7 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық зорлық-зомбылық пен қорқыту әрекеттері үшін жазаны қатаңдатуды көздейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, қабылданған. Енді Қылмыстық кодексте медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын жаңа бап енгізілді.
Құжат нормаларына сәйкес:
- зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (865 мыңнан 2 млн 162 мың теңгеге дейін), немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған;
- егер мұндай әрекет ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруға дейін қатаңдайды;
- өмір мен денсаулыққа қауіпті емес күш қолданған жағдайда 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (2 млн 162 мыңнан 4 млн 325 мың теңгеге дейін), немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған;
- өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолданғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді. Ал ауырлататын мән-жайлар болса, жаза 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар заңнамалық өзгерістермен қатар медициналық ұйымдарда қауіпсіздік шаралары да күшейтілуде.
Атап айтқанда, фельдшерлер бейнежетондармен қамтамасыз етіледі, қабылдау бөлімдеріне дабыл батырмалары орнатылады, бейнебақылау жүйелері интеллектуалды талдау жүйелерімен біріктіріледі. Бұдан бөлек, 152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттерінің жұмысы сақталады.
Медицина қызметкерлеріне шабуыл фактілері
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және денсаулық сақтау саласының басқа да қызметкерлеріне жасалған 280-нен астам шабуыл тіркелген.
2023 жылдың қазанында Көкшетау қаласында қызуы көтерілген балаға шақыртумен барған медицина қызметкерін екі ер адам соққыға жыққан.
2024 жылдың қаңтарында Қарағанды қаласының Майқұдық ауданындағы аулалардың бірінде ер адам жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрып-соққан. Оған арнайы көліктің қалай тұрақтағаны ұнамаған.
Сол жылдың қыркүйегінде Бейнеу ауданында мас күйдегі ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасап, полицияға да қарсылық көрсеткен.
Бірнеше айдан кейін, желтоқсанда Қостанай қаласында науқас әйелдің туыстары шақыртуға келген фельдшерді соққыға жыққан.
2025 жылдың маусымында 38 жастағы ер адам Қарағанды облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне шабуыл жасаған. Нәтижесінде медицина қызметкерлеріне ми шайқалуы, сүйек сынуы және түрлі жарақаттар диагнозы қойылған.
Ал жақында ғана Қызылордада медбикені ұрған әйел сотталған еді.