freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Мұғалімдер Reels салып, WhatsApp-та жауап беруге міндетті емес": Асхат Аймағамбетов қуанышты хабарын жеткізді

Білім-ғылым
"Мұғалімдер Reels салып, WhatsApp-та жауап беруге міндетті емес": Асхат Аймағамбетов қуанышты хабарын жеткізді
Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Елімізде педагогтердің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы дайындалды. Енді мұғалімдерді әлеуметтік желіге Reels түсіруге мәжбүрлеуге және жұмыс уақытынан тыс кезде WhatsApp арқылы жауап беруге міндеттеуге жол берілмейді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads платформасында мәлімдеді.

"Педагогтерді рилс түсіруге мәжбүрлеуден, түнде және жұмыс уақытынан тыс уақытта WhatsApp-та жауап беруге міндеттеуден, есепті электронды және қағаз жүзінде қайталап тапсырудан қорғау үшін арнайы заң жобасын әзірледік. Енді заң жобасын жұмысқа қабылдаймыз. Келесі аптадан бастап жұмыс тобында талқылауды бастаймыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Ұстаздар артық міндетпен емес, сапалы білім мен сананы тәрбиемен айналысуы тиіс", – деді депутат.

Сонымен қатар бұған дейін білім беру саласында басқарушы кадрлар жетіспеушілігі де өткір күйінде қалып отырғанын жазған едік. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім басқармаларының қатысуымен өткен алқа отырысында республика бойынша 490 мектеп директорының орны бос тұрғанын хабарлады.

Директор тапшылығы әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында айқын байқалады. 2025 жылғы тестілеу нәтижесі бойынша, мектеп директоры болуға үміткерлердің тек 21 пайызы ғана талаптан өткен. Яғни бес адамның төртеуі басқарушылық құзыреттілік бойынша сынақтан өте алмаған.

Сондай-ақ бұған дейін министр мектеп директорларын екі оқу жылына ғана тағайындау туралы бастама көтерген. Ұсыныс қоғамда қызу пікірталас туғызды.

Ұсынылған жаңа тәртіп бойынша:

  • директор алғашында 2 оқу жылына тағайындалады;
  • жұмысы оң бағаланса, тағы 2 жылға ұзартылуы мүмкін;
  • бір мектепті 4 оқу жылынан артық басқаруға рұқсат берілмейді.

Министрдің айтуынша, бұл халықаралық тәжірибеге сай модель. Мысалы, Сингапур мен Финляндияда директорлар белгілі бір мерзімнен кейін ротацияға жіберіліп, білім саласында ментор немесе сарапшы ретінде жұмысын жалғастырады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу