүзін көрсетуге, аты-жөнін жариялауға болмайды. Ал балаларды ата-ана не қамқоршы рұқсатынсыз тіпті камераға түсіруге әрекет қылмау керек. 

Сонымен бірге қызмет пен адамның жеке өмірінің ортасындағы «шекарадан» өтпеу әдебі. Иә, билік тармақтарындағы қызметкерлердің, саясаткерлердің барлық қырынан, оның ішінде мораль жағынан кристалды таза болғанын қоғам талап етеді. Ондай талап қоюға моральды қақы бар. Алайда әсіресе, кәмелетке толмаған баласының өмірін «парақтауға» ешкімнің қақы жоқ. 

Кез келген мәселе бойынша, оның ішінде таласты дүниеде екі тарапты да (негізі қанша тарап болса, сонша) беру – бұлжытпай орындайтын міндет. Дегенмен екінші тарапқа да сөз беру қажет дегенде әрбір оқиғаны дара саралау керек. 

Мұны мынадай мысалмен өрнектеймін: Адам өлтірді деп күдікке ілінген бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты оқиға. Барлығы бәрін түсініп отырғанда кейбір әріптестеріміз күдіктінің адвокаттарынан «бәрі соншалықты анық емес, нюанстары бар» дегенге саятын интервью алып жатыр. Әрине, сот шешімінсіз ешкімді қылмыскер деп айтуға болмайды.

 Алайда тұрмыстық зорлықтың кесірінен қаншама адамның өмірі қиылатын қоғамда және бүкіл аргументтің темірдей екенін әрбір клеткаңмен түсініп отырғанда күдіктінің адвокаттарымен сол қорғаушылардың бірі сияқты сұхбат жазу - жұмсартып айтқанда, дұрыс емес. Іс сотқа жетті. Қылмыстың қаншалықты айуандықпен жасалғанын білетін күн алыс емес.

- Қазақ аудиториясы сараптамалық мақалаларға қарағанда, әншілер мен әртістердің өмірін көп оқиды деп жатады. Сәйкесінше кейбір ақпарат агенттіктері соны жазудан әрі аса алмай жүр...

Иә, танымал адамның өмірі, оның не істеп, не қойғаны жайлы контент және шоу бағдарламалар өтімді. Ондай материалдардың қаралымы да, оқырманы да көп. Бұл бүкіл әлемде солай. Біз халқымыздың саны көп болмағасын, әрі дамушы мемлекет ретінде басқалардан көбірек алаңдаймыз. Деградациядан қорқамыз. Бұл қисынды. Сондықтан медианың ағартушылық рөлі тіпті артқанын әрбір журналисттің түсінуі өте маңызды. Иә, қоғамдық-саяси сараптамалық материалдардың сапасын арттыру міндеті күн тәртібінен түскен жоқ.

- Сонда басты назарды қай бағытқа бұру керек?

Мен ғылым-білімге, адамзат дамуында аса маңызды рөл атқаратын жаңа технологиялар мен іргелі жаңалықтарға орай контент жасауға бел шешіп кірісу керек деп есептеймін. Екіншіден, жасөспірімдерге арналған контентті қолға алмасақ, болмайды. Балалар арасындағы суицид, буллинг тағы басқа уайымға салғызатын «жаралардың іріңі» ағып тұра бермесін десек, жасөспірімдер жақсылыққа құштар елгезек, ешнәрседен қорықпайтын, бүгежектемейтін батыл және кім болғысы келетінін анық білетін ізденімпаз болғанын қаласақ, осылай істеу – парыз. Жұмсақ, бірақ табанды жүргізсек, аудитория тартылады.

- Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғыс білдіреміз.

Байланысты жаналықтар

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024
MalimBlocks
Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.