«Марбург Қазақстанда жоқ». Бас санитар қауіпті вирустың елімізде тіркелмегенін айтты
Дегенмен елге сырттан кіру жолдары бойынша ескертіп жатыр
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сарқат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте марбург вирусының Қазақстанға жетпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, жаңа вирустың белгілерінің арасында температура жоғары болады, бас және бұлшықет аурады. Үшінші күні диарея, іштің ауыруы, жүрек айнуы қосылады. Ал 5-7-ші күндерге жеткенде көптеген науқаста ауыр геморрагиялық симптом пайда болады. Олар қан жоғалтып, есінен танады. Ауру 8-9 күндерге жеткенде қайтыс болады.
Көші-қонның қарқынды жүріп жатқанын ескере отырып, инфекцияны елге әкелу жолдары жайлы ескертіп отырамыз. Біз аталған елдерге баратын қазақстандықтарды науқастармен байланысқа түспеуге, табиғат аясында ұқыпты болуға шақырамыз. Тексерілмеген ет жеуге болмайды. Жеке гигиенаны сақтап, алғашқы белгілер пайда болған сәтте медициналық көмекке жүгіну қажет, деді ол.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жарқанаттардан таралуы мүмкін жаңа қауіпті вирустың пайда болғанын хабарлаған еді. Марбург вирусының табиғи ошақтары – оңтүстік, батыс және орталық Африка, яғни, Оңтүстік Африка, Габон, Судан, Конго Республикасы, Либерия, Зимбабве, Гвинея, Кения және Руанда сияқты елдердің аумағы.
Марбург ауыр өтеді әрі өлімге әкелу жағдайы көп, геморрагиялық синдром пайда болып, бауырдың, асқазанның және орталық жүйке жүйесінің зақымдалуына әкеледі. Адамдар оны жарқанаттардан және науқастан жақын байланыста жұқтырады. Сарапшылардың айтуынша, вирус өте қауіпті: бүгінде оған қарсы вакцина да жоқ, емі де жоқ, емдеу тек симптоматикалық тұрғыда жүреді.
Фото: ortcom.kz