Ақмола облысында жеті баланың әкесі Айжалғас Қайруллинов екі жарым айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткен. Қазіргі таңда оны іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға Біржан сал ауданына қарасты Кеңащы ауылында тіркелген. 31 жастағы ер адам кешкі уақытта үйінен шығып, содан бері қайта оралмаған. Ұлының жоғалуына байланысты анасы аудандық полиция бөліміне арыз түсірген.
Хабарлама түскен бойда құқық қорғау органдары жедел-іздестіру шараларын бастаған. Іздеу жұмыстарына облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар қызметі, еріктілер, марқұмның туыстары мен ауыл тұрғындары жұмылдырылған.
Сонымен қатар тергеу аясында бірнеше нұсқа, оның ішінде үшінші тұлғалардың қатысуы мүмкін деген болжам да қарастырылған. Тергеушілер жоғалған күні Айжалғас Қайруллиновты көрген азаматтарды анықтап, оның жақын ортасын сұрастырған.
Қазіргі уақытта іздеу шаралары тоқтатылған жоқ. Жоғалған азаматтың фотосуреті өзге өңірлердегі полиция бөлімшелеріне жолданып, еріктілер арқылы әлеуметтік желілерде кеңінен таратылуда.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды кез келген маңызды ақпаратты полицияға хабарлауға шақырды.