freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Израиль АҚШ-тың Түркияға F-35 жойғыштарын сатуына қарсы шықты

Әлем
Израиль АҚШ-тың Түркияға F-35 жойғыштарын сатуына қарсы шықты
Фото: Getty Images

Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың Түркияға бесінші буындағы F-35 жойғыш ұшақтарын беру жоспарын қолдамайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, мұндай қадам Таяу Шығыстағы әскери тепе-теңдікке кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

CNN телеарнасына берген сұхбатында Нетаньяху Түркияның қазіргі сыртқы саясатын сынға алып, Анкараны аймақтағы тұрақтылықты нығайтатын мемлекет ретінде қарастырмайтынын айтты. Сондай-ақ ол F-35 ұшақтарының Түркияға берілуі өңірдегі күштер арасындағы тепе-теңдікті өзгертуі ықтимал екенін жеткізді.

Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп НАТО саммиті кезінде Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуде Анкараға қатысты санкцияларды қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді.

«Достарымызға қарсы санкция қолданғымыз келмейді. Сондықтан бұл шектеулерді алып тастау мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді Трамп.

Сонымен қатар Ақ үй басшысы Түркияға F-35 жойғыштарын сату мүмкіндігі де талқыланатынын айтып, бұл нұсқа толықтай жоққа шығарылмайтынын жеткізді.

Еске салсақ, 2019 жылы Түркия Ресейден С-400 әуе қорғанысы жүйесін сатып алғаннан кейін АҚШ оған қарсы санкциялар енгізіп, F-35 бағдарламасынан шығарған болатын. Кейін АҚШ Конгресі Анкара С-400 кешендерін пайдалануды тоқтатпайынша, Түркияға F-35 ұшақтарын сатуға заң жүзінде тыйым салды.

Вашингтонның түсіндіруінше, ресейлік С-400 жүйесін НАТО қару-жарағымен, әсіресе F-35 ұшақтарымен қатар пайдалану олардың құпия технологиялары мен радиолокациялық сипаттамалары туралы ақпараттың сыртқа шығуына қауіп төндіруі мүмкін.

Өз кезегінде Ердоған НАТО саммитінің қорытындысында F-35 мәселесі бойынша оң шешім қабылдануы ықтимал екенін айтты. Оның сөзінше, бұл тақырып АҚШ-пен бірнеше мәрте талқыланған және белгілі бір кепілдіктерге қол жеткізілген.

Түркия президенті сондай-ақ Дональд Трамптың бұрын берген уәделерін орындайтынына сенім білдіріп, екі ел арасындағы келіссөздер оң нәтижеге жеткізеді деген үмітін жеткізді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу